Венгрия премьер-министрі Виктор Орбан Қырғызстанмен және Орталық Азиядағы басқа да түркітілдес елдермен барынша тығыз қарым-қатынас орнатуға уәде берді. 4 қыркүйекте Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбековпен кездескен соң журналистер алдында сөйлеген Орбан Қырғызстанға сапарлаған алғашқы венгр премьері болғанын құрмет санайтынын айтты.
"Венгрия өзінің тегі қайдан шыққанын біледі, Еуропа бізді Батыстың ең шығысындағы халық деп санайды. Бірақ бұған қоса [еуропалықтар] ата-бабамыз сырттан барғандықтан бізді бөтен көреді. Венгрия өзінің тарихи тамырын сақтап қалады" деді Орбан. Ол Қырғызстанға сапары "табысты" болғанын айтты.
Виктор Орбан Жээнбековті Венгрияға сапарлап қайтуға шақырып, оған Венгрияның Түркітілдес елдері ынтымақтастық кеңесіне қосылуына "барлық мүмкіншілік жасағанына" алғыс білдірді.
Түркітілдес елдердің ынтымақтастық кеңесін 2009 жылы Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан және Түркия құрған. Төрт ел басшылары 3 қыркүйекте Қырғызстанның Чолпон-Ата қаласында саммит өткізген. Саммитке Виктор Орбан мен Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев "құрметті қонақ" ретінде қатысқан.
ПІКІРЛЕР