Accessibility links

Министр: Гранттан қағылған спортшылар мәселесін қараймыз


Арыстанбек Мұхамедиұлы, мәдениет және спорт министрі.
Арыстанбек Мұхамедиұлы, мәдениет және спорт министрі.

Мәдениет және спорт министрлігі Алматыдағы Туризм және спорт академиясына грантқа ілінбей қалған талапкерлер мәселесін шешуді қарастырып жатыр. Бұл туралы мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлына сілтеме жасаған жергілікті агенттіктер хабарлады.

13 тамызда Алматыда ондаған ата-ана Туризм және спорт академиясына жиналып, балаларының спорттағы жетістіктеріне қарамастан грантқа ілінбей қалғанына наразылық танытқан еді. Ата-аналар "спортта еш жетістігі жоқ болса да" Ұлттық бірыңғай тесттен жоғары балл алған басқа талапкерлер грантқа ие болғанын айтқан.

Арыстанбек Мұхамедиұлы Білім және ғылым министрлігімен бірлесіп, комиссия құрып, мәселені шешетіндерін айтты.

Оқи отырыңыз: Спортта ілгерілер грантсыз қалғанына наразы

Туризм жəне спорт академиясының проректоры Мұхтар Есқалиев биылғы жылға дейін негізгі конкурс жоғарғы дәрежедегі спортшылар, соңғы үш жылдағы халықаралық және республикалық жарыстардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері арасында болғанын айтқан. "Негізгі конкурс осылардың арасында болатын да, спортқа қатысы бар жасөспірімдер оқуға түсетін. Биыл сол заңға өзгеріс енді де, жетістікке тек балы тең түскен жағдайда ғана басымдық берілетін болды. 2018 жылдың шілде айында "Білім туралы" заңның 26-бабы 5-тармағына тиісті өзгеріс енді. Яғни, енді жалпы білім беретін мектептердің түлектері, кім жоғарғы балл жинаса сол оқуға түсіп тұр", - деген Мұхтар Есқалиев.

Проректордың сөзінше, биыл республикада спортшыларды 42 жоғарғы оқу орны дайындайды, оларға жалпы 450 грант бөлінген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG