Accessibility links

Спортта ілгерілер грантсыз қалғанына наразы


Грантқа түспей қалған Регина мен анасы Людмила Мельникова журналистерге сұхбат беріп тұр. 13 шілде 2018 жыл.

Тамыздың 13-і күні Алматыдағы Туризм жəне спорт академиясының алдында ондаған ата- ана жиналды. Олар балаларының спорттағы жетістіктеріне қарамастан грантқа түспей қалғандарына наразы. Оқу орны басшылығы гранттар «Білім туралы» заңға сай бөлінгенін айтады.

«ҚАЗАҚСТАН ЧЕМПИОНЫ БОЛСАМ ДА, ГРАНТСЫЗ ҚАЛДЫМ»

Алматы облысындағы мектептердің бірін бітірген Үкілай Ахмет бес жылдан бері джиу-джитсумен айналысады. Ол Қазақстан чемпионатында және халықаралық жарыстарда жеңіске жеткенін айтады.

- Төрт рет Қазақстан чемпионы болдым және Азия чемпионы атандым. ҰБТ-дан екі пән бойынша 34 балл алдым және шығармашылық емтиханнан 80 балл жинадым. Сонда барлығы 114 балл болып тұр. Бірақ грантқа түспедім. Ал грантқа 115 балл алғандар түсіпті,- дейді Үкілай.

Гүлнар Мұратбекованың еркін күреспен айналысатын ұлының есімі биыл грантқа түскендер тізімінде болмай шықты. Баласы – спорт шеберлігіне кандидат.

- Балам 113 балл жинап, осы академияға тапсырдық. Соның өзінде түспей қалды. Ол 3-сыныптан бастап еркін күреспен айналысады. Икемі болған соң 7-сынапта республикалық спорт колледжіне оқуға түсті. Соны аяқтап академияға келіп едік, түспей қалдық. Естуімізше спортта еш жетістіктері жоқтардың өзі оқуға түскен. Балаға обал ғой. Ұлым облыстық жарыстардың жүлдегері, спорт шеберлігіне кандидат, - дейді ол.

Баласы грантқа түспей қалған ата-ана Гүлнар Мұратбекова. Алматы, 13 тамыз 2018 жыл.
Баласы грантқа түспей қалған ата-ана Гүлнар Мұратбекова. Алматы, 13 тамыз 2018 жыл.

Алматы облысының тұрғыны Людмила Мельникованың қызы Регина ат спортымен айналысады. Қазақстан атынан бірнеше халықаралық жарысқа қатысқан. Ол қызының спорттағы жетістігі еленбей қалғанына қынжылады.

- Бізге биыл заң өзгерді, өзге балалармен жағдайларың бірдей болды дейді. Неге олай болды? Біздің балалар күнделікті екі сағатын спортқа береді, жаттығулары, жарыстары бар. Қаншама уақыты мен күшін жұмсайды. Әрине, ҰБТ-дан балл төмен болады. Себебі пән бойынша дайындыққа мүлдем уақыттары жоқ. Ал жай мектептің баласы бір жыл бойы тестке дайындалады. Ақыр аяғында екеуін де теңестіріп тастаған. Бұл – әділетсіз ғой, - дейді Людмила Мельникова.

«ГРАНТ ЖИНАҒАН БАЛЛ БОЙЫНША БЕРІЛЕДІ»

Жиналғандар алдына шыққан Туризм жəне спорт академиясының проректоры Мұхтар Есқалиев осындай наразылық боларын сезгендерін айтады. Академия өкілдері де биылғы жылы заңға енген өзгеріске өздері де мәз емес.

- Бұған дейін жоғарғы дәрежедегі спортшыларымыз, соңғы үш жылдағы халықаралық және республикалық жарыстардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері басымдыққа ие болатын. Негізгі конкурс осылардың арасында болатын да, спортқа қатысы бар жасөспірімдер оқуға түсетін. Биыл сол заңға өзгеріс енді де, тек қана балдары тең болған жағдайда да ғана спорттық жетістіктері басымдылыққа ие болады. Биыл, 2018 жылдың шілде айында Қазақстанның «Білім туралы» заңының 26- бабының 5-тармағына тиісті өзгеріс енді. Яғни, грант жинаған балл бойынша беріледі. Егер балл тең болған жағдайда ғана басқа жетістіктері ескеріледі, - дейді Мұхтар Есқалиев.

Туризм жəне спорт академиясының проректоры Мұхтар Есқалиев. Алматы, 13 тамыз 2018 жыл.
Туризм жəне спорт академиясының проректоры Мұхтар Есқалиев. Алматы, 13 тамыз 2018 жыл.

Проректордың сөзінше, республика бойынша спорт және дене шынықтыру саласына 450 грант бөлінген және оның көбін спортқа қатысы жоқ балалар иеленген.

- Спортқа кішкентайынан қатысқан балаларға басымдық бергені дұрыс еді. Бірақ заңдағы өгеріс осындай. Оның үстіне, Мәдениет және спорт министрлігінің зерттеуі бойынша биылғы жылы бізге мыңнан аса дене шынықтыру және спорт саласы бойынша мамандар қажет еді. Қазір осы салада жүрген мамандардың 20 пайыздан астамы зейнет жасында я зейнеткерлік жасқа таяп қалғандар. Біздің мониторинг бойынша бес жылдан кейін бұл сан ұлғая түседі. Сондықтан біз спорт және дене шынықтыру мамандарын көбейтуіміз керек,- дейді Туризм жəне спорт академиясының проректоры Мұхтар Есқалиев.

Балалары грантқа ілінбей қалған ата-аналар Туризм және спорт академиясының алдында жиналып тұр. Алматы, 13 тамыз 2018 жыл.
Балалары грантқа ілінбей қалған ата-аналар Туризм және спорт академиясының алдында жиналып тұр. Алматы, 13 тамыз 2018 жыл.

40-тан астам спорт түрінен үш мыңнан аса студент білім алатын академияда ақылы оқу бөлімдері де бар. Бір жылдық оқу ақысы - 500 мың теңге. Жоғарғы оқу орны басшылығы оқу ақысының жыл сайын өсуі мүмкін екенін жоққа шығармайды.

Ал Білім және ғылым министрлігінің мемлекеттік тапсырыстарды реттеу бөлімі жетекшісі міндетін атқарушы Қарлығаш Исмағұлова грантты бөлу заң аясында жүргізілетінін айтады.

- Биыл грантқа спорттық жарыстарда жеңіске жеткен 874 адам қатысып, оның 210-ы грантқа ие болды. Ресбуликалық бюджет есебінен белгіленетін білім грантынан бөлек, өткен жылдан бері жергілікті бюджет есебінен грант беру жүріп жатыр. Қазір жергілікті атқарушы органдар тамыздың 11-15 аралығында жергілікті гранттарына конкурс өткізіп жатыр. Министрлік тарапынан арнайы хат жібердік. Хатта, алдымен, спорт жарыстарында жеңген балаларды қолдау туралы айтылды, - деді ол.

Министрлік өкілі мамандардың қажеттілігіне қатысты зерттеуден кейін спорт және дене шынықтыру саласына бөлінетін гранттар саны азайғанын айтады.

- Грантты бөлу үшін, алдымен, әр мамандық бойынша оның қажеттілігі зерттеледі. Бұл жерде дене шынықтыру және спорт саласының мұғалімдері туралы айтып отырмыз. Ұлттық білім базасы мәліметтеріне сәйкес, дәл осы мамандыққа биыл тек 450 орын қажетті болып шықты, - дейді Қарлығаш Исмағұлова.

Тамыздың 6-сы күні Қазақстанда Білім гранттарын тағайындайтын республикалық комиссия жұмысын аяқтаған. 51 мыңға жуық талапкер мемлекеттік бюджет есебінен түскен.

Білім және ғылым министрлігінің мәліметінше, биыл гранттарын тағайындау конкурсына 75 мыңға жуық талапкер қатысқан. Олардың 60 мыңы - қазақ, 14 мыңы - орыс, 293-і ағылшын тілінде білім алуға өтініш білдірген.

2017 жылы 31 мыңнан астам қазақстандық талапкер грантқа түскен. Білім және ғылым министрлігі 2019 жылы грант саны тағы да 20 мыңға өсетінін мәлімдеген.

  • 16x9 Image

    Мәншүк АСАУТАЙ

    1980 жылы туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

    Қарағанды қаласындағы жергілікті телеарнада қызмет еткен. 2004 жылдан бері Азаттықтың тілшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG