Accessibility links

IWF Қазақстан ауыр атлетика құрамасын тағы жазаламақ


Қазақстандық ауыр атлет Илья Ильин Лондон олимпиадасында.

Халықаралық ауыр атлетика федерациясының шешімімен (IWF) Пекин және Лондон олимпиадасында допинг ережесін ең көп бұзған Қазақстан, Ресей, Армения, Әзербайжан, Беларусь Токио ойындарына толық құраммен қатыса алмайды.

Ереже бойынша Токио олимпиадасына ауыр атлетикадан әр елге сегіз жолдама (төрт ер, төрт әйел спортшы) беріледі. Reuters ақпарат агенттігінің хабарлауынша, IWF шешіміне сай 2008-2020 жылдары арасында 20-дан астам "допинг ережесін" бұзған Қазақстан, Ресей, Беларусь, Армения, Әзербайжан Токио олимпиадасына тек бір ер және бір әйел спортшы апара алады. IWF сайтындағы 2008-2016 жылдары "допингпен ұсталған спортшылар тізімінде" 29 қазақстандық спортшының есімі бар.

Reuters агенттігінің хабарлауынша, 10-нан көп, 20-дан аз спортшысы допингпен ұсталған елдерден Токиоға тек екі ер, екі әйел спортшы барады. Бұл елдердің қатарында Иран, Болгария, Үндістан, Украина, Молдова, Түркия, Албания, Өзбекстан, Румыния бар.

Халықаралық ауыр атлетика федерациясы (IWF) баспасөз қызметі Азаттыққа оннан астам спортшысы допинг ережесін бұзған елдерге Токио олимпиадасына толық жолдама берілмейтінін (8 атлет) растады. Бұл шешімді Халықаралық олимпиада комитет (ХОК) пен IWF бірігіп қабылдаған.

Токио олимпиадасына іріктеу 2020 жылы сәуірде аяқталады. Аталған елдердің спортшылары осы аралықта тағы допинг қолданса Токио олимпиадасынан түпкілікті шеттетілуі мүмкін.

IWF шешімін Халықаралық олимпиада комитеті (ХОК) мен басқа да елдердің ауыр атлетика федерациялары қолдады.

Ал АҚШ ауыр атлетика федерациясының атқарушы директоры Фил Эндрю Reuters агенттігіне берген сұхбатында "Бұл іріктеу жүйесі - таза спорт үшін жасалған үлкен қадам" деген.

Қазақстан ауыр атлетика федерациясы Азаттыққа "бұл шешімге қатысты ресми құжат алмағандарын" айтты.

Ақпанда Пхенчханда өткен қысқы олимпиада ойындары кезіндегі баспасөз мәслихатында Халықаралық олимпиада комитетінің президенті Томас Бах "Пекин мен Лондон олимпиадасында ауыр атлетикадан ең көп допинг ережесін бұзған елдер Токио олимпиадасына толық құраммен қатыса алмайтын" айтқан. ХОК ауыр атлетиканы допинг ережесі көп бұзылатын спорт ретінде атап, IWF ескерту жасап, бұл жағдай жалғаса берсе олимпиада бағдарламасынан алып тастайтындарын ескерткен.

Лондон олимпиадасында алтын алып, кейін допинг қолданды деп айыпталған қазақстандық ауыр атлет Зүлфия Чиншанло.
Лондон олимпиадасында алтын алып, кейін допинг қолданды деп айыпталған қазақстандық ауыр атлет Зүлфия Чиншанло.

Халықаралық ауыр атлетика (IWF) вице-президенті Урсула Гарза Папандреа Inside The Games спорт сайтына берген сұхбатында "Жаңа олимпиада іріктеуі жүйесі – IWF тарапынан жасалған ауыр атлетикадағы және олимпиадада допингпен күреске жасалған нақты қадамы. Бұл таза спортқа қол жеткізуге болатынын көрсетеді" деді.

IWF осы айда жаңа антидопинг ережесін жарияламақ. Онда допинг қолданған спортшыларға жаза қатайтылады. IWF-тың бұрынғы анти-допинг ережесінде бір рет допинг қолданған спортшы төрт жыл, екі рет допингпен ұсталған спортшы сегіз жылға спорттан шеттетіледі.

Ұлттық штаттық командалар және спорт резерві дирекциясының баспасөз хатшысы Айдос Рымқұл "жаңа ережемен" келіспейді. Оның пайымдауынша, бұрынғы спортшылардың қателігі үшін жас спортшылар зардап шегеді.

