Индонезияның Джакарта қаласындағы жазғы Азия ойындарында гандболдан Қазақстан әйелдер құрамасы топтық кезеңдегі екінші ойында Қытай командасын жеңді - 27:26.
Ойын аяқталуға бес секунд қалғанда Қазақстан құрамасының ойыншысы Наталья Ильина жеңіс голын салды.
Бұл - Қазақстан әйелдер құрамасының екінші жеңісі. Бірінші ойында бұл елдің командасы Үндістанды жеңген. Енді Қазақстан гандболшылары 19 тамызда Солтүстік Кореямен, 23 тамызда Оңтүстік Кореямен кездеседі. Әр топтан үздік шыққан екі команда жартылай финалға шығады.
Оқи отырыңыз: Қазақстан Азиадада үздік төрттікке енуді жоспарлайды
Азия ойындарының ресми ашылуы тамыздың 18-і күні Джакарта қаласында өтеді. Қазақстаннан Азиадаға 440 спортшы қатысады.
Қазақстан жазғы Азия ойындарына тәуелсіз ел ретінде жетінші рет қатыспақ. 2014 жылы Инчхондағы Азия ойындарында бұл ел 28 алтын, 23 күміс, 33 қола медальмен Қытай, Оңтүстік Корея және Жапониядан кейінгі төртінші орынды иеленген. Қазақстан Индонезиядағы Азия ойындарында да үздік төрттікке енуді жоспарлайды.
ПІКІРЛЕР