Accessibility links

Ақтөбе облысы: Асыл тұқымды мал қырылу дерегі бойынша іс қозғалды


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Ақтөбе облыстық полициясы Хромтау ауданының Қопа ауылында асыл тұқымды ондаған бас сиырдың қырылуына байланысты қылмыстық іс қозғады. Мал иесі "АкТеп" серіктестігі асыл тұқымды сиырлары "қастықпен өлтірілген болуы мүмкін" деп, полицияға шағымданған. Бұл туралы Ақтөбе облыстық Ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

Осыған дейін Ақтөбе облыстық ветеринария басқармасының басшысы Кеңес Қанатбаев 124 бас асыл тұқымды сиырдың қырылғанын айтқан еді. 22 тамыз күні Ақтөбе облысының әкімдігі шөптен уланған мал саны 253 бас екенін хабарлады.


Ветеринарлардың мәліметінше, абердин-ангус тұқымынан тарайтын сиырлар ескі ақмия (сафора лисохвостный) шөбінен уланып қалған. Ірі қараның жаппай ауыру дерегі 18 тамыздан бастап тіркелген. 18-19 тамыз аралығында қырылған малдың жартысы өртелген. Жартысы енді жойылмақ.

Облыстық ветеринария басқармасы шаруашылықтағы эпизоотиялық жағдайды бақылап отырғандарын мәлімдеді. Ресми мәліметке сәйкес, Қазақстанда 7 миллионға жуық ірі қара мал бар. Жергілікті БАҚ-тың хабарлауынша, ауыл шаруашылығы министрлігі алдағы 10 жыл ішінде шетелден бір миллион бас асыл тұқымды ірі қара мал импорттамақ.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG