Accessibility links

Жээнбеков пен парламент үкіметті отставкаға жіберді


Қырғызстан премьер-министрі Сапар Исаков.
Қырғызстан премьер-министрі Сапар Исаков.

Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков жарлығымен Сапар Исаков басқаратын ел үкіметі отставкаға кетті.

Сәуірдің 19-ы күні Қырғызстан Жогорку Кенеші үкіметке сенімсіздік білдіру мәселесін қарады. Сенімсіздік білдіру туралы ұсынысты "Республика-Ата Журт" фракциясының лидері Жыргалбек Турускулов жасап, оны 40 депутат қолдады. Конституция бойынша парламент депутаттарының үштен бірі бастаманы қолдаса Жогорку Кенеш бұл ұсынысты талқыға салады. Осы күні түстен кейін парламент үкіметке сенімсіздік білдіру вотумына дауыс беріп, оны мақұлдады. 100-ден астам депутат қолдап дауыс берген. Артынша Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков премьер-министр Сапар Исаков басқаратын үкіметті тарату туралы қаулыға қол қойды.

Сапар Исаковты премьер-министрлікке елдің бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаев тағайындаған. Соңғы уақытта қазіргі президент Жээнбеков пен бұрынғы президент Атамбаев арасындағы кикілжің туралы жиі айтыла бастаған.

"САЯСИ ОЙЫН"

Бұған дейін оппозициялық "Республика - Ата Журт", "Ата Мекен" және Онугуу-Прогресс" фракциялары премьер-миинстр Сапар Исаков үкіметінің 2017 жылды қортындылаған есебіне қанағаттанбайтындарын айтқан. Үкімет есебін Атамбаев басқаратын, Исаковтың өзі мүше СДПК партиясы мен "Қырғызстан" партиясы оң бағалаған. Бірақ сенімсіздік білдіру вотумын қолдағандардың көбі - СДПК партиясының өкілдері.

19 сәуірдегі Жогорку Кенеш отырысынан видео:

Атамбаев басқаратын СДПК партиясының кейбір өкілдері парламент шешімін "саяси ойын" деп бағалады.

"Бұл жерде мәселе Сапар Исаковта емес, мәселе - саяси ойындарда. Бұл Қырғызстанға кері әсер етеді. Жаңа үкімет құрылғанда Қырғызстанның дамуы жарты жылға тежеледі" деді СДПК фракциясының мүшесі Дастан Бекешов.

Ал Жогорку Кенеш депутаты Чыныбай Турсунбековтың айтуынша, елдегі саяси күштердің арасындағы жағдай нашарлап кеткеннен кейін депутаттар үкіметке сенімсіздік жариялаған.

"Жағдай өте ауыр. Елдегі саяси күштердің арасы күрт нашарлап кетті. Ал премьер-министрдің міндеті - саяси күштерді біріктіру. Егер жағдай қиындамағанда сенімсіздік туралы вотум да болмас еді. Үкіметке сенімсіздік таныту - өте үлкен мәселе" деді депутат.

Жогорку Кенеш депутаты Чыныбай Турсунбеков.
Жогорку Кенеш депутаты Чыныбай Турсунбеков.

Қырғызстан парламенті "ел үкіметі Құмтор мәселесі, Тогуз-Тородегі жағдай, "Ақылды қала" және ГЭС құрылысы кезіндегі даулар, экономикалық қылмыстар мен жемқорлықпен күресте дұрыс жұмыс істей алмады" деп есептейді.

Сапар Исаков басқаратын үкімет Жогорку Кенеш шешіміне қатысты қандай да бір мәлімдеме жасаған жоқ. Бұған дейін парламенттегі оппозиция алдында есеп берген кезде Исаков олардан уақыт беруді сұраған.

"ЖЭЭНБЕКОВ БИЛІГІН КҮШЕЙТУГЕ КӨШТІ"

Жогорку Кенештің экс-спикері Абдыганы Эркебаев үкіметке сенімсіздік жариялаудың екі себебін атады.

"Біріншіден, бұрынғы және қазіргі президенттің қарым-қатынасы нашарлап кетті. Ал премьер-министр осы кезде саяси этиканы бұзып, СДПК партиясының сьездіне қатысқанын, Алмазбек Атамбаевты басқа елге сапарға шығарып салғанын ашық айтты. Екіншіден, үкімет елдегі экономикалық мәселелерді терең шешпей, тек жарнамамен айналысты" дейді сарапшы.

Оқи отырыңыз: Атамбаев Жээнбековтің кадр саясатына өкпелі ме?

Қырғызстандық саясаттанушы Марс Сариевтың пайымдауынша, Жээнбеков пен Исаков бірге жұмыс істей алмады.

"Бұл - ішкі саясаттағы қалыпты құбылыс. Сооронбай Жээнбеков өз билігін күшейтуге көшті. Күштік құрылымдарды да ауыстырды. Ескі командадан тек ішкі істер министрі қалды. Бірақ бұл процесс әлі жалғасып жатыр. Президент билікті толық өз қолына алып, өзі уәде еткен реформаны жасауға көшкен сияқты" дейді Сариев. ​

Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков пен Қырғызстан премьер-министрі Сапар Исаков. 28 қаңтар 2018 жыл.
Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков пен Қырғызстан премьер-министрі Сапар Исаков. 28 қаңтар 2018 жыл.

Сапар Исаковтің үкіметі 2017 жылы тамыздың аяғында қызметіне кіріскен. Ол үкімет құрамын парламенттегі көпшілік коалициясына кіретін СДПК, "Қырғызстан" және "Бир бол" фракциялары ұсынған. Сапар Исаковқа дейін Қырғызстан үкіметін қазіргі президент Сооронбай Жээнбеков басқарған. Елде жаңа үкімет басшысы тағайындалғанша Сапар Исаков өз міндетін атқара береді.

XS
SM
MD
LG