Accessibility links

«Мұнай ұрлау» ісі бойынша 24 адам сотталды


"Мұнай ұрлау ісі" өткен сот залынан көрініс. Ақтөбе, 2 тамыз 2018 жыл
"Мұнай ұрлау ісі" өткен сот залынан көрініс. Ақтөбе, 2 тамыз 2018 жыл

Ақтөбеде «мұнай ұрлады» деген айыппен істі болған 26 адамға тамыздың 2-сі күні сот үкімі шықты. Сотталушылардың екеуі сот залынан бостандыққа жіберіліп, қалған 24 адамға 3 пен 12 жыл аралығындағы түрме жазасы кесілді.

Облыстық соттың мәліметінше, сотталғандар 2015 жылдан бері жалпы сомасы 34 млн теңгеге жуық мұнайды қолды қылған.

«Мұнай ұрлау тобына» үкім шығатын күні Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында күзет күшейтілді. Қалдаяқов көшесінің сот орналасқан бөлігінде көлік қозғалысы тоқтатылып, ғимаратты қоршай қарулы күзет қойылды. Сотталушылардың негізгі залға сыймай қалған туыстары үкімді бірінші қабаттағы монитордан тыңдады. Судья Ахметқали Молдағалиев үкімді соттың екінші қабаттағы қапырық залында екі сағат бойы оқыды.

Судья Ахметқали Молдағалиев "Төрт ағайынды" тобы мүшелерінің үкімін оқып тұр. Ақтөбе, 2 тамыз 2018 жыл
Судья Ахметқали Молдағалиев "Төрт ағайынды" тобы мүшелерінің үкімін оқып тұр. Ақтөбе, 2 тамыз 2018 жыл

Сот қарауына түскен тергеу қорытындысына сәйкес, 26 адамға Қылмыстық кодекстің «мұнай ұрлығы», «адам ұрлау», «ақша бопсалау», «қару сақтау», «бөтеннің мүлкін талан-таражға салу»,«ұйымдасқан қылмыстық топ құру» және басқа баптары бойынша айыптар тағылған. Бұл - ауыр және өте ауыр айыптар.

Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының үкіміне сай бірінші топ мүгедегі Еркін Ізбасар, оның «сенімді серігі» деп сипатталатын Аухат Қалиев, Қалдымұрат Қартжанов, Нұрлыбек Тонтаев, Болатбек Бекетов пен Мұрат Тұржанов барлығы 6 адам ел ішінде «Төрт ағайынды» аталып кеткен ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелері» деп танылды. Тергеу материалдарына қарағанда, «ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелері» Ақтөбе облысындағы кеніштерден қолды болған мұнайдың әр литрінен 1 теңгеден алып отырған.

Судья Ахметқали Молдағалиев «Төрт ағайынды» тобының жетекшісі» Еркін Ізбасарға - 12 жыл, «оның сенімді серігі» Аухат Қалиевке - 11 жыл, Қалдымұрат Қартжановқа - 11 жыл, Нұрлыбек Тонтаевқа - 7 жыл, Болатбек Бекетовке - 8 жыл, Мұрат Тұржановқа - 8 жылдық түрме жазасын кесті.

Көре отырыңыз: «​Мұнай ұрлығы» сотында жасырын куәлар қалай сұралды?

"Мұнай ұрлығы" сотында жасырын куәлар жауап беріп жатыр
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:15 0:00

Өзіне кесілген үкімді естіген Еркін Ізбасар:

- Судья, сіздің қалай аузыңыз барып тұр, олай айтуға?! Сізді президент қоймай ма?! Айтып тұрғаныңызда бір грамм шындық жоқ. Сендер маған осыдан екі жыл бұрын «құрбандыққа шаламын», «түрмеде өлесің» дедіңдер. Мені өлтіруге алып бара жатыр. Бірақ, мен өлімнен қорықпаймын! Альхамдулиллах! Аллахтың қайыры бар мұнда, мен білмейтін, - деп айғайға басты.

Осы кезде залдың бір түкпірінен қыстыға жылап отырған әйелдердің дауысы естілді.

ТЕРГЕУ АНЫҚТАҒАН «МҰНАЙ ҰРЛАУ СХЕМАСЫ»

Тергеудің мәліметінше, «Төрт ағайынды» тобының мүшелерінен өзге 20 сотталушы ұрланған мұнайдан Еркін Ізбасар мен оның серіктеріне тиесілі үлесті бере отырып, заңсыз табыс тапқан. Кеніштерден ұрланған мұнайдың Ақтөбедегі мұнай өңдеуші шағын зауыттарға ешбір кедергісіз жеткізілуіне Ақтөбе облыстық ішкі істер департаменті (ІІД) басшысының бұрынғы орынбасары Рахат Аханов жағдай жасаған. Тергеушілер Аханов мұнай ұрлаушылардан ай сайын 300-350 мың теңге сыйақы алып отырған деп санайды.

«Лауазымдық өкілетін теріс пайдаланды» деп айыпталған полиция полковнигі Аханов 5 жыл 3 айға сотталып, шенінен айырылды. Сот үкіміне сай ол енді ешқашан құқық қорғау органдарында қызмет ете алмайды.

Сот тергеуі барысында ұрланған мұнайдың нақты көлемі мен келтірілген шығынның жалпы сомасы туралы әрқилы мәлімет айтылды. Бастапқы сот мәжілістерінде "ұрланған мұнай" құнын тергеушілер геология және жер қойнауын пайдалану департаменті маманы жасаған есепке сүйене отырып, 39 миллион теңге деп көрсеткен еді. Кейінгі отырыстарда түрлі сараптамалардан соң бұл соманың 16 миллион теңге болғаны туралы айтыла бастады. Ал тамыздың 2-і күнгі сот үкімі шыққаннан кейін Ақтөбе облыстық сотының баспасөз қызметі ұрланған мұнай құнының 33 954 277 теңге екендігі туралы мәлімет таратты.

"Мұнай ұрлау" ісі бойынша сот отырысынан көрініс.
"Мұнай ұрлау" ісі бойынша сот отырысынан көрініс.

Тергеу материалдарына қарағанда, қылмыстық топ «Сағыз Петролеум» компаниясына қарасты «Қағанай» кенішінен 2015 жылғы маусым-қыркүйек аралығында 530 тонна мұнай ұрлаған. Ұрланған мұнай құны 11 млн 302 мың теңге екендігі айтылады.

Қағанай - Байғанин ауданының Жарлы селолық округіндегі кеніш. Айыптау қорытындысына сәйкес «Сағыз Петролеум Компани» мұнай өндіретін кеніштегі «Kag 12» ,«Kag 21», «Kag 23» скважиналарынан ұрланған мұнайды қылмыстық топпен байланысы бар мұнайшы-операторлар әрқайсының сыйымдылығы 70 текше метрлік болат резервуарларға сақтап, кейін оның Байғанин ауданынан Ақтөбеге жөнелтіп отырған.

Одан бөлек тергеу материалдарында Байғанин ауданындағы «Ащыкөл» мен «Қаратөбе», Мұғалжар ауданындағы «Синельниковское» кенішінен де әр жылдары аса көп мөлшерде мұнай ұрланғаны көрсетілген. Қаратөбе – Ақтөбе облысы Байғанин ауданының Жарқамыс ауылындағы кеніш. Тергеушілердің болжамы бойынша, қылмыстық топ құрамындағы Қайыргелді Ізтұрғанов «Қаратөбе кенішіндегі №Г-4 (№30) нөмірлі бекетте күзет жоғын серіктеріне хабарлап, мұнай ұрлау жоспарын құрған». 32 жастағы Ізтұрғанов 6 жылға сотталды. Сот үкімі күшіне енсе, оның мүлкі тәркіленеді.

Мұнай ұрлығына орай айыпталғандар арасында ағайынды Ербол мен Жанат Тектіғұловтар да бар. Сот процесі кезінде мемлекеттік айыптаушы Елдар Әбиев:

- Синельниковское кенішіндегі №5 скважинаның күзетілмейтінін білген Ербол Тектіғұлов қылмыс жоспарын құрып, оған туған інісі Жанат Тектіғұловты да тартқан, - деді.

