Accessibility links

Допинг дауы Ресейді олимпиадасыз қалдырды


ХОК кеңсесі алдында тұрған Ресей құрамасының жанкүйері. Лозанна, 5 желтоқсан 2017 жыл

5 желтоқсан күні Халықаралық олимпиада комитеті "мемлекеттің қолдауымен допинг қолдану" айыбына ұшырауына байланысты Ресейдің 2018 жылы Оңтүстік Кореяның Пхёнчхан қаласында өтетін Қысқы олимпиадаға қатысуына тыйым салды.

Комитет жасанды күш бітіретін заңсыз препарат қолданып, қуатын арттырмағанын дәлелдей алған ресейлік спортшылардың олимпиада туының астында жарысқа қатысуына рұқсат етті. Бірақ олардың өзі "қатаң шарттарға" сай келсе ғана сайысқа түспек.

Ресейдегі допинг дауын жан-жақты тексерген комитеттің бұл шешімі соңғы жылдардағы ең ірі спорт оқиғаларының біріне айналды.

Дүниежүзілік допингке қарсы агенттіктің (WADA) зерттеуі мен Ресейдің өз ішінен шыққан бірнеше спорт шенеунігінің мойындау әрекеттерінен кейін көптеген ресейлік спортшы допинг қолданғаны үшін жарыстардан шеттетілген еді. Тексеру кезінде Ресейдің допингке қарсы агенттігінің 2012-2015 жылдар арасында, әсіресе, 2014 жылғы Сочи олимпиадасы кезінде өз спортшыларының сынақ нәтижелерін қолдан жақсартып, тыйым салынған препараттар қолданғандарына көз жұмып келгені туралы ақпарат пайда болған.

Ресейлік билік пен спортшылардың "допинг сынамаларын алмастыру мен қолдан жасау" кезіндегі ымыраласуын 2015 жылғы қарашада Мәскеудегі допингке қарсы зертхананың бұрынғы директоры Григорий Родченков жария қылған.

Ресей билігі спортшыларының допингтен ада екендерін айтып, бұл айыптауды теріске шығарып келген.

Оқи отырыңыз: Путиннің Ресей спортындағы допинг қолдануды ішінара мойындауы

Бұған дейін ХОК допинг қолданғаны үшін тұтас елдің құрамасын олимпиада ойындарынан шеттетіп көрмеген. Көбіне шектеу туралы қатаң жазаны халықаралық спорт федерациялары жеке спортшыға қолданып жататын. Бірақ Ресей спортындағы допинг қолдану ауқымы тым кең болып шығып, бұл мәселе бұрын-соңды болмаған дауға айналды.

Көре отырыңыз: Ресейлік спортшылардың допинг қолдану жүйесі туралы мәлімдемелері

Ресейлік билік пен спортшылардың "допинг сынамаларын алмастыру мен қолдан жасау" кезіндегі ымыраласуын 2015 жылғы қарашада Мәскеудегі допингке қарсы зертхананың бұрынғы директоры Григорий Родченков жария қылған. Халықаралық БАҚ-қа сұхбат берген Родченков жүздеген сынамалардың жойылып отырғанын айтқан. Мұның соңы халықаралық деңгейдегі шу-шұрқанға ұласып, WADA Родченков айтқан келеңсіз жайттар мен өзге де шағымдарды Ричард Макларен басқарған тәуелсіз комиссияға тексерткен. Былтыр шілдеде және желтоқсанда Макларен комиссиясы екі бөлімді есебін жариялап, Ресейдің спорт министрлігі мен арнайы қызметтері спортшылардың нәтижелерін қолдан жақсарту үшін допинг бағдарламасын бірлесіп жүзеге асырған деп қорытынды жасаған. Қайта тексеру кезінде жазғы және қысқы спорт жарыстары кезінде жүздеген ресейлік спортшының допинг қолданғаны анықталған. Осының кесірінен Ресейдің олимпиада құрамасына 2016 жылы Риода өткен жазғы ойындарға қатыспай қалу қаупі төніп, әрең сейілген еді.

Ресей президенті Владимир Путин бұған дейінгі мәлімдемелерінде допинг дауын алдағы көктемде өтетін президент сайлауының алдында "әлдекімдердің елдегі наразылықты күшейту әрекеті" деген сипатта пікір айтқан.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG