Accessibility links

Пашинян екі экс-президентті "саяси өлік" деп атады


Армения премьер-министрі Никол Пашинян.

Армения премьер-министрі Никол Пашинян қыркүйектің 15-і күні елдің бұрынғы президенттері Роберт Кочарян мен Серж Саргсянды және олардың маңайындағыларды "саяси өлікке" теңеді деп хабарлайды Азаттықтың Армян қызметі (Азатутюн).

"Арменияда Роберт Кочарян атты саяси фактор жоқ. Серж Саргсян тәрізді Роберт Кочарян да, олардың төңірегіндегілер де – саяси өліктер. Бірақ бұл саяси өліктер заң алдында жауапты емес дегенді білдірмейді", - деп мәлімдеген Пашинян.

Армения үкіметінің жетекшісі бұған қоса жақында өзіне қатысты Кочарянның "менімен байланысқаны үшін ол әлі өкінетін болады" деген мәлімдемесіне қатысты пікір білдірген.

"Кочарян мырза мұнысымен саяси процестерді өз өресі қалай қабылдайтынын көрсетті. Бұл оларға жеңілген жақтың кетіп бара жатып: "Сен әлі көресің!" дейтіндей аула ішіндегі шекісу емес, - деп мәлімдеген Пашинян.


Мамырдың 7-сі күні Никол Пашинян журналистерге премьер-министр болып сайланған жағдайда саяси оппоненттерінен кек алмайтыны туралы айтқан болатын. "Арменияда вендетта болмайды. Армениядағы саяси және экономикалық қудалау тоқтатылады", - деп мәлімдеген ол.

Соңғы айларда Арменияда бірнеше шулы іс бойынша қылмыстық істер қозғалды. Армения экс-президенті Серж Саргсянның бауыры Левон Саргсянның үстінен тергеу орындары "декларацияда көрсетілуі тиіс қаржыны жасырған" және "заңсыз байыған" деген күдікпен іс қозғаған. Шілде айында 2008 жылғы президент сайлауынан кейін наразы жұртқа қарсы негізсіз күш қолдануға қатысы бар деген күдікпен 63 жастағы экс-президент Роберт Кочарян қамауға алынған. Кейін апелляциялық соттың қаулысымен ол қамаудан босатылған. Армения арнайы қызметінің хабарлауынша, тамыздың 8-і күні "заңсыз қару сақтаған" деген күдікпен Арменияның бұрынғы премьер-министрі Овик Абрамянның бауыры Генрик Абрамян тұтқындалған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG