Беларусь президенті Александр Лукашенко 26 тамыз күні белорус-сирия қарым-қатынасының 25 жылдығына орай жазған құттықтау хатында Таяу Шығыс елін қалпына келтіруге дайын екенін мәлімдеді.
Лукашенко Дамаскінің "көпполярлы әлем" туралы саясатын, "терроризммен күресін" және президент Башар Асадты қолдайтынын білдірген. Оның Сириядағы ахуалды сипаттауы Мәскеудің ұстанымымен сәйкесіп тұр.
Асад Сирияны қалпына келтіруге 400 миллиард АҚШ долларындай қаржы керек екенін айтқан. Беларусь бюджетінің 2017 жылғы кіріс бөлігі бұл сомадан 20 есе аз. World Vision ұйымының есебі бойынша 2011 жылдан бергі азамат соғысынан зардап шеккен Сирияны қалпына келтіру үшін 1 триллион 300 миллиард доллар қажет болады.
Жуырда АҚШ президентінің кеңесшісі Джон Болтон Ресейдің Сирияға әскер кіргізген соң шыға алмай қалғанын, енді Батыстан елді қалпына келтіру үшін жәрдем іздеп жатқанын айтқан. Шілде айында АҚШ президенті Дональд Трамп пен Ресей президенті Владимир Путин Хельсинкиде кездескен соң Ресейдің Бас штабы америкалық әскери басшылыққа хат жолдап, Сирияны қалпына келтіруге қаржылай жәрдем сұраған. Бірақ АҚШ Сирия үкіметіне жоспарланған 200 миллион доллар қаржыны бейбіт келіссөздердің нәтижесін бағып әлі жібермей отыр.
Лукашенко Сирия туралы мәлімдемесін Сочиде президент Путинмен кездескен соң бірнеше күннен кейін жариялады. Кездесудің ертеңінде Кремль Минскідегі елшісі етіп Михаил Бабичті тағайындаған. Жаңа елші экономикалық қарым-қатынасты жақсартуға күш салады деп хабарланған. Екі апта бұрын Беларусь президенті Мәскеуді әділ бәсеке шарттарын орындамайды сынаған.
ПІКІРЛЕР