Accessibility links

Билік "Цеснабанк" несиесін сатып алу механизмін бекітті


Астанадағы "Цеснабанк" бөлімшесі. 12 қыркүйек 2018 жыл.

Қазақстан үкіметі мен Ұлттық банк 20 қыркүйекте "аграрлық секторды сауықтыру және "Цеснабанктің" тұрақтылығын нығайту механизмін" бекіткенін хабарлады. Елде активінің көлемі жөнінен екінші ірі банк саналатын "Цеснабанктен" 450 миллиард теңгенің (шамамен 1,25 миллиард доллар) ауыл шаруашылығы несиесі сатып алынады.

Ресми хабарлама бойынша, "механизм" алдағы күндері іске асырылады. Үкімет пен ұлттық банктің есебінше, бұл "ауыл шаруашылығы өндірушілерінің жағдайын жақсартып", "Цеснабанктің" тұрақтылығын нығайтады. Ұлттық банк сонымен қатар "Цеснабанкке" банк акционерлері салатын қосымша капитал көлемі мен мерзімі де анықталғанын хабарлады.

Ұлттық банктің мәліметінше, "Цеснабанктің" активі 5,6 миллиард долларға жетеді. "Цеснабанк" - Қазақстан президенті әкімшілігінің бұрынғы жетекшісі Әділбек Жақсыбеков отбасының бақылауында.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев 10 қыркүйекте Әділбек Жақсыбековті "зейнет жасына жетуіне байланысты" отставкаға жіберу туралы жарлық шығарған. Сол күні Жақсыбеков "Цеснабанк" акцияларының бақылау пакетіне ие "Цесна" корпорациясының директорлар кеңесіне басшы болды.

Оқи отырыңыз: Жақсыбековтің саяси мансабы аяқталды ма?

"Цеснабанк" қыркүйектің басында Ұлттық банктен қысқа мерзімге 150 миллиард теңге несие алғанын растаған. Несие "қосымша өтімділік қорын қамтамасыз ету үшін" берілген. Банк 6 қыркүйектегі жағдай бойынша несиенің жартысынан көбі - 100 миллиард теңгені "өз есебінен өтегенін" хабарлаған.

2017 жылы банк секторын жақсарту бағдарламасы аясында "Цеснабанкке" мемлекеттен жеңілдікпен 100 миллиард теңге берілген еді.

Биыл көктемде президент Назарбаев банк секторын қолдау бағдарламасы аяқталғанын мәлімдеп, коммерциялық банктерге енді мемлекеттен көмек сұрамауды ескерткен.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG