Accessibility links

Күшейтілген күзет және кептеліспен күрес


Индонезия әскерилері Азия ойындарының ашылу салтанаты өтетін стадион маңында тұр. Джакарта, 16 тамыз 2018 жыл.
Индонезия әскерилері Азия ойындарының ашылу салтанаты өтетін стадион маңында тұр. Джакарта, 16 тамыз 2018 жыл.

Бүгін, тамыздың 18-і күні Индонезияның Джакарта қаласында жазғы Азия ойындарының ашылу салтанаты өтеді. Елде қауіпсіздік күшейген. Жарыс қарсаңында Халықаралық ұйым Индонезия билігін адам құқығын бұзды деп айыптады. Азия ойындарына аттанған Азаттық тілшісінің репортажы.

Джакарта - ең көп көлік кептелісі болатын әлемдегі үш қаланың бірі. Индонезия билігі Азия ойындары кезінде Джакартадағы кептелісті азайту үшін шағын автобустардың қалаға кіруіне тыйым салған.

Джакарта қаласының орталық көшелерінің бірі. 16 тамыз 2018 жыл.
Джакарта қаласының орталық көшелерінің бірі. 16 тамыз 2018 жыл.

Азия ойындары қарсаңында салынып бітуі тиіс LRT (қала ішінде жүретін жылдам пойыз) құрылысы әлі аяқталмаған. Азия ойындарының ұйымдастыру комитетінің өкілдері Азаттық тілшісіне “LRT құрылысы қашан аяқталатынын білмейміз, Азия ойындарына үлгермейтін шығар” деп қысқа жауап берді.

AI: "ПОЛИЦИЯ 77 АДАМДЫ АТҚАН"

Қазір Джакарта 70-ке жуық мектеп пен колледжде сабақ тоқтаған. 30 мыңға жуық оқушы бір ай бойы сабақты үйде оқиды. Бұл да - қаладағы кептелісті азайту үшін қабылданған шешімдердің бірі.

Джакарта қаласы билігінің хабарлауынша, мұғалімдер оқушыларға оқу материалдары мен тапсырмаларды электронды пошта арқылы жібереді.

Индонезия – Оңтүстік Шығыс Азиядағы теракт жиі болатын елдердің бірі. Азия ойындары қарсаңында елде қауіпсіздік шаралары күшейген. Ұйымдастыру комитетінің хабарлауынша, жарыс кезінде 100 мың полицей мен әскер қауіпсіздікті қамтамасыз етеді. Азия ойындары өтетін Джакарта мен Палембанг қалаларында камералар көбейген.

Джакартадағы стадиондардың бірінің маңында жүрген Индонезия әскерилері.
Джакартадағы стадиондардың бірінің маңында жүрген Индонезия әскерилері.

Батыс Ява аймағының полициясы Азия ойындары қарсаңындағы рейд кезінде отыздан астам “террорист” ұсталғанын, олардың көбі Индонезиядағы “Джемаа Исламия” тобының мүшелері екенін хабарлады.

БҰҰ террорлық ұйым деп таныған “Джемаа Исламия” 2002 жылы Индонезияның Бали аралында болған терактіні өз мойнына алған. Бұл оқиғадан 200 адам мерт болған.

Халықаралық Amnesty International (AI) құқық қорғау ұйымы "Индонезия Азия ойындарына дайындық кезінде адам құқықтарын бұзды" деп мәлімдеді.

Ұйым "Индонезия Азия ойындарына дайындық кезінде адам құқықтарын бұзды" деп мәлімдеді. Ұйым "Индонезия полициясы ақпан мен тамыз аралығында "Азия ойындарында қауіпсіздікті қамтамасыз ету" үшін жүргізілген операцияда 77 адамды атты" деп хабарлады.

"Азия ойындары бірнеше ай қалғанда билік қауіпсіздік шараларын күшейтеміз деп уәде берген. Бірақ оның орнына полиция адамдарды еш түсінік берместен атқан" дейді Amnesty International ұйымының Индонезия бойынша өкілі Усман Хамид.

Ұйым өкілінің сөзінше, атылғандардың көбі "ұсақ қылмыс" үшін жазаланған.

"Азия ойындарының алдындағы "қоғамдық қауіпсіздік" операциясы кезінде полиция тағы 44 адамның аяғынан атқан. 5000 адамды қамап, оның 700-іне қылмыстық айып таққан... Полиция операцияны өзіне бағынбаған, қару және өткір пышақ ұстап жүрген, мотоцикл ұрлаған адамдарға қарсы ұйымдастырған" деп жазады құқық қорғау ұйымы өз мәлімдемесінде.

Amnesty International халықаралық спорт ұйымдарынан, құқық қорғау ұйымдарынан Индонезиядағы адамдардың өліміне қатысты тексеру жүргізуді сұраған.

БІРІККЕН КОРЕЯ ҚҰРАМАСЫ

Джакартадағы жазғы Азия ойындарының ашылу және жабылу салтанатында Оңтүстік және Солтүстік Корея спортшылары бір тудың астында шығады. Біріккен Корея командасы ескек есу және баскетбол (әйелдер) жарысына қатысады. Оларды қолдау үшін Оңтүстік және Солтүстік Корея жанкүйерлері кіретін арнайы черлидинг тобы да құрылған.

Біріккен Корея баскетбол құрамасы Азия ойындарында. Джакарта, 16 тамыз 2018 жыл.
Біріккен Корея баскетбол құрамасы Азия ойындарында. Джакарта, 16 тамыз 2018 жыл.

Оңтүстік және Солтүстік Корея биыл ақпанда Пхенчханда өткен қысқы олимпиаданың ашылу салтанатында бір команда болып шыққан. Екі елдің әйел спортшыларынан құралған Корея хоккей құрамасы олимпиадаға бірге қатысқан. Қысқы олимпиадаға Солтүстік Корея құрамасымен бірге жастары 15-20 шамалас 200 қыздан құралған қолдаушы топ та барған Олардың трибунадағы қолдау әдістері мен қылықтары әлем назарын аудартқан.

Біріккен Корея құрамасының қолдаушылары. Джакарта, 16 тамыз 2018 жыл.
Біріккен Корея құрамасының қолдаушылары. Джакарта, 16 тамыз 2018 жыл.

2018 жылғы жазғы Азия ойындары Ханой қаласында (Вьетнам) өтуі тиіс еді. Бірақ 2014 жылы Вьетнам билігі қаржы қиыншылығына байланысты Азия ойындарын ұйымдастырудан бас тартты. Кейін Азия олимпиада консулы құрлықтық жарыс Джакартада өтетінін хабарлады.

Оқи отырыңыз: Қазақстан Азиадада үздік төрттікке енуді жоспарлайды

2018 жылғы Азия ойындарының ресми ашылуы тамыздың 18-і күні Джакарта қаласында өтеді. Қазақстаннан Азиадаға 440 спортшы қатысады.

Қазақстан жазғы Азия ойындарына тәуелсіз ел ретінде жетінші рет қатыспақ. 2014 жылы Инчхондағы Азия ойындарында бұл ел 28 алтын, 23 күміс, 33 қола медальмен Қытай, Оңтүстік Корея және Жапониядан кейінгі төртінші орынды иеленген. Қазақстан Индонезиядағы Азия ойындарында Инчхондағы жетістігін қайталап, үздік төрттікке енуді жоспарлайды.

Азия ойындары туралы деректер. (Суретті бассаңыз, үлкейеді).
Азия ойындары туралы деректер. (Суретті бассаңыз, үлкейеді).

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG