Accessibility links

Египетте "Мұсылман бауырлар" ұйымының ондаған мүшесіне өлім жазасын кесті


Египеттің биліктен тайдырылған президенті Мұхаммед Мурсидің суретін ұстап тұрған адам. Каир, 25 қаңтар 2015 жыл. (Көрнекі сурет.)
Египеттің биліктен тайдырылған президенті Мұхаммед Мурсидің суретін ұстап тұрған адам. Каир, 25 қаңтар 2015 жыл. (Көрнекі сурет.)

Египет соты "Мұсылман бауырлар" исламшыл қозғалысының 75 мүшесіне өлім жазасын кесті. Олардың 41-і қамауда отыр, 31 адамға үкім сырттай шығарылған. Сот үкімін Египеттің жоғарғы мүфтиіне бекітуге енгізген. Өлім жазасына кесілгендердің барлығы 2013 жылы Египетте президент Мұхаммед Мурсидің қызметінен шеттетілуімен келіспей, көшеге шеруге шыққан наразылар мен полиция күші арасында қақтығыстар болған кезде қылмыс жасаған деген айыппен сотқа тартылғандар.

2013 жылы тамызда болған наразылық шерулері кезінде кісі өлтіру, вандализм қылмыстарына барған деген айыптар жалпы саны 700-ден астам адамға тағылған. Бұл іс бойынша келесі сот отырысы биыл қыркүйек айында өтпек.


Amnesty International құқық қорғау ұйымының мәліметінше, Египетте 2013 жылғы тамызда наразылар мен полиция арасында болған қақтығыстар барысында 800-ден көп демонстрант ажал құшқан. Египет билігі 40-тан астам полиция қызметкері қаза тапқан, наразылардың көбінде қару болған дейді.

Египетте 2013 жылы шілдеде әскерилер елдегі негізгі исламшыл саяси күш – "Мұсылман бауырлар" қозғалысынан ел президенті болып сайланған Мұхаммед Мурсиді биліктен тайдырғаннан кейін наразылық шерулері басталған. Сол жылы қыркүйекте билік "Мұсылман бауырлар" қозғалысының қызметін заңсыз деп танып, оның қаржы-мүлкін тәркілеген. Ал жыл соңына қарай "Мұсылман бауырлар" қозғалысын террористік ұйым деп жариялаған.

2015 жылы сәуірде Каир соты экс-президент Мұхаммед Мурси мен оның бірнеше серігіне өлім жазасын кескен. Халықаралық қауымдастықтың қысымынан соң 2016 жылы маусымда Египет соты үкімді өзгертіп, Мурсиге өмірлік түрме жазасын тағайындаған. 2017 жылғы желтоқсанның соңында "әділет жүйесінің беделін түсіргені" үшін Мурсидің жазасына тағы үш жыл қосылған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG