Accessibility links

«Алтын белгі» иелерін медициналық оқу орындары қабылдамай жатыр


Асфендияров атындағы қазақ ұлттық медициналық университеті ректорының кабинеті алдына жиналған наразы ата-аналар. Алматы, 24 тамыз 2017 жыл.
Асфендияров атындағы қазақ ұлттық медициналық университеті ректорының кабинеті алдына жиналған наразы ата-аналар. Алматы, 24 тамыз 2017 жыл.

Мектепті «Алтын белгіге» бітірген абитуриенттер мен олардың ата-аналары «грантқа ілінгендерімен, оқу орындары қабылдамай жатқанын» айтады. Ал денсаулық сақтау министрі «мәселені шешіп жатқандарын» мәлімдеді.

«Алтын белгі» алған, білім гранттарын иеленген түлектерді Асфендияров атындағы қазақ ұлттық медициналық университеті «оқуға қабылдамай жатыр» деген ақпарат шыққан бетте Азаттық тілшісі Алматыдағы осы оқу орнына барған еді. Университет ғимаратында білім гранттарының оқу сертификатын ала алмай жүрген 30 шақты наразы ата-ана ұшырасты. Олардың кейбірінің жанында грант иеленген балалары да жүр.

Ректордың қабылдау бөлмесінде өзін «Шымкенттен келдім» деп таныстырған Фарида есімді келіншек «қызым ҰБТ-дан 108 бал жинаған және «Алтын белгі» иегері, грант тізімінде аты-жөніміз болғанымен, сертификат ала алмай отырмыз» деді қынжылысты кейіппен.

Кейін тамыздың 14-і күні жарияланған тізімде Астана медицина университеті гранттар тізімінде жүр. Бірақ біздің қолымызға ешқандай сертификат берілмей отыр.

- Қызымның аты-жөні алғашқы, тамыздың 10-ы шыққан тізімде Алматыдағы Асфендияров атындағы медициналық университеттің грантына ілінгені жазылған. Кейін тамыздың 14-і күні жарияланған тізімде Астана медицина университеті гранттар тізімінде жүр. Бірақ біздің қолымызға ешқандай сертификат берілмей отыр. Ал Астана қаласына, білім министрлігіне хабарлассақ, «сіздің қызыңыз «Алтын белгі» болғандықтан, компьютер оқымай тұр. Сол себепті сіздердің бірінші таңдаған оқу орнына түсуге қақыларыңыз бар» деп жауап берді. Бірақ мыналар сертификат бермей отыр. Ертең біз Астанаға барғанда ол жақ сертификат жоқ деп қабылдамай қойса не істейміз? - деп күйінеді.

АЛМАТЫДАҒЫ АТА-АНАЛАР РЕНІШІ

Ректор кабинеті алдында Фаридамен бірге кезек күтіп отырған, Қазақстанның әр аймағынан келген ата-аналардың басындағы жағдай ұқсас. Араларында Асфендияров атындағы университетінің оқу сертификатын алып алғандар да бар болып шықты. Олардың проблемасы – тізімде басқа оқу орны көрсетілген. Ал өзін «Кенже Оразай» деп таныстырған ер адам «баласы 123 балмен Асфендияров атындағы университетке түскенін, сертификаты келгенін, бірақ оқу орыны қабылдамай отырғанын» айтады.

- 14 тамыз күні газетте жарияланған тізімде баламның аты Астана медицина университетінің гранттар тізімінде тұрды. Біз оған қарсы болмадық. Бірақ бізге өтініш жазсақ осында (Асфендияров атындағы медуниверситетті айтады-ред.) грантта қалуға болатындығын айтты. Өтініш жаздық. Кеше осында баламыздың грантқа түскені туралы сертификат келді. Көзімізбен көрдік. Бірақ бермей қойды. Енді Астанаға барыңдар дейді. Бізді Астанаға барғанда қабылдай қоя ма? - дейді ол.

Наразы ата-аналардың бірі Кенже Оразай. Алматы, 24 тамыз 2017 жыл.
Наразы ата-аналардың бірі Кенже Оразай. Алматы, 24 тамыз 2017 жыл.

220 СЕРТИФИКАТТЫҢ ДАУЫ

Наразы ата-аналар университет ректорына баса-көктеп кірмекші болғанымен, күзетшілер жібермеді. Ата-аналардың мұндай қысымынан кейін университет ректоры Талғат Нұрғожин олармен оқу орнының мәжіліс залында кездесуге мәжбүр болды.

Талғат Нұрғожиннің айтуынша, грантқа ілініп, газетте есімдері жарияланған 220 «Алтын белгі» иегерлеріне оқу сертификаттарын «бермей тұра тұру» туралы бұйрық келген. Оның 70-сі - осы университет грантын иеленушілер.

- Бұл - білім министрінің бұйрығы. Соңғы тізімді жібермей ешкімге сертификат бере алмаймын. Ал грант туралы мәселеге келетін болсақ, оған біздің еш қатысымыз жоқ. Өйткені грантты беретін де, оны сізден қайта алатын да білім министрлігі. Бізге «бұл куәліктер (сертификаттарды айтады - ред.) дұрыс емес, бермеңіздер» деген тапсырма келіп тұр. Біз оны қалай сіздерге береміз? Басында «газеттегі тізім бойынша тарат» деді. Сосын біз тарата бастаған кезде «тоқтат» деген бұйрық келді. Бізге енді соңғы тізім келу керек. Сол бойынша таратамыз, - деді Талғат Нұрғожин.

Ата-аналарға жауап беріп отырған Асфендияров атындағы медицина университетінің ректоры Талғат Нұрғожин. Алматы, 24 тамыз 2017 жыл.
Ата-аналарға жауап беріп отырған Асфендияров атындағы медицина университетінің ректоры Талғат Нұрғожин. Алматы, 24 тамыз 2017 жыл.

«Грантқа түскендер арасында 65 бал жинағандардың да жүргенін» тілге тиек еткен ректор:

- Мұның барлығы білім министрлігінің істегені. Біз бұл мәселені айтып, хат жаздық. Осыған өзіміз де таңбыз. Тамыздың 28-і күні бізге түскен студенттер туралы бұйрық шығаруға тиіспін, мен де күтіп отырмын, - деді.

Кеше 40 грант иесінің аты-жөні келді. Олар Алматы мен Астанадағы оқу орнына сыймайды.

Ал осы оқу орнының қабылдау комиссиясы жетекшісі Сәуле Қаспаққызы:

- Кеше 40 грант иесінің аты-жөні келді. Олар Алматы мен Астанадағы оқу орнына сыймайды. Сол себепті Ақтөбе, Қарағанды, Семей және Түркістандағы медициналық жоғарғы оқу орындарының бірін таңдасын деп отыр, - дейді.

АСТАНАДАҒЫ НАРАЗЫЛЫҚ

Наразы ата-аналар Алматыда ғана емес. Тамыздың 24-і 20-дан аса ата-ана Астанадағы білім және ғылым министрлігі алдына жиналды. Солардың бірі Алмат Игілікұлы қарындасының білім грантын иеленген түлектердің алғашқы тізімі бойынша медицина университетіне түскенін, одан кейінгі өзгертілген тізімде Алматыға «ауысып» кеткенін айтады.

- Менің қарындасым Шәкизада Ерікқызы 110 балмен 10 тамыз күнгі тізім бойынша Астанадағы медицина университетіне түсіп тұрған болатын. Ал 14-і күні шыққан тізім бойынша Алматыдағы әл-Фараби атындағы қазақ Ұлттық университетінің биология факультетіне түсіпті. Ал бізге Астана керек, - дейді.

Сертификат

Оқу сертификаты

Білім гранты ҰБТ қорытындысы жазылған осы сертификат негізінде беріледі. Сертификаттың жарамдылық мерзімі –жылдың 31 желтоқсанына дейін. Бұл сертификатсыз ЖОО-лар студенттерді оқуға қабылдамайды.

Азаттық тілшісі білім министрінің баспасөз хатшысы Арман Жүнісовке қоңырау шалғанымен, ол денсаулық сақтау министрлігіне сілтеп:

- Денсаулық сақтау министрлігі түстен кейін айтады. Біз бәрін істедік. Грант бердік, - деп қысқа қайырды.

Мұнан соң Азаттық тілшісі Астанадағы медициналық университеттегі дәрігерлер семинарында жүрген денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановты іздеп барған еді. Министр тілшінің ата-аналардың әбігері қайдан шыққаны туралы сұрағына:

- Жыл сайын мемлекет шешімімен 3150 грант жалпы медицинаға берілген. Қазір қосымша абитуренттер келіп жатыр. Оларды орналастыруға Алматы мен Астанадағы университеттерде орын тығыз болып жатыр. Қарағанды, Семей немесе Ақтөбе және Оңтүстік Қазақстандағы университеттерде қосымша мүмкіндіктер бар. Сол себепті біз абитуренттерге мүмкіндік беріп жатырмыз. Бірақ абитуриенттер өздерінің бірінші таңдаған оқу орындарына барғысы келеді. Заң бойынша барлығының оқуына мүмкіндік беріледі. Бүгін шешім қабылдаймыз, - деп жауап берді.

ВИДЕО: Грант дауына Елжан Біртановтың жауабы

Грант дауына министр Біртановтың жауабы
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:09 0:00

Министрдің сөзінше, мемлекет абитуриенттердің грантпен тегін оқуына мүмкіндік бергенімен, университетті таңдауына ерік бере алмайды.

Ұлттық тест орталығының директоры Рамазан Әлімқұлов бүгін журналистерге берген сұхбатында білім және ғылым министрлігі Алматы мен Астанадағы медициналық жоғары оқу орындарына түсуге бөлінген 220 гранттың күшін тоқтатқанын растады. Оның сөзінше, биыл медициналық мамандықтар бойынша грантқа ие болғандардың көпшілігі Алматы мен Астанадағы университеттерге құжат тапсырған. Бірақ бұл университеттер биыл шектен тыс студент қабылдай алмайды.

Әлімқұлов денсаулық сақтау министрлігі қазір аталған грант иегерлеріне басқа қалалардағы университеттерде оқуды ұсынып, келіссөз жүргізіп жатқанын айтты.

Тамыздың 11-і күні түлектер мен ата-аналар тестілеуден аз ұпай жинағандар оқуға түсіп, көп балл алғандар құлағанына наразы болып, Астанада қарсылық акциясын өткізді. Бұл даудан кейін бұған қосымша, яғни жоспардан тыс 1487 грант бөлінді. Білім және ғылым министрі Сағадиев бұл жұмысқа ата-аналар да қатысқанын мәлімдеген еді.

XS
SM
MD
LG