- Жазғы олимпиадада Қазақстан бокс пен ауыр атлетикаға көп үміт артады. Өкінішке орай, екі спорттың да жағдайы мәз емес. Қазақстан Токиоға тек екі ауыр атлет апарса медаль саны азаймақ. Бұл шешімді қолдамаймын. Алдыңғы буынның қателігі үшін кейінгі буынды тұсап қою ақылға сыймайды. Бірақ амал жоқ. Енді Қазақстан Токиоға тек алтынға таласатын ең мықты екі атлетін апару керек, - дейді ол.

2016 жылы Халықаралық олимпиада комитеті 2008 жылы Пекинде және 2012 жылы Лондонда өткен олимпиаданың допинг сынамаларын қайта тексерген. Бұл тексеру кезінде 49 ауыр атлеттің анализінен допинг табылған. Олардың басым бөлігі - постсоветтік елдердің, Қытай, Болгария, Түркия атлеттері.

"Қайта тексеру" кезінде Пекин және Лондонда чемпион атанған қазақстандық ауыр атлет Илья Ильиннің екі олимпиададағы сынамасынан допинг табылғаны хабарланып, ол екі алтынын қайтарып берген. Пекинде қола медаль алған қазақстандық ауыр атлет Мария Грабовецкая, Лондонда чемпион болған Мая Манеза, Зүлфия Чиншанло, Светлана Подобедованың да анализдері оң нәтиже беріп, олар да медальдарын қайтарған. Пекин мен Лондон олимпиадасына қатысқан Владимир Седов пен Алмас Өтешов те допинг қолданды деп айыпталған.

Светлана Подобедова 2012 жылы Лондон олимпиадасында алтын алған сәт.
Светлана Подобедова 2012 жылы Лондон олимпиадасында алтын алған сәт.

IWF шешімімен Илья Ильин, Зүлфия Чиншанло, Мая Манеза екі жылға, Светлана Подобедова сегіз жылға спорттан шеттетілді. Төртеуінің де жазасы 2016 жылдың маусымынан басталып есептеледі. Демек, жазалары Ильин, Чиншанло, Манезаның жазалары 2018 жылдың маусымында аяқталады. Қазақстанға Манеза мен Чиншанло Қытайдан, Подобедова Ресейден келген.

Илья Ильин қазақстандық телеарналардың біріне берген сұхбатында спортқа қайта оралатынын, Токио олимпиадасына дайындықты бастағанын айтқан. Ал ауыр атлетикадан Қазақстан құрамасының кеңесші-бапкері Алексей Ни Зүлфия Чиншанло жазасы аяқталған соң жарыстарға қатысатынын жеткізген.

Спорт журналисі Айдос Рымқұлдың ойынша, Токиоға баратын екі жолдама үшін Илья Ильин мен Зүлфия Чиншанлодан бөлек Риода алтын алған Нижат Рахимов, күміс жүлдегер Жазира Жаппарқұл, қола жүлдегер Александр Зайчиков таласады.

Илья Ильиннің карьерасы.
Илья Ильиннің карьерасы.

Ресей мен Болгария ауыр атлеттері Рио олимпиадасынан шеттетілген. Қазақстан Рио олимпиадасына тоғыз жолдама жеңіп алғанымен тек алты спортшы апаруға рұқсат алған.

Халықаралық ауыр атлетика федерациясы 2017 жылы кұзде допинг ережесін көп бұзған Қазақстан, Ресей, Әзербайжан, Ресей, Қытай, Беларусь, Украина, Түркия сынды елдерді бір жылға жарыстардан шеттеткен. Аталған елдер 2017 жылы Анахаймде (АҚШ) өткен әлем чемпионатына қатысқан жоқ. Бұл елдер 2018 жылдың қазанына дейін ауыр атлетикадан өтетін барлық жарысқа қатыса алмайды.

  • 16x9 Image

    Руслан МЕДЕЛБЕК

    1990 жылы 4 қаңтарда дүниеге келген. Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетін "Халықаралық журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған.

    Халықаралық спорт журналистері қауымдастығы мен Халықаралық олимпиада комитетінің жас репортері. 2012 жылдан бері "Азаттық" радиосының тілшісі. Сочи, Рио, Пхенчхан олимпиада ойындарынан тікелей хабар таратты.

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

AzattyqTV

Көшпенділер ойынына асық шабандоз қыз
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:51 0:00
XS
SM
MD
LG