Accessibility links

Шымкентте пойыз бөгеліп, жолаушылар вокзалда түнеді


Шымкент теміржол вокзалында пойыз күтіп отырған жолаушылар. Шымкент, 1 тамыз 2018 жыл.

Шымкентте теміржол вокзалында пойыз кестеден кешігіп, жүздеген жолаушы вокзалда және далада түнеп шықты. Вокзалда отырған жолаушылардың Азаттық тілшісіне айтуынша, олар Астанаға кеше, шілденің 31-і күні кешкі сағат 8:20-да жүруі тиіс болған. Алайда Жамбыл облысы аумағында жүк пойызының рельстен шығып кетуіне байланысты пойыз бөгелген.

Шымкент теміржол вокзалы директорының орынбасары Есімжан Байырбекұлының сөзінше, қазір Шымкент-Астана және Қызылорда-Петропавл бағыттарындағы пойыздар кестеден кешігіп жатыр. Астана-Шымкент бағытындағы пойыз кеше кешкі сағат 19:10-да Астанадан келіп, сағат 20:20-да Астанаға қайтып шығуы тиіс болған. Ал Петропавл-Қызылорда пойызы кеше сағат 22:40-та Қызылордаға жетіп, қайта кері шығып, жолай Шымкентке аялдауы керек болған.

Есімжан Байырбекұлының айтуына қарағанда, болжам бойынша Астана бағытына пойыз сағат 13:30-да шығады.

Вокзал басшысы Шымкент-Астана пойызының 97 жолаушысы билетін қайтарып бергенін, қазір тіке Астанаға және Қызылордадан келетін пойызға билет алған 200-дей жолаушы пойыз күтіп отырғанын айтты.

"Қазақстан теміржолы" компаниясы кеше сағат 8:05-те Жамбыл облысының аумағындағы Қашқантеңіз-Жастар өткелінің Мойынты-Шығанақ бөлігінде жүк пойызының вагондары рельстен шығып кеткенін хабарлаған. Төтенше оқиға салдарынан бес жолаушылар пойызы бөгелген.

Компания ақпаратына қарағанда, жүк вагондарының рельстен шығуына бір вагонның жанама рамасының сынуы себеп болған. Қазір бұл оқиғаны тексеретін арнайы комиссия құрылған.

17 маусым күні сағат 13:25-те Жамбыл теміржол бөлімінің Сарышаған - Шу бөлігінде Астанадан Алматыға келе жатқан №9 жолаушылар пойызы жолдан шығып кеткен. 20 вагон рельстен шығып кетіп, екеуі жанына аударылған. Төтенше оқиға салдарынан бір жасөспірім қаза тауып, 23 жолаушы жараланған.

  • 16x9 Image

    Дилара ИСА

    Дилара - Азаттықтың Шымкенттегі тілшісі. 1986 жылы туған. Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті мен Абай атындағы ҚазҰПУ-ді бітірген.

    "Жас Алаш" газетінде жұмыс істеген.

    Азаттықпен 2012 жылдан бері әріптес.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG