Су добынан Қазақстан әйелдер құрамасы Джакартада өтіп жатқан Азия ойындарының күмісін алды. 21 тамызда өткен ойында Қазақстан Жапонияны 12:11 есебімен жеңді.
Қазақстан құрамасы Азиадада барлығы бес ойын өткізіп, Қытайдан жеңілді. Жапониядан бөлек Гонконг, Индонезия, Таиландты жеңген. Азия ойындарының алтынын Қытай, қоласын Жапония иеленді.
Қазақстан Джакартадағы Азия ойындарында бір алтын, төрт күміс, бес қоламен жалпы есепте 10-орында келеді. 19 тамызда қазақстандық семсерлесуші Дмитрий Алексанин алтын алған. 20 тамызда таэквондошы Фариза Алдонғарова Азия ойындарының қола жүлдегері атанған.
Қазақстаннан Азиадаға 440 спортшы қатысып жатыр. Жарыстан хабар тарату үшін Азаттық тілшісі Джакартаға аттанған. Азиаданың барлық жаңалығын Азаттық сайтының арнайы парақшасынан оқи аласыздар. Азия ойындары қыркүйектің 2-cі күні аяқталады.
ПІКІРЛЕР