Ақтөбе облысында мұнайдан ластанған территорияны зерттеп жүрген комиссия.
Ақтөбе облысында мұнайдан ластанған территорияны зерттеп жүрген комиссия.

Тергеу материалдарына қарағанда, Мұғалжар ауданындағы Синельниковское кенішін 2000 жылғы желтоқсанда энергетика министрлігінің рұқсатымен «Озтюркмунай» серіктестігі барлап, мұнай өндіре бастаған. 2010 жылы қаржылық қиындықтарға ұшыраған «Озтюркмунай» кеніштегі жұмысын тоқтатады. Алайда, кеніштегі № 5 скважинаға консервация жасалмаған.

Тергеу «39 жастағы Ербол Тектіғұлов күзетілмейтін скважинадан әр сапарында мұнай тасымалдайтын көлікпен 23 мың литрден астам шикі мұнайды әкетіп отырған» деп күдіктенеді. Прокурорлар әр жолы әкетілген мұнай құнын орта есеппен екі миллион теңге деп бағалаған.

Прокуратура Ербол Тектіғұловты мұнай ұрлап қана қоймай, оны «мұнай тасымалдады, жалған құжат жасап, шикі мұнайға өңделген май құйып, отын ретінде сатты» деп айыптады. Айыптаушылардың сөзінше, ол қылмысын жүзеге асыру үшін 37 жастағы інісі Жанат Тектіғұловтан бөлек, көлік жүргізушілері Мұрат Қуанышев, Руслан Дермұқанов, Бекжан Құлтаев пен Сергей Савченконы да тартқан. Көлік жүргізушілері осы кезге дейін ешқайда шықпау туралы қолхатпен бостандықта жүрген болатын. Бүгін сот залынан тұтқынға алынып, Қуанышев, Дермұқанов, Құлтаев 3 жыл 9 айға, Савченко 3 жылға бас бостандықтарынан айырылды. Ал ағайынды Тектіғұловтардың үлкені Ербол 4 жыл 6 айға, оның інісі Жанат Тектіғұлов 5 жылға сотталды.

Ағайынды Тектіғұловтардың анасы Шолпан Қанапияқызы ұлдарына тағылған айыппен мүлдем келіспейді. Оның айтуынша, екеуінің артында «тышқақ лақтары да жоқ». Екі ұлынан кәмелетке толмаған 4 немересі бар.

АДВОКАТТАР НЕ АЙТАДЫ?

- Соттан менің қорғауымдағы Жанат Тектіғұловты ақтауды сұрадым. Өйткені, қылмыс құрамы жоқ. Өтінішіміз қанағаттандырылмады. Тергеу Жанат Тектіғұловты «Синельниковское» кен орнынан мұнай ұрлады» деп айыптады. Сотта кен орнының иесі ретінде Қазақстанның энергетика министрлігі аталды. Яғни, министрлік жәбіренуші болып отыр. Біздіңше, сот ең алдымен Энергетика министрлігін жауапқа тартуы керек еді. Өйткені министрлік Синельниковское кенішін 2011 жылдан бері қараусыз қалдырған. Мұнай айдалада ағып жатқан. Сондықтан мұны ешкім де меншікке қатысты қылмыс дей алмайды. Иесіз жерден алынған нәрсені ұрлық деп те санауға болмайды. Бұл - экологиялық қылмыс! Және ол үшін министрлік жауап беруі керек, - деді Жанат Тектіғұловтың адвокаты Нұрбибі Есмағамбетова.

Министрлік Синельниковское кенішін 2011 жылдан бері қараусыз қалдырған. Мұнай айдалада ағып жатқан. Сондықтан мұны ешкім де меншікке қатысты қылмыс дей алмайды.

«Мұнай ұрлады» деп айыпталған 26 адамның екеуі тамыздың 2-сі күні сот залынан бостандыққа жіберілді. Олар: Айбек Тілеуғазиев пен Амандос Есенғалиев. «Қылмыстық қудалау мерзімінің өтіп кетуіне байланысты» жазадан босатылған Айбек Тілеуғазиев пен бас бостандығы 2 жылға шектеліп, сосын рақымшылық жасалған Амандос Есенғалиевтен өзге 24 адам 3-12 жыл аралығындағы жазаға кесілді.

- Сот өте қатал үкім шығарды. Шектен шыққан қатал үкім дер едім. Үкімнің заңдылығы, әділдігі жөнінде сұрақтарымыз өте көп. Айтарым, үкімге шағым келтіріледі. Міндетті түрде! Еркін Ізбасарға сот сегіз бап бойынша үкім кесті. О баста 13 түрлі бап бойынша айып тағылған болатын. Өзгертілген, алып тасталған баптар бар. Қай баптар екенін үкімнің толық нұсқасы қолымызға тигеннен кейін ғана айта аламын. Әзірге айтарым, тергеудің Ізбасар мен Қалиевке таққан айыбы дәлелденген жоқ. Мұндай жағдайда «ұйымдасқан қылмыстық топ» туралы сөз қозғаудың өзі орынсыз, - дейді сотта Еркін Ізбасарды қорғаған адвокат Мәди Мырзағараев.

"Қылмыстық топқа жетекшілік еткен" бірінші топ мүгедегі Еркін Ізбасар бұрын да сотталған. Ол алғаш рет 2003 жылғы наурызда "бопсалау" айыбы бойынша сотталып, жеті жылға бас бостандығынан айырылған. Бір жылдан соң бостандыққа шыққан. Ал 2008 жылғы сәуір айында Ізбасарға Қылмыстық кодекстің "ұйымдасқан қылмыстық топ құру және оған жетекшілік ету", "заңсыз қару, оқ-дәрі сақтау, тасымалдау және өзімен алып жүру", сонымен бірге "заңсыз есірткі сақтау, сатып алу, сату және тасымалдау" бабы бойынша айыптар тағылған. Сот үкімімен үш жылға бас бостандығынан айрылған Еркін Ізбасар 2010 жылғы қаңтарда мерзімінен бұрын бостандыққа шыққан.

Ақтөбе облысындағы мұнай кеніші. Көрнекі сурет
Ақтөбе облысындағы мұнай кеніші. Көрнекі сурет

Ізбасардың тағы бір адвокаты Тамара Сәрсенова:

- Бұл жолы барлық айыптау құпия куәлардың сөзі негізінде ғана тағылды. Осылайша, прокурорлар айыптау көлемін жасанды түрде ұлғайтты. ҰҚК куәларды қолдан жасады. Сотта 13 адам бүркеншік атпен куәлік еткен болатын. Сот оның алтауының куәлігін алып тастады. Одан бөлек прокурорлар Еркін Ізбасарды «осыған дейінгі жазасының 5 ай 28 күнін өтемеді» деген желеумен «қауіпті рецидивист» деп тануды талап еткен болатын. Сот оны да қанағаттандырған жоқ. Ізбасар осыған дейінгі жазаларын толық өтеді деп таныды. Ендігі бар үмітіміз - Жақып Асановта (Жоғарғы сот төрағасы - ред.). Қоғамның да, соттың да көзі ашылады деп үміттенеміз, - деді адвокат Тамара Сәрсенова.

Сот кезінде кейбір куәлардың «жеке бас қауіпсіздігі үшін» ашық куәлік бере алмайтыны хабарланған.

Сәрсенованың сөзіне қарағанда, Еркін Ізбасар сот тергеуі кезінде Ақтөбенің теміржол ауруханасындағы арнайы күзетілетін палатада болған. Үкім оқылғаннан кейін арнайы жасақ оны апелляциялық алқаның қаулысын күтпестен тергеу изоляторына алып кеткен.

- Тап осы жайт менің наразылығымды туғызып отыр. Өйткені, тергеу изоляторында бірінші топ мүгедегін ұстауға ешқандай жағдай жоқ, - дейді адвокат.

2016 жылдың желтоқсанында Ұлттық қауіпсіздік комитетінің (ҰҚК) қызметкерлері мен коррупцияға қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы және Ішкі істер министрлігі бірлесіп Ақтөбе және тағы бірнеше облыста «мұнай өнімдерін жымқырумен айналысқан» деген күдікті топты қолға түсіру операциясын жүргізген. Кейін сот операция барысында ұсталған жиырмадан астам күдіктіні қамауға санкция берген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG