Accessibility links

"Мемориал" 29 Иегова куәгерін саяси тұтқын деп таныды


"Иегова куәгерлері" діни қауымы өкілдері құлшылық етіп тұр. Мәскеу, 2014 жыл.
"Иегова куәгерлері" діни қауымы өкілдері құлшылық етіп тұр. Мәскеу, 2014 жыл.

Ресейлік "Мемориал" құқық қорғау орталығы экстремизм айыбы тағылған "Иегова куәгерлері" діни қауымының 29 жақтаушысын саяси тұтқын деп танып, оларды дереу босатуға шақырды.

2017 жылы Ресей Жоғарғы соты "Иегова куәгерлері" діни қауымын экстремистік ұйым деп таныған. Сол кезден бері, "Мемориал" орталығының дерегінше, діни қауымның 39 жақтаушысы қылмыстық айып бойынша қудалауға түскен. Билік олардың көбіне бұлтартпау шарасын қолданған: 23 адамды тергеу абақтысына қамап, алты адамды үйқамаққа алған.

Қамауға алынғандардың барлығына дерлік Қылмыстық кодекстің "Экстремистік қызметті жүзеге асыруына байланысты оған қатысты жою туралы шешім қабылданған діни ұйымның іс-әрекетін ұйымдастыру" бабы бойынша айып тағылған. Бұл бапта 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.


"Мемориал" құқық қорғау орталығы Жоғарғы соттың шешімінде "дінге сенушілердің Ресей федерациясының қауіпсіздігіне қатер төндіретіндей қоғамдық тәртіпті бұзғаны, агрессия танытқаны немесе зомбылық іс-әрекетін жасағаны туралы бір де бір дерек келтірілмегендігін" жеке атап көрсеткен.

Иегова куәгерлерінің іс-әрекетін "экстремистік" деп жариялауға сот негіз қылған жалғыз нәрсе – бұған дейін ресейлік соттар тыйым салған діни әдебиетті таратуы. Бірақ ол тыйымдар "кез-келген діни ұйымның табиғи қасиеті саналатыны тәрізді Иегова куәгерлерінің де өз діни сенімінің дұрыстығына деген кәміл сенетіндігіне байланысты оларға діни алауыздықты өршіту айыбын таңуға негізделген" деп санайды "Мемориал".

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG