Астанадағы "саяси тұтқындарды қолдау акциясын" түсіруге келген "Настоящее время" телеарнасының тілшісі Светлана Глушкованы полиция алып кетіп, кейін қайта босатқан. Полицейлер оны Есіл аудандық ішкі істер басқармасының ғимаратына жеткізген. Кейін басқарма бастығының орынбасары тілшінің "қателесіп ұсталғанын" айтқан.
Глушкованы полиция қайтадан Космонавтов көшесіндегі акция өтеді деген жерге апарып тастаған.
Журналистпен бірге полицейлер сол маңда кетіп бара жатқан бір адамды машинаға салып алып кеткен. Оны да Есіл аудандық ішкі істер басқармасына апарып, кейін босатқан.
Қыркүйектің 17-сі күні Космонавтов көшесінің бойындағы Батыс елдерінің дипломатиялық өкілдіктері орналасқан ғимараттар маңында таңертеңнен ондаған полицей байқалған. Акция болады деген жерде ақ киім киген азаматтарды тоқтатқан.
Қыркүйектің 13-і күні шетелде тұрып жатқан банкир Мұхтар Әблязов өз оқырмандарына ақ киім киіп, суреттерін әлеуметтік желіде жариялауға ұсыныс жасаған. Осылайша "саяси тұтқындар тізіміндегі" қудаланып жатқан азаматтық белсенділерді қолдауға шақырған.
Әблязов бұл шараны қыркүйектің 17-сі күні Қазақстанға Еуропарламент депутаты Анна Гомес келген кезде өткізуді жөн деген.
ПІКІРЛЕР