"Проект" онлайн-басылымы Ұлыбритания билігі Солсбериде Сергей және Юлия Скрипальдарға у беруге күдікті санайтын екі адамның бірі Руслан Бошировтың Ресей арнайы қызметіне қатысы болуы мүмкін екенін көрсететін құжатты анықтаған. Басылым ол файлды "Российский паспорт" ақпараттық жүйесінен тапқанын жазған.
Құжатта Бошировтың ресейлік паспортындағы бұған дейін жарияланбаған фотосуреті бар, онда британ билігі Скрипальдарға жасалған қастандыққа күдікті санайтын адам бейнеленген. Сондай-ақ құжатта бұған дейін Bellingcat зерттеу тобы жазған екінші күдікті – Александр Петровтың паспортының деректеріндегідей белгілер бар. Бошировтың файлына да "мәлімет берілмесін" деген мөр соғылған. "Проект" басылымы Бошировтың құжаттарының көшірмесін Facebook әлеуметтік желісінде жариялаған.
Бұған дейін Bellingcat дереккөздеріне сілтеме жасап, әлгіндей белгі файл иесінің ресейлік арнайы қызметпен байланысы бар адам болуы мүмкін екенін көрсетеді деп жазған. Мөрде көрсетілген телефон нөмірі де Ресей Қорғаныс министрлігінікі болуы ықтимал. Петровтың құжаттарының көшірмесінде де "с.с." деген белгі болған, ол "өте құпия" ("совершенно секретно") дегенді білдіруі мүмкін. "Проект" жариялаған Боширов құжаты көшірмесінің сапасы нашар болғанымен, одан да "с." деген әріпті байқауға болады.
Бошировтың файлында оның ескі паспорты 2010 жылы қазанда "жарамсыз" болып қалғандықтан жаңа құжат берілгені жазылған. (Петров "жарамсыз құжаттың" орнына жаңасын 2009 жылы алған.) Бұған қоса, Бошировтың құжатында ескі паспортының нөмірі көрсетілген. Бұған дейін The Insider мен Bellingcat Петровтың ескі паспортының нөмірі паспорт базасындағы деректерде кездеспейтіндіктен ол жалған нөмір болуы мүмкін деп жазған.
Қыркүйектің 13-і күні RT телеарнасы өздерін "Александр Петров" және "Руслан Боширов" деп таныстырған екі ер адамнан алған сұхбатты жариялаған. Ол екеуі бизнеспен айналысатындарын, Солсбериге "туристік сапармен" барғандарын айтып, Скрипальдарды улауға өздерінің қатысы жоқ екенін мәлімдеген.
Ұлыбритания билігі бұған дейін наурызда Солсбери қаласында бұрынғы ресейлік барлау агенті Сергей Скрипаль мен қызы Юлияға "Новичок" уын беріп, қастандық жасауға күдікті санайтын екі адамның видеосы мен фотосуреттерін таратқан. Олар Ұлыбританияға "Александр Петров" және "Руслан Боширов" деген адамдардың атына берілген ресейлік паспорттармен барған. Британ премьер-министрі Тереза Мэй оларды ресейлік әскери барлау агенттері деп атап, Солсберидегі қастандық операциясына Ресейдің саяси басшылығы келісім берген деп мәлімдеген.
ПІКІРЛЕР