Accessibility links

Daimler санкцияға байланысты Иран нарығынан кетпек


Германияның Daimler автоконцерні құрастырған жүк көліктері.
Германияның Daimler автоконцерні құрастырған жүк көліктері.

Германияның Daimler көлік концерні АҚШ санкциясынан соң Ирандағы жұмысын тоқтатты. АҚШ президенті Дональд Трамп бұған дейін Иранмен жұмыс істейтін кез-келген компанияның ел нарығына кіруіне тыйым салатынын мәлімдеген еді.

"Біз Ирандағы онсыз да шектеулі жұмысымызды санкцияларға байланысты тоқтатамыз" деп мәлімдеді Daimler концернінің баспасөз хатшысы. Концерн Иранда жергілікті екі компаниямен бірлесіп Mercedes-Benz жүк көліктерін құрастырмақ болған еді.

Daimler Ираннан бір жағынан Трамп санкцияны бұзғандарға шара қолданылатынын ескерткен тұста, екінші жағынан Еуропа Одағының (ЕО) басшылары Иранмен іскерлік қатынасты қолдауға және 2015 жылы Тегеранмен жасасқан ядролық келісімі бойынша міндеттемелерін орындауға уәде берген кезде кетіп отыр.

ЕО еуропалық компаниялардың Ирандағы бизнесін сақтап қалуы үшін тиісті шаралар жасап жатқанына қарамастан Daimler-ге дейін Ираннан бірнеше ірі компания кетіп қалған. Daimler АҚШ-пен іскерлік қарым-қатынасты жоғары бағалайтынын мәлімдейді. Бұған дейін француздық Total мұнай компаниясы, PSA және Renault автоконцерндері де Ираннан кететінін мәлімдеген. Ал ұшақ жасайтын еуропалық Airbus компаниясы Вашингтон Иранға санкция салуды қайта қарастыратынын мәлімдеген соң бұл елге ұшақ жеткізуді тоқтатқан.

Трамп АҚШ-тың Иранмен жасасқан ядролық келісімінен шығатынын 2018 жылы сәуірде жариялаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG