Парламент сенаты 27 қыркүйекте діни қызмет және діни бірлестіктер туралы заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жобасын қарап, оған өз ұсыныстарын енгізіп мәжіліске қайтарды.
Талқылауға қатысқан қоғамдық даму вице-министрі Берік Арынның айтуынша, сенаторлар заң жобасына шетелде діни оқуға бармас бұрын Қазақстанда діни білім алуды міндеттейтін ұсынысты жоюды және жарнамада деструктивті діни ағымдардың діни атрибуттарын қолданғаны үшін көрілетін жазаны айқындауды ұсынды.
- Біз деструктивті діни ағымдардың сыртқы атрибуттарын және идеологиясын жарнамалауға болмайды деген ұсыныс жасағанбыз. Бірақ әкімшілік кодексте ол үшін жаза көзделмеген еді. Депутаттар тыйым болса, оған жауапкершілік болуы керегін айтып, оны алып тастауды ұсынды. Біз алдымен бұны енгізіп, апробация жасап көрейік, жазаны кейін енгізерміз деп ойлағанбыз, - деді Берік Арын.
Вице-министрдің сөзінше, сенат депутаттары шетелде діни білім алу үшін алдымен Қазақстаннан діни білім алуды міндеттеу азаматтардың конституцияда бекітілген білім алу еркіндігі туралы құқығын шектейді деген пікір білдірген.
Бұған дейін заң жобасын мәжілісте талқылау кезінде мәжілістің халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мұхтар Ерман құжат дін қызметі саласында заңнама талаптарын бұзғаны үшін салынатын айыппұл көлемін қайта қарастыратынын айтқан. Оның айтуынша, кәмелетке толмаған жасөспірімдердің діни шараларға қатысуы үшін ата-аналарының келісімі керек болады.
Мәжіліс 23 мамырда мақұлдаған заң жобасында мемлекеттік қызметкерлердің діни әрекеттеріне байланысты талаптар, діни бірлестіктердің қызметін бақылау, жазалау мекемелеріндегі сотталушылардың діни әрекетін реттеу, шетелде діни білім алуға қатысты мәселелер қамтылған. Жоба қоғамдық орындарда ниқаб киюге, құлшылық ету орындарынан бөлек жерде неке қиюға тыйым салады. Бұл талаптарды бұзғандарға айыппұл салынады. Бұған қоса, діни мекемелердің ашықтық мәселелері де қарастырылған.
Forum-18 құқық қорғау ұйымының редакторы әрі журналисі Феликс Корли 25 қыркүйекте жариялаған мақаласында үкімет әзірлеген діни бірлестіктер туралы заң жобасы Қазақстанның халықаралық міндеттемелерін орындаудағы кемшіліктерді жоймай, керісінше еселей түседі деген пікір білдірген.
ПІКІРЛЕР