Accessibility links

Олимпиада үздігін жеңген Алексанин - Азиада чемпионы


Семсерлесуден Азия ойындарының чемпионы Дмитрий Алексанин жарыс кезінде. Джакарта, 19 тамыз 2018 жыл.
Семсерлесуден Азия ойындарының чемпионы Дмитрий Алексанин жарыс кезінде. Джакарта, 19 тамыз 2018 жыл.

Индонезияда өтіп жатқан жазғы Азия ойындарында қазақстандық семсерлесуші Дмитрий Алексанин чемпион атанды. Ал еркін күрестен Данияр Қайсанов финалда қарсыласынан жеңіліп қалды.

ҚАЗАҚСТАН 16 ЖЫЛ КҮТКЕН АЛТЫН

Қазақстан семсерлесуден соңғы рет 2002 жылғы Азия ойындарында алтын алған. Семсерлесудің шпага түрінен сынға түскен Дмитрий Алексанин араға 16 жыл салып, Қазақстанға Азиада алтынын алып берді.

Джакартадағы жарыста Оңтүстік Кореяның екі спортшысы – Рио олимпиадасының чемпионы, 2014 жылғы Азия ойындарының жеңімпазы Пак Сан Йонг пен Лондон олимпиадасының қола жүлдегері Чон Джин Сон фаворит саналған. Алексанин Джакартада Чон Джин Сонды жартылай финалда, Пак Сан Йонгты финалда жеңді.

Алексанин оңтүстік кореялық қарсыласы Чон Джин Сонды жеңген сәт. Джакарта, 19 тамыз 2018 жыл.
Алексанин оңтүстік кореялық қарсыласы Чон Джин Сонды жеңген сәт. Джакарта, 19 тамыз 2018 жыл.

Биыл маусымда Бангкокта (Таиланд) өткен Азия чемпионатының финалында Алексанин Чон Джин Соннан жеңіліп, күміс алған. Қазіргі әлемдік рейтингте Пак - үшінші, Чон - бесінші, Алексанин сегізінші орында тұр.

- Бапкерлерімнің еңбегін атап өткім келеді. Соңғы жылдары барлығымыз осы жеңіс үшін күш салдық. Екі кореялық қарсыласыма арнайы дайындалдым. Екеуінің біреуімен финалда кездесетінімді сездім. Қарсыласымның әлсіз тұстарын іздедім және таптым. Әрине, ауыр болды. Бірақ жеңіске жеттім. Жеңісімді марқұм болған спортшы Денис Тенге арнаймын. Бұл алтын Қазақстандағы семсерлесу спортының дамуына үлкен әсер етеді деп сенемін, - дейді Азия ойындарының чемпионы.

Дмитрий Алексанин марапаттау рәсімінде. Джакарта, 19 тамыз 2018 жыл.
Дмитрий Алексанин марапаттау рәсімінде. Джакарта, 19 тамыз 2018 жыл.

Спортшы Азия ойындарында әлі командалық жарысқа қатысады. Алексанин командаластарымен бірге Азия ойындарында тағы бір медаль алуды жоспарлайды.

БАЛУАНДАР АЛТЫНСЫЗ ҚАЛДЫ

Еркін күрестен Қазақстан құрамасының балуандары Азия ойындарының бірінші күні бір күміс, екі қола иеленді.

74 келі салмақ дәрежесі бойынша күрескен Данияр Қайсанов Азия ойындарының күміс жүлдегері атанды. Ол финалда өзбекстандық Бекзод Абдрохмоновтан жеңілді. Өзбекстан балуаны 2014 жылғы Азия ойындарында да чемпион болған. Ал Қайсанов үшін Азия ойындарының күмісі – карьерасындағы ең үздік нәтиже.

- Екінші орын болса да өте қуаныштымын. Төрт жылда бір рет өтетін азиялық олимпиада ғой. Бәсеке өте мықты. Жартылай финалда оңтүстік кореялық балуанмен (Гонг Вунг Мун-ред.) кездескенде сәл уайымдадым. Финалға жолдама берер матч болған соң сәл психологиялық тұрғыда қиын болды. Дегенмен, ол қарсыласымды мықты дей алмаймын. Жеребеден кейін бөлек топқа түскен ирандық балуан кореялық қарсыласымнан әлде қайда мықты еді. Маған жеребе жеңіл түсті. Финалда күреспей сәл тұрып қалдым. Өзбекстан балуанымен бір ай бұрын Грузиядағы жарыста кездесіп, ірі есеппен жеңілгенмін. Бұл жолы есеп айырмасы аса қатты үлкен болмады. Тактикалық дайындықпен келдім, - дейді Азия ойындарының күміс жүлдегері.

Данияр Қайсанов күміс медалін алған сәт. Джакарта, 19 тамыз 2018 жыл.
Данияр Қайсанов күміс медалін алған сәт. Джакарта, 19 тамыз 2018 жыл.

Азия ойындарында Қазақстан еркін күрес құрамасының бапкерлері Саятбек Оқасовтан (65 келі) алтын күткен. Ол алдымен палестиналық қарсыласы Мұса Жоуда мен оңтүстік кореялық Ли Сун Чолға бірде-бір әдіс жасатпай, таза жеңді. Кейін Қытай құрамасындағы этникалық қазақ Ерланбиеке Кәтейұлын жарыстан шығарды. Ал жартылай финалда жапониялық Даичи Такатанимен 4:4 есебімен тең түскен. Бірақ соңғы әдісті жапон балуаны жасағандықтан, финалға Такатани шықты. Қолаға таласта Оқасов түркіменстандық Батыр Боржаковтан басым болды.

- Азия ойындарына алғаш қатыстым. Бұған дейін тек жастар арасындағы Азия чемпионатына қатысқанмын. Бұл карьерамдағы ең ірі жарыс десем де болады. Сондықтан алтын медаль үшін келген едім. Жартылай финалда жапон балуанынан өз қателігімнің кесірінен жеңілдім. Шабуылдап күрескенді жақсы көрем. Жапон балуанымен кездескенде тұрып қалдым. Соңында жеңіп жаттым да босаңсып кеттім. Алты секунд қалғанда ол бір ұпай алып жеңіп кетті. Қытай қазағы Ерланбиеке Кәтейұлымен кездесу де қиын болды. Бірінші рет кездестік, - деді қола жүлдегері.

Саятбек Оқасов (көк формада) түркіменстандық балуанмен қолаға таласып жатқан сәт. 19 тамыз 2018 жыл.
Саятбек Оқасов (көк формада) түркіменстандық балуанмен қолаға таласып жатқан сәт. 19 тамыз 2018 жыл.

87 келі салмақ дәрежесі бойынша қазақстандық Әділет Давлумбаев қола медаль иеленді. Ол жартылай финалда ливандық Доминик Абунадерден жеңілді. Ал үшінші орынға таласта қырғызстандық Алигаджи Гамидгаджиевті жеңді.

Қазақстан еркін күрестен 1994 жылғы Хиросимадағы (Жапония) Азия ойындарында алғаш және соңғы рет алтын алған. Қазақстан тәуелсіз ел ретінде бірінші рет қатысқан жазғы Азиадада Мәулен Мамыров чемпион атанған еді Содан бері Қазақстанның еркін күрес балуандары Азия ойындарында алтын иелене алмай келеді. 2014 жылғы Инчхондағы Азиадада үш күміс, бір қола алған.

Джакартадағы Азия ойындарының 19 тамызда өткен жарыстарынан кейін Қазақстан бір алтын, бір күміс, екі қоламен жалпы есепте бесінші орында келеді. Жеті алтын алған Қытай бірінші, үш алтын иеленген Жапония екінші орында тұр.

Қазақстаннан Азиадаға 440 спортшы қатысады. Жарыстан хабар тарату үшін Азаттық тілшісі Джакартаға аттанған. Азиаданың барлық жаңалығын Азаттық сайтының арнайы парақшасынан оқи аласыздар. Азия ойындары қыркүйектің 2-cі күні аяқталады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG