Accessibility links

Қазақстандағы "саяси тұтқындар" тізімі жаңарды


Мұратбек Тұңғышбаев, Қазақстанда "саяси тұтқын" деп танылған белсенділердің бірі.

Қазақстандық құқық қорғаушылар Қазақстандағы "саяси тұтқын" деп танылғандардың жаңартылған тізімін жариялады. Құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожинаның Facebook-тегі парақшасында хабарлауына қарағанда, 25 шілде күні құқық қорғаушылардан құралған сарапшылар кеңесі саяси тұтқындар тізіміне қамауда отырған белсенділер мен блогерлер - Алмат Жұмағұлов, Кенжебек Әбішев, Авлобас Жұмаев, Әсет Нұржаубай, Мұрат Тұңғышбаев және Әсет Әбішевті қосқан.

Алмат Жұмағұлов пен Кенжебек Әбішев 2017 жылдың 29 қарашасынан бері Алматыда тергеу абақтысында қамауда отыр. Олар "араздық тудырды" және "терроризмді насихаттады" деген күдікке ілінген.

Ақтаулық белсенді Авлобас Жұмаев да "араздық тудырды" және "билікті басып алуға шақырды" деген күдікпен 2018 жылдың 11 мамырынан бері қамауда отыр.

Оқи отырыңыз: Тelegram чаты үшін қамалған Жұмаевтың соты басталды

Алматылық белсенділер Әсет Нұржаубай мен Әсет Әбішев және азаматтық белсенді әрі блогер Мұрат Тұңғышбаев "қылмыстық топты қаржыландырды" және "сот тыйым салған ұйымның қызметіне қатысты" деген күдікке ілінген. Тұңғышбаев маусымның соңында Қырғызстаннан экстрадицияланып, содан бері Алматыда қамауда отыр. Әсет Нұржаубай сәуірде, Әсет Әбішев шілденің 7-сінде қамауға алынған.

Құқық қорғаушылар бұған дейінгі "саяси тұтқындар" тіізімі өзгергенін айтады. Бұған дейін "саяси тұтқын" деп танылған белсенділер Талғат Аян, Әмин Елеусінов, Нұрбек Құшақбаев пен журналист Әсет Матаев және ғалым Саят Ыбырай қамаудан, ал Ақмарал Тобылова үйқамақтан босатылған. Ал шымкенттік белсенді Ардақ Әшім психиатрлық емханада мәжбүрлі емдеуден босаған. Кеше Шығыс Қазақстан облыстық соты құқық қорғаушы Вадим Курамшинді мерзімінен бұрын шартты түрде босату туралы шешім шығарған.

Дегенмен, құқық қорғаушылар тізімдегі басқа да саяси тұтқындардың жағдайы өзгермегенін, ал тізімнің жаңа есімдермен толығып жатқанын айтады.

Қазақстанда алғашқы саяси тұтқындар тізімі 2013 жылы жасалған. Құқық қорғаушылар саяси тұтқын деп танығандар қатарында ақын әрі диссидент Арон Атабек, "Қазатомөндіріс" компаниясының бұрынғы басшысы Мұхтар Жәкішев бар.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG