Accessibility links

Обама мен Буш Маккейнмен қоштасу рәсімінде сөйледі


Сенатор Джон Маккейнмен қоштасу рәсімі. Вашингтон, 1 қыркүйек 2018 жыл.
Сенатор Джон Маккейнмен қоштасу рәсімі. Вашингтон, 1 қыркүйек 2018 жыл.

Сенбі күні Вашингтондағы Ұлттық кафедралды соборда америкалық сенатор Джон Маккейнмен қоштасу рәсімі өтті. Маккейн тамыздың 25-і күні Аризона штатында 81 жасында қайтыс болған.

Қаралы жиында сенатордың қызы Меган Маккейн, экс-сенатор Джозеф Либерман, АҚШ-тың бұрынғы мемлекеттік хатшысы Генри Киссинджер, АҚШ-тың экс-президенттері кіші Джордж Буш пен Барак Обама сөз сөйледі. Буш пен Обама АҚШ президенті сайлауында Маккейнмен бәсекелес болған.

2008 жылғы сайлауда Маккейннен озып, АҚШ президенті болып сайланған Обама Маккейнді үздік қасиеттердің иесі ретінде сипаттады. Сенатор туралы әзіл араластыра сөйлеген Обаманың сөзіне жиналған жұрт бірнеше мәрте қол шапалақтап, күліп те алды. Сөзінің соңында байсалды сөйлеген Обама әрқашан америкалық құндылықтарды қорғайтын адам ретінде танылған Маккейнге үнемі тәнті болғанын айтты.

Жұма күні АҚШ Конгресінің ғимараты - Капитолийдің Ротондасына қойылған марқұмның денесі салынған табытты кафедралдық соборға апарып қойды. Қаралы кортеж жол-жөнекей кезінде Маккейн де қатысқан Вьетнамдағы соғыста қаза тапқандарға орнатылған ұлттық мемориалы жанында кідірді. Сол жерде марқұмның әйелі Синди соғыста қаза тапқандарды еске алып, шір қойды.

Әскерилер кафедралдық соборға көтеріп кіргізген табыттың соңында жиырмаға жуық адам – көрнекті саяси қайраткерлер, Маккейннің достары мен серіктері ілесіп жүрді. Олардың тізімін көзі тірісінде Маккейннің өзі жазып кеткен. Бұлардың арасында бұрынғы вице-президент Джо Байден, Нью-Йорктің бұрынғы мэрі Майкл Блумберг пен ресейлік оппозиционер кіші Владимир Кара-Мурза болды.

АҚШ-тың қазіргі президенті Дональд Трамп қоштасу рәсіміне қатысқан жоқ, ол Маккейнді жерлеуге де қатыспайды. Көзі тірісінде Трампты қатты сынаған Маккейн өзін жерлеу рәсіміне Трампты шақыруға тыйым салып өсиет қалдырғаны туралы бұған дейін америкалық басылымдар хабарлаған. Өз сөзінде сенатордың қызы президент Трамптың "Американы қайтадан ұлы ел жасайық" деген басты ұранына уәж ретінде "Джон Маккейннің Америкасы" әрқашан ұлы болған деп мәлімдеді.

Оқи отырыңыз: Саяси қайраткерге айналған соғыс ардагері

Маккейнмен қоштасу рәсіміне Трамптың қызы Иванка жұбайы Джаред Кушнермен бірге келді. Бұған дейін жұма күні АҚШ вице-президенті Майк Пенс сенатормен қоштасуға келіп, марқұмды еске алған болатын.

Қыркүйектің 2-сі күні Джон Маккейнді Аннаполис қаласындағы (Мэриленд штаты) өзі оқыған әскери-теңіз күштері академиясының зиратына жерлейді. Жерлеу рәсіміне марқұмның туыстары мен жақындары ғана қатысады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG