Accessibility links

Ақтөбеде "орамал дауына" қатысты үш тұрғын қамалды


Мектепке кіргізбеген соң үйіне қайтып бара жатқан оқушылар. (Көрнекі сурет.)
Мектепке кіргізбеген соң үйіне қайтып бара жатқан оқушылар. (Көрнекі сурет.)

Ақтөбе облысында билік жергілікті үш тұрғынды "мектеп тәртібіне сай киінбеген балаларын сабаққа күшпен кіргізбек болып, мұғалімдерге қоқан-лоқы жасаған" деп айыптап, жауапқа тартқан. Бұл туралы Азаттыққа Ақтөбе облыстық сотының баспасөз қызметі xабарлады.

Қыркүйектің 14-і күні Ақтөбе қаласының мамандандырылған әкімшілік соты қала тұрғындары Нұрәлі Шақкөзов, Медет Құдайбергенов пен Жәнібек Өтәлиевті әкімшілік қамауға алу туралы қаулы қабылдаған. Сот шешімі бойынша Шақкөзов үш тәулікке, Құдайбергенов пен Өтәлиев - бес тәулікке қамалған.

Бұл азаматтардың балалары Ақтөбедегі №31 мектепте оқиды. Мектеп директорының орынбасары Шолпан Жиенмурзинаның айтуынша, осы мектептің 13 оқушысы жаңа оқу жылы басталған күні сабаққа орамал тағып келген. Мұғалімдердің мектеп формасын сақтау туралы талабынан соң 9-сыныпта оқитын қыз бала ғана орамалын шешуге келісім берген.

"Өзге оқушылардың ата-аналары 3 қыркүйектен бастап күн сайын мектепке келіп шу шығарып, мұғалімдерге қоқан-лоқы көрсетті", - дейді Шолпан Жиенмурзина.


Ақтөбе облыстық дін істері департаментінің басшысы Жолдас Қалмағамбетовтің айтуынша, қазір облыста "мектеп формасын сақтамай отырған" 49 оқушы бар.

- Біз 49 балаға талдау жүргізген кезде олардың ішінде даярлық тобына қатысатын бес жасар бір баланың бар екенін анықтадық. Бастауыш сыныптарда 25 оқушы, 5, 6 және 7 сыныптарда 20 оқушы сабаққа орамал тағып келген. Біздің есебіміз бойынша осы 49 баланың ішінде үш-ақ бала бәлиғат жасына толған, - дейді Жолдас Қалмағамбетов.

Облыстық білім басқармасының мәліметінше, 2017-2018 оқу жылында баласы мектеп формасын сақтамаған 25 ата-анаға Әкімшілік кодекстің 409-бабы 2-тармағына ("Қазақстанның білім беру, дене шынықтыру және спорт саласындағы заңнамасын бұзу") сәйкес бес айлық есептік көрсеткіш (қазір бір АЕК - 2405 теңге) көлемінде айыппұл салынған. Өткен оқу жылының басында облыстағы орта білім беретін мекемелерге 340 оқушы қыз орамал тартып келген. Соның төртеуі келесі сыныпқа көшпей қалған.

Балалары орамал таққан кей ата-аналар мектеп әкімшілігінің талабымен келіспейді. Бұған дейін олар "Конституцияда кепілдік берілген құқығымыз бұзылды" деп білім мекемесінің үстінен сотқа да шағымданған. Сот мектеп әкімшілігінің іс-әрекетін заңды деп тапқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG