Ақтөбеде "мұнай ұрлады" деген айыппен істі болғандарға қатысты сот үкіміне прокуратура наразылық білдіріп, 19 қыркүйек күні апелляциялық алқа істі қайта қарай бастады. Прокуратура наразылығы сотқа биыл 17 тамыз күні түскен.
"Ағайынды төртеу" қылмыстық тобына жетекшілік етті" деп айыпталған Еркін Ізбасар сотқа Ақтөбедегі теміржол ауруханасының күзетілетін палатасынан онлайн байланысқа шықты. Адвокат Сәрсенованың айтуынша, Еркін Ізбасар үкімнен соң 17 күн тергеу изоляторында болып, денсаулығы нашарлаған соң қайтадан ауруханаға түскен. Қалған сотталушылар судья сауалдарынан тергеу изоляторында отырып, жауап берді.
Тергеудің айыптауынша, "мұнай ұрлағандар" саны 26 адам болатын. Прокуратура төрт сотталушының үкіміне наразылық білдірмеген. Олардың арасында "қылмыстық топқа қолдау көрсеткен" полицияның экс-шенеунігі Рахат Аханов та бар.
Мемлекеттік айыптаушылар "мұнай ұрлығымен айналысқан қылмыстық топ жетекшісі" Еркін Ізбасардың жазасын көбейтіп, 16 жылдық түрме жазасын кесуді сұрап отыр. Ал оның «сенімді серігі» ретінде сипатталатын Аухат Қалиевке 14 жылдық жаза кесілуі тиіс деп санайды.
Сотта адвокаттар наразылық мәтінімен таныспағандарын айтты. Судья сот процесі алдағы аптада жалғасатын болды.
Биыл 20 тамызда сот үкімімен "мұнай ұрлаушылардың" екеуі сот залынан бостандыққа жіберіліп, қалған 24 адам 3 пен 12 жыл аралығындағы түрме жазасына кесілген еді. Еркін Ізбасар 12 жыл, Аухат Қалиев 11 жыл, Қалдымұрат Қартжанов 11 жыл, Нұрлыбек Тонтаев 7 жыл, Болатбек Бекетов пен Мұрат Тұржанов 8 жылға сотталған. Сот үкімімен келіспеген "мұнай ұрлаушылардың" адвокаттары Ақтөбе облыстық сотына апелляциялық шағым түсірген.
Қорғаушылар апелляциялық шағым Батыс Қазақстан облыстық сотында қаралатындығы туралы хабарлама алғандарын айтады.
ПІКІРЛЕР