Accessibility links

Әсет Нұржаубай соңғы сөзін келесі аптада айтады


Белсенді Әсет Нұржаубай жарыссөзде сөйлеп тұр. Алматы, 27 қыркүйек 2018 жыл
Белсенді Әсет Нұржаубай жарыссөзде сөйлеп тұр. Алматы, 27 қыркүйек 2018 жыл

Алматының Медеу аудандық сотында "алаяқтық жасады", "қуғындағы оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязовке болысты" және тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысы қызметіне қатысты деп айыпталған белсенді Әсет Нұржаубайдың ісі бойынша жарыссөз аяқталды. Жарыссөзде адвокат Камила Толыбаева сөйледі және айыпталушы Әсет Нұржаубайға сөз берілді.

Әсет Нұржаубай сотқа дейінгі тергеуде өзіне психологиялық және физикалық қысым жасалғанын, тергеу изоляторында азапталғанын айтты. Алайда прокурор қажетті шаралар қолданбаған. Оның айтуынша, сот тергеуі кезінде негізгі куәгерлердің сөзіндегі қарама-қайшылықтар сол күйінше шешілмей қалған.

Әсет Нұржаубай өзінің еш кінәсі жоқ екенін айтып, соттан әділ үкім шығаруды өтінді.

Ал адвокат Толыбаева Нұржаубайға алты жыл түрме жазасын сұраған айыптау тарабының позициясымен келіспейтінін айтты. Оның айтуынша, "саяси" айыптауларға қатысты сот тергеулері кезінде неге екені белгісіз, сот Ләззат Бақбергенованы негізгі куәгерлер қатарына енгізбеген. Адвокаттың айтуынша, осылайша оның сөзіндегі қарама-қайшылықтар сол күйінше түсініксіз күйде қалған. Ал заңнама бойынша кез-келген қарама-қайшылық күдіктінің пайдасына қарай шешіледі. "Саяси" айыптаулар бойынша Нұржаубайға ең көп дегенде әкімшілік жаза ғана беруге болады деді адвокат.

Ал алаяқтыққа қатысты айыптау бойынша, адвокаттың пікірінше, Нұржаубайдың әрекеттерін алаяқтық деуге келмейді. Ол бұрын өзімен бірге тұрған әйелдің ақшасын иемденбеген - кейін қайтарып берем деп қарызға алған. Бірақ ақырында қарызын қайтаруға түрлі жағдайлар кедергі келтірген.

Бұл бап бойынша адвокат жәбірленушіні - Нұржаубаймен бірге тұрған адамды қылмыстық жауапкершілікке тартуды сұрады. Өйткені соның жалған куәгерлігі кесірінен Әсет Нұржаубайға алаяқтық бабы бойынша айып тағылып жатыр. Осылайша адвокат Толыбаева соттан Әсет Нұржаубайды ақтауды сұрады.

Жарыссөзден кейін судья Кішібай айыпталушы соңғы сөзін 2 қазанда айтатынын жеткізді.

Бұған дейін прокурор Жәнібек Мамытов айыпталушының кінәсі толық дәлелденгенін айтып, соттан Нұржаубайды алты жылға соттауды сұраған.

Кешегі жарыссөзде жәбірленуші - Әсет Нұржаубаймен бұрын тұрған әйел прокурордың сұрағанын құптап, соттан сонымен бірге 3,6 миллион теңге көлемінде өтемақы өндіріп беруін сұраған.

Әсет Нұржаубай елде тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдау ұйымына қатысы бар" деп айыпталған бірінші азамат емес.

26 қыркүйекте Алмалы аудандық сотында тағы екі сот басталды. Тергеу дерегінше, айыпталушылар (әзірге, саны белгісіз) сотпен тыйым салынған Әблязов ұйымын қолдаған және Әблязовтың виртуалды конференцияларына тікелей немесе жанама түрде қатысқан.

30 жастағы Әсет Нұржаубайға Қылмыстық кодекстің "экстремистік ұйым құру және оның қызметіне қатысу", “экстремистік ұйымның әрекетіне қатысу” және “алаяқтық” баптары бойынша айып тағылған.

Польшада орналасқан "Ашық диалог" (Open Dialog) құқық қорғау ұйымы Әсет Нұржаубайды биліктің Астананы сынайтын әрі шетелде тұратын Мұхтар Әблязов құрған ҚДТ-мен күресі науқанына ілігіп кеткендердің бірі деп санайды.

Бұған дейін қазақстандық құқық қорғаушылар Әсет Нұржаубайды "саяси тұтқын" деп жариялаған.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG