Accessibility links

Парламент экс-президенттерді тиіспеу кепілдігінен айыруды қолдады


Алмазбек Атамбаев Қырғызстан президенті болып тұрғанда елдің экс-президенті Роза Отунбаевамен бірге 2010 жылғы революция құрбандарын еске алу шарасында отыр. Бішкек, 7 сәуір 2015 жыл. (Көрнекі сурет.)
Алмазбек Атамбаев Қырғызстан президенті болып тұрғанда елдің экс-президенті Роза Отунбаевамен бірге 2010 жылғы революция құрбандарын еске алу шарасында отыр. Бішкек, 7 сәуір 2015 жыл. (Көрнекі сурет.)

Қырғызстан парламенті экс-президенттерді тиіспеу кепілдігінен айыру мүмкіндігін қарастыру үшін "Президент қызметіне кепілдіктер беру туралы" заңға өзгерістер енгізу туралы ұсынысты көпшілік дауыспен қолдады. Бұл бастама қазіргі мемлекет басшысы Сооронбай Жээнбеков пен экс-президент Алмазбек Атамбаевтың арасындағы қарым-қатынасты қоғам қызу талқылап жатқан кезде көтерілген.

Мамырдың 17-сі күні Қырғызстан парламенті депутаттары экс-президентті тиіспеу кепілдігінен айыру туралы бастаманы қолдап дауыс берді.

"Өнүгүү-Прогресс" фракциясы депутаты Исхак Масалиевтің ұсынысын парламент жиынына қатысқан 112 депутаттың 87-сі қолдап, 14-і қарсы дауыс берген. Экс-президентті тиіспеу мәртебесінен айыру тетіктерін әзірлеу үшін депутаттың ұсынысы парламенттің салалық комитеттеріне қаулы түрінде жолданды. Бастама қашан іске қосылатыны әзірше белгісіз. Идея авторы ұсынысының мән-жайын былай деп түсіндірді:

Исхак Масалиев
Исхак Масалиев

- Бұл жерде мәселе экс-президентті мүлде тиісуге болмайды деген кепілдіктен айыру туралы емес, бұл тұлғаны жауапқа тарту мәселесіне қатысты болып тұр. Заң бойынша, мемлекеттің бұрынғы басшыларын мүлде жауапқа тартуға болмайды екен. Тіпті біреуді өлтіріп немесе ұрлық жасаса да оларды жазалай алмайды екенбіз. Бірақ ол қызметін адал атқарса, оған ештеңе болмайды ғой. Ал ұрласа, тіпті одан да ауыр қылмыс жасаса, қалай жауапқа тартпаймыз? Қазір дәл осы принцип бұзылып тұр. Бұл – кезінде "Асқар Ақаев билікке жабысып алмауы" үшін енгізілген ескі норма.

АТАМБАЕВҚА ҚАРСЫ НОРМА МА?

Әңгімеге "Президент қызметіне кепілдіктер беру туралы" заңның "Экс-президентке тиісуге болмайды" деп жазылған 12-бабы арқау болған. Бұл нормада "президенттік өкілеттігін атқару кезеңіндегі іс-әрекеттері я әрекетсіздігі үшін экс-президент қылмыстық немесе әкімшілік жауапқа тартылмайды, бұған қоса, оны қамауға алуға, тінтуге, тергеуге немесе жеке басын тексеруге болмайды" деп көрсетілген.

Чыныбай Турсунбеков
Чыныбай Турсунбеков

Экс-президенттерді ешкімнің тиісуіне болмайды деген мәртебеден айыруға қарсы шыққандардың бірі – ҚСДП (Қырғызстан социал-демократиялық партиясы – ред.) фракциясының депутаты, парламенттің экс-спикері Чыныбай Турсунбеков. Ол ұсыныстың "саяси реңкі" бар әрі саяси ойындармен әуестеніп заңға қайшы әрекеттер жасау дұрыс емес деп санайтындықтан оған қарсы дауыс бердім деп түсіндіреді.

- Егер заңды экс-президентті тиіспеу кепілдігінен айыратындай етіп өзгертсек, бұл норма мемлекеттің келесі басшыларына қолданылатын болады. Норма қазіргі экс-президенттерге қолданылмайды, өйткені заңның күші кері жүрмейді. Сондықтан бұл бастама қызбалықпен, заңның мәнісін түсінбегендіктен немесе әлдебір қитұрқы ойындардың кесірінен көтерілген. Бұл Атамбаевқа қарсы жасалып жатқан әрекет екенін бәріміз түсініп отырмыз. Бірақ заңды құрметтеп, мәнісін түсінетін адамдар мұның дұрыс емес екенін біліп отыр, - дейді ол.

Видео: Жээнбеков - Атамбаев арасы ушығып бара ма (11 сәуір 2018 жыл)?

Чыныбай Тұрсынбековтің сөзінше, құқықтық нормаларға сәйкес, заңның күші кері жүрмейді. Бұл бастама Бішкек жылу электр станциясы (ЖЭС) төңірегіндегі жанжалға (билік станцияны жаңғырту процесінде коррупциялық схемалар бар деп топшылайды) байланысты көтерілгендіктен, "Экс-президент Атамбаевқа мұның қандай әсері болады?" деген заңды сауал туады. Бұрынғы әділет министрі әрі "Ата Мекен" парламенттік фракциясының жетекшісі Алмамбет Шыкмаматов заңға кері күші жүретін норма енгізуге болады деп санайды.

Алмамбет Шыкмаматов
Алмамбет Шыкмаматов

- Мұндай бастама заңдарға түзету енгізу тәртібімен ұсынылатын болады. Бірақ "заңның кері күші жоқ" деген норма бар болғандықтан, заң мәтінінің өзіне "бұл заңның кері күші болуы мүмкін" деген тармақ енгізуге болады. Егер оны заңда ашып жазсақ, норма жұмыс істейтін болады, - дейді ол.

Жоғарғы соттың бұрынғы төрағасы Құрманбек Осмоновтың айтуынша, конституциялық заңда экс-президент мәртебесі ашып жазылғандықтан, оны өзгерту үшін де конституциялық заң қабылдау қажет болмақ. Ал ондай заң қабылдау үшін парламент құрамының үштен екісінен кем емес бөлігінің немесе депутаттардың 80 пайызының қолдауы қажет.

БИЛІККЕ ТАЛАС

Экс-президентті тиіспеу кепілдігінен айыру мәселесіне атүсті қарауға ел президенті қызметін атқарған кезде Алмазбек Атамбаевтың жұмысын жиі сынаған қоғам қайраткері Эдил Байсалов та қарсы. Оның пікірінше, бұл үшін 80 депутаттың келісімінен бөлек, бас прокуратураның да келісімін алу қажет.

Эдил Байсалов
Эдил Байсалов

- Экс-президенттерді атүсті соттауға қарсымын. Өйткені президенттің міндеттері, жауапкершілігі мен қызметі – өте ауыр. Президент қызметін атқарған кезде мемлекет басшысының дұшпандары да көп болады. Егер экс-президенттерді жауапқа тарту процедурасын бірден бастап кетсек, бұл мемлекеттігімізге күмән тудырады. Қызметтегі президентке импичмент жариялау қиындығы сияқты бұрынғы мемлекет басшысын тиіспеу мәртебесінен айыру да қиын процедура болуы тиіс, - дейді ол.

Қырғызстанның "Президент қызметіне кепілдіктер беру туралы" заңына сәйкес, экс-президент атағы бар адам мемлекеттік күзетпен, тегін медициналық қызметпен қамтамасыз етіледі, өмір бойына әрі ай сайын ақшалай көмек немесе зейнетақы алады, бұған қоса, оған мемлекеттік саяжайлардың бірін өмір бойы пайдалану құқығы және өзге де жеңілдіктер беріледі. Халық толқуы салдарынан билік ауысқан кезде Қырғызстанның алғашқы президенті Асқар Ақаев пен екінші президенті Құрманбек Бакиев экс-президент мәртебесінен айырылған болатын. Қазір бұл атақ Роза Отунбаева мен Алмазбек Атамбаевта ғана бар.

Оқи отырыңыз: Атамбаев Жээнбековтің кадр саясатына өкпелі ме?

Қырғызстандағы жағдайды бақылап жүрген Ұлыбританиядағы Эксетер университетінің профессоры Джон Хезершоу Азаттықтың Қырғыз қызметіне берген комментарийінде Қырғызстанда болып жатқан оқиғаларды жаңа биліктің нығаюы деп атауға болатынын айтады. Сарапшы пікірінше, Жээнбеков пен Атамбаевтың арасында билікке талас жүріп жатқаны анық байқалады.

- Меніңше, Жээнбеков Атамбаевты қудалауға кіріссе – дұрыс болмас еді. Өйткені бұл әрекеттері "егер биліктен өз еркіңмен кетсең, бәрінен айырыласың" дегенге меңзеп, прецедентке айналуы мүмкін. [Өз кезегінде] Атамбаев та Жээнбековтің өз басқару жүйесін нығайтуына мүмкіндік беріп, жаңа президенттің билікке өз адамдарын әкелу процесіне араласпағаны жөн, - дейді Джон Хезершоу.

Британдық сарапшы Қырғызстан билігіндегі қазіргі жағдайды демократия әлі толық қалыптаспаған елдердің көбіне тән құбылысқа балап, орнықты үкімет қалыптастырудағы қиындықтар тәрізді бұл жағдайдан төнетін белгілі бір қатерлер бар деп санайды.

(Азаттықтың Қырғыз қызметінің материалы орысшадан аударылды.)

XS
SM
MD
LG