Accessibility links

Қырғызстан экс-президентке тиіспеу нормасын конституцияға қайшы деп таныды


Қырғызстан экс-президенттері Алмазбек Атамбаев пен Роза Отунбаева.

Қырғызстан Жоғарғы сотының конституциялық палатасы заңгер Нурбек Токтакуновтың заңдағы экс-президентке тиісуге мүлдем болмайтыны туралы норманы конституцияға қайшы деп тануды сұраған шағымын қарады. Заңгер Қырғызстан президентінің қызметіне кепілдік беру туралы заңның 12-бабын ("Қырғызстан экс-президентіне тиіспеу") шағым түсірген. Ол шағымында экс-президентке мүлдем тиісуге болмайды деген норманы жоюды сұрайды.

Токтакуновтың сөзінше, конституциялық палата президентке тиіспеу құқығын беру конституцияға қайшы, бірақ тиіспеу туралы нормамен бірге ондай құқықтан айыру процедурасы да қарастырылуы тиіс деп жауап берген.

"Түсінікті қылып айтсақ, олар "экс-президентке тиіспеу туралы бап конституцияға қайшы келеді, себебі бұл құқықтан айыру процедурасы қарастырылмаған" деген пікірде. Палата заңға экс-президентті тиіспеу құқығынан айыру процедурасын енгізуді депутаттар ұсынуы керек деп, барлық жауапкершілікті Жогорку Кеңешке артып отыр. Олар сонымен қатар бұл процедура президентті қызметінен шеттетуден (импичмент жариялау - ред.) оңай болмауы тиіс деп санайды" дейді Токтакунов.

Конституциялық палата заңгер Токтакуновтың шағымын биыл шілдеде өндіріске алған. Заңгер экс-президентке тиісуге болмайды деген абсалютті құқық конституцияның "заң алдында адамдардың барлығы тең" деген принципіне қайшы келеді дейді.

Қырғызстан президентінің қызметіне кепілдік беру туралы заңның 12-бабында экс-президент Қырғызстан президенті қызметін атқару кезіндегі әрекеті немесе әрекетсіздігі үшін қылмыстық және әкімшілік жауапқа тартылмайды, тұтқындалып, қамалмайды, тінтілмейді және тергелмейді делінген. Қырғызстанда экс-президент мәртебесіне Роза Отунбаева мен Алмазбек Атамбаев қана ие.

Оқи отырыңыз: Парламент экс-президенттерді тиіспеу кепілдігінен айыруды қолдады

Заңның бұл талабын жою туралы талқы Алмазбек Атамбаевтың Бішкек ТЭЦ-ін модернизациялауға тікелей қатысы бары туралы мәлімдемеден кейін күшейген. Қырғызстан құқық қорғау органдар ТЭЦ-ті модернизациялау кезінде сыбайлас жемқорлық қылмысы болған деп күдіктенеді. Атамбаев айыпты жоққа шығарады.

"Бішкек ТЭЦ-ін модернизациялау" жобасын іске асыру кезіндегі ықтимал сыбайлас жемқорлық фактісін тергеу аясында Алмазбек Атамбаевтың үш серігі - бұрынғы премьер-министр Сапар Исаков, Бішкектің экс-мэрі Кубанычбек Кулматов пен депутат Осмонбек Артыкбаев қамалды. Бұл үш саясаткер де Атамбаев басқаратын Социал-демократиялық партияның мүшесі. Искаков, Кулматов пен Артыкбаев өздеріне тағылған айыпты терістейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG