Accessibility links

АҚШ: Путинді басқыншылық саясатының құнын төлеуге мәжбүрледік


Уэсс Митчелл, АҚШ мемлекеттік хатшысының Еуропа және Еуразия істері бойынша көмекшісі.
Уэсс Митчелл, АҚШ мемлекеттік хатшысының Еуропа және Еуразия істері бойынша көмекшісі.

АҚШ президенті Дональд Трамп әкімшілігі Кремльдің басқыншылық пиғылын іске асыруға кедергі жасай алды деп мәлімдеді мемлекеттік хатшының Еуропа және Еуразия істері бойынша көмекшісі Уэсс Митчелл. 21 тамызда АҚШ сенатында Ресейге қарсы санкциялар бойынша өткен тыңдауда Митчелл Вашингтон Ресей президенті Владимир Путинді "жаулық іс-әрекеттерінің" құнын төлеуге, "қарулану жарысына" түсуге және өз жоспарларын іске асырудан бас тартуға мәжбүрлегенін айтты.

АҚШ қаржы министрінің орынбасары Маршалл Биллингсли санкциялар Ресей экономикасын әлсіретіп, оны басқыншылық саясатын жалғастыру мүмкіндігінен айырғанын растады. Ол бұған мысалға рубльдің құлдырауын, инвестиция азайып, Ресейдің қарыз бойынша міндеттемелері құнының өскенін келтірді.

Маршалл Биллингслидің әріптесі Сигал Манделкер санкциялардан нәтиже шыққанын айтып, Қаржы министрлігі 2017 жылдан бері санкциялар тізіміне ресейлік 220-дан астам компания мен ұйым енгізілгенін айтты. Оның сөзінше, бұл АҚШ пен Ресейдің энергетика саласындағы ынтымақтастығын тоқтатып, Кремльге жақын олигархтарға соққы болып тиген.

Манделкердің сөзінше, Ресей "Қырымды басып алғаны", "Украинаға қарсы басқыншылығы", "батыстық демократияға нұқсан келтіргені", Сирияда Башар Асад режимінің бейбіт тұрғындарды қыруын қолдағаны", "Ұлыбританияда химиялық қару қолданғаны", "кибершабуыл жасағаны" және "адам құқықтарын бұзғаны" үшін осылайша құн төлеген.

21 тамызда АҚШ сенатында Ресейге қарсы жаңа санкциялар туралы заң жобасы талқыланған екі тыңдау өтті.

Тыңдау кезінде конгресмендер Ақ үй шенеуніктерінен Мәскеуге қарсы ендігі күшіне енген санкциялар және олардың Кремльдің саясатына әсер ету тәсілдері туралы сұрады. Митчелл мұндай сауалдарды барлау қызметінен сұраған жөн екенін айтты.

Сенаттағы тыңдауда Мәскеуге барып қайтқан республикашыл сенатор Рэнд Пол да сөйледі. Ол Ресейге қарсы санкцияларды жеңілдетуді қолдап, америкалық сенаторларды ресейлік депутаттармен кездесуге шақырды. Оған қарсы шыққан демократ сенатор Роберт Менендес Қырымды аннексиялауға қатысы бар, санкцияға ілінген тұлғалармен сөйлесудің мәні жоғын мәлімдеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG