Accessibility links

Ердоған Жээнбековтен "гүленшілерді" жазалауды сұрады


Түркия президенті Ердоған Қырғызстан президенті Жээнбековті қарсы алған сәт. Анкара. 9 сәуір 2018 жыл.
Түркия президенті Ердоған Қырғызстан президенті Жээнбековті қарсы алған сәт. Анкара. 9 сәуір 2018 жыл.

Сәуірдің 9-ы күні Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков ресми сапармен Түркияға барды. Сарапшылар бұл сапар соңғы жылдары екі ел арасындағы нашарлап кеткен ахуалдың жақсаруына септігін тигізеді деп санайды.

Бұл - Сооронбай Жээнбековтің Қырғызстан президенті болып сайланғалы ТМД елдерінен тысқары елге жасаған алғашқы сапары.

Түркия Жээнбековті аса жылы шырайман қарсы алды. Жергілікті агенттіктердің хабарлауынша, Түркия Жээнбековты Анкараға өткен аптада сапарлаған Ресей президенті Владимир Путинге көрсетілгендей құрметпен күтіп алған.

Ертеректе Қырғызстан билігі мен ресми Анкара кей мәселелер бойынша ашық дауласып жүрген. Ал Жээнбековтің алдындағы президент Алмазбек Атамбаевтың тұсында Қырғызстан мен Түркия арасындағы ынтымақтастық нашарлап кеткен еді. Дипломаттардың сөзінше, Жээнбеков Түркияға екі ел арасындағы жағдайды жақсарту үшін барған.

Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған мен Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков. Анкара, 9 сәуір 2018 жыл.
Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған мен Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков. Анкара, 9 сәуір 2018 жыл.

Қырғызстан президенті сапарының алғашқы күні, яғни сәуірдің 9-ында Түркия басшысы Режеп Тайып Ердоғанмен кездесті. Кездесу барысында президенттер экономика, инвестиция, ауыл шаруашылығы, спорт, әлеуметтік қамту, ақпарат және баспа салаларында ынтымақтастық орнату туралы екі жақты құжаттарға қол қойды. Құжаттарға қол қою рәсімінен кейін өткен баспасөз мәслихатында Ердоған "Қырғызстан - Түркия үшін орны ерекше ел" деді.

Бұдан бөлек, Түркия президенті Ердоған "2016 жылы әскери төңкерісті ұйымдастырды деген күдікке ілінген" діни қайраткер Фетхулла Гүленнің қозғалысы Қырғызстанға да қатер төндіреді деп мәлімдеп, Қырғызстан президентін "Гүлен қозғалысы мүшелері" мен Анкара діни қайраткермен байланысы бар деп санайтын FETO ұйымына қатысты шара қолдануға шақырды.

- Өкінішке орай, 2016 жылғы төңкеріс жасамақ болғандардың әрекетінен кейін ынтымақтастығымызға сызат түсті. FETO өз ықпалына түсіп қалған адамдар арқылы екі елдің ынтымақтастығын бұзуға тырысты. FETO мүшелері мен оларды қолдайтын адамдар Қырғызстан мен Түркия арасына жік салуға тырысты. Президент Жээнбековтің бүгінгі сапары FETO ұйымының мұндай әрекеттеріне қайтарылған тамаша жауап болады. Осыған байланысты мынаны баса айтқым келеді: FETO ұйымының елдегі немесе шетелдегі соңғы мүшесі өