Америкалық F-22 жойғыш ұшақтары Алясканың батыс жағалауынан Ресейдің екі Ту-95 стратегиялық бомбалаушы ұшағын қақпайлап шығарды. Бұл туралы The Washington Free Beacon интернет басылымы Солтүстік Америка аэроғарыш қорғанысы біріккен қолбасшылығының (NORAD) өкілі Майкл Кучарекке сілтеме жасап хабарлады.
Оның сөзінше, оқиға 1 қыркүйек күні таңертең Алеут аралдарының оңтүстігіне қарай Аляска әуе-қорғанысының әуе кеңістігінде болған. Америкалық жойғыш ұшақтар Ту-95 ұшақтарын елдің әуе кеңістігінен шығып кеткенге дейін қақпайлап жүрген. NORAD өкілі Ресей әскери ұшақтары АҚШ немесе Канаданың әуе кеңістігін бұзып кірмегенін айтады. Оның сөзінше, Ту-95 ұшақтарына Ил-78 жанармай құюшы ұшағы да ілесіп ұшқан.
АҚШ әскерилері ресейлік ұшақты қақпайлау оқиғасы Ресейдің Қиыр Шығысындағы "Восток" әскери жаттығуы алдында болған, сол себепті бомбалаушы ұшақтар "Аляска әуе-қорғанысы жүйесіне қанатты зымыранмен соққы беру" тактикасын пысықтаған болуы мүмкін деп болжайды.
Ресей әскери ұшақтары Аляска жағалауына биыл осымен үшінші рет жақын ұшып барып отыр. Мамыр айында АҚШ жойғыш ұшақтары Аляска жағалауынан екі Ту-95 ұшағын шығарып жіберген. Мұндай оқиға сәуірде де болған. Ол кездерде Ресей әскери ұшақтары халықаралық келісімдерді бұзбаған.
ПІКІРЛЕР