Accessibility links

Ресей: Екі өлке губернаторын сайлауда ЛДПР кандидаттары жеңді


Ресей Орталық сайлау комиссиясының ақпараттық орталығындағы Хабаровск мен Владимир өлкелерінің губернаторын сайлау нәтижесі көрсетіліп тұрған экран. 10 қыркүйек 2018 жыл.
Ресей Орталық сайлау комиссиясының ақпараттық орталығындағы Хабаровск мен Владимир өлкелерінің губернаторын сайлау нәтижесі көрсетіліп тұрған экран. 10 қыркүйек 2018 жыл.

Ресейдің екі өлкесінде губернатор сайлауында Ресей либерал-демократиялық партиясының (ЛДПР) кандидаттары биліктегі "Единая Россия" партиясы ұсынған кандидаттардан басым түсті.

Хабаровск өлкесінің губернаторлығына кандидат, ЛДПР мүшесі Сергей Фургал сайлаудың екінші кезеңінде жеңіске жетті. Фургал екінші кезеңде сайлаушылардың 70 пайыз даусын иеленді. Аймақ басшысының міндетін уақытша атқарушы, "Единая Россия" партиясы губернаторлыққа ұсынған Вячеслав Шпорт 28 пайыз дауыс жинады. Сайлауға дауыс беру құқығы бар азаматтардың 42 пайызы қатысты.

Экзит-полл нәтижесі бойынша, Вячеслав Шпорт 57 пайыз, ал Сергей Фургал 43 пайыз дауыс жинаған.

Ал Владимир өлкесіндегі губернатор сайлауының екінші кезеңінде сайлау комиссиясы ЛДПР өкілі Владимир Сипягин сайлаушылар даусының 57 пайызын иеленгенін мәлімдеді. Іс басындағы губернатор, "Единая Россия" мүшесі Светлана Орлова 37,5 пайыз дауыс иеленді. Сайлаушылардың 38,3 пайызы дауыс берді.

Ресей Орталық сайлау комиссиясының төрайымы Элла Памфилова Хабаровскідегі губернатор сайлауының нәтижесі айқын екенін және оған күмән жоғын мәлімдеді.

Сайлаушылар құқығын қорғайтын "Гражданский контроль" ассоциациясы Хабаровскідегі губернатор сайлауының екінші кезеңі жоғары деңгейде ұйымдастырылды деп санайды. Ассоциацияның тең төрағасы, Адам құқығы жөніндегі кеңес мүшесі Александр Бродтың бағалауынша, Хабаровскідегі дауыс беруде Приморье өлкесіндегі губернатор сайлауымен салыстырғанда қоғамдық бақылау күшті болды.

Бұл өлкелерде губернатор сайлауының алғашқы кезеңі 9 қыркүйекте өткен.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG