Accessibility links

Трамп-Путин кездесуін мақтаған америкалық сенатор Мәскеуге барады


Рэнд Пол, америкалық республикашыл сенатор.
Рэнд Пол, америкалық республикашыл сенатор.

Ресей сыртқы істер министрінің орынбасары Сергей Рябков тамыздың 6-сында Мәскеуде америкалық сенатор, таяуда Хельсинкиде өткен АҚШ пен Ресей президенттерінің кездесуін мақтаған аз ғана конгресменнің бірі Рэнд Ролмен кездеседі.

Кездесу өтетінін Рябков 2 тамызда "Интерфакс" агенттігіне берген сұхбатында айтты. Рэнд Полдың кеңсесі де кездесу өтетінін растады. Ресейлік БАҚ Рэнд Пол Ресей депутаттарымен кездесетін АҚШ делегациясын бастап келетінін хабарлап жатыр.

Республикашыл Рэнд Пол шілденің 16-сында Хельсинкиде өткен АҚШ президенті Дональд Трамп пен Ресей президенті Владимир Путиннің кездесуін құптаған.

АҚШ-та көптеген саясаткерлер, тіпті республикашылдардың біразы Трамптың кездесуде Ресейді 2016 жылы АҚШ президенті сайлауына киліккенін айыптамағанын қатты сынаған.


Рэнд Пол кеңсесі Трампты "дипломатияның жақтаушысы" екенін айтып, оның "әлемдегі мәселелерге араласқанын қалайтынын" білдірді. Бірақ сенатордың Мәскеуге сапары, оның ішінде делегация құрамында кімдердің болатыны туралы айтпады.

АҚШ-тың республикашыл конгресмендері соңғы бірнеше аптада Мәскеуге осымен екінші рет барайын деп отыр. Алғаш сенаторлар мен Ақ үй өкілдерінің делегациясы Ресейге шілденің басында сапарлап барған.

Дональд Трамп сияқты Рэнд Пол да бұған дейін АҚШ-тың қарсыластарымен жауықпай, диалог орнатқанын жақтайтынын бірнеше рет мәлімдеген. Ол Ресей АҚШ-тағы президент сайлауына килікті деген тұжырым жасаған америкалық барлау қызметіне күдік келтірген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG