Accessibility links

ҰҚК: Сирия мен Иракта 800-ге тарта қазақстандық жүр


Сирияға кетті деген қазақстандық "жиһадшы" Марат Мәуленовтің (оң жақта) әлеуметтік желі арқылы тараған видеосынан скриншот (Көрнекі сурет).
Сирияға кетті деген қазақстандық "жиһадшы" Марат Мәуленовтің (оң жақта) әлеуметтік желі арқылы тараған видеосынан скриншот (Көрнекі сурет).

Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) соңғы мәлімет бойынша, Сирия мен Иракта соғыс басталғалы Таяу Шығысқа 800-ге тарта қазақстандық кеткенін хабарлады. Азаттықтың ресми сауалына жолдаған жауабында ҰҚК Сирия мен Ирактағы халықаралық террорлық ұйымдарда 120 ер адам, 250-ден астам әйел және 500 бала барын айтады.

Арнайы қызмет Сирия мен Ирактағы соғыста нақты қанша қазақстандық қаза тапқанын білмейді. ҰҚК-де бар дерек бойынша, тек Сириядағы халықаралық террорлық ұйымдар сапында соғысқан 260-тан астам қазақстандық қаза болған.

Ресми мәлімет бойынша, қарулы қақтығысқа заңсыз қатысқаны үшін Сирияда 60-қа таяу, Иракта шамамен 20 қазақстандық қамауда отыр.

Биыл наурызда ҰҚК төрағасының орынбасары Нұрғали Білісбеков Сириядан 125 қазақстандықтың оралғанын, 57 адам қамауда отырғанын, қалғандарының бақылауда екенін айтқан.

Осыған дейін Азаттықта жарияланған мақалаларда баласы Сирияда қаза болғанын, сонда қалған келіні мен немерелерін Қазақстанға қалай қайтаруды білмей жүргенін айтып бірнеше ата-ана шағымданған.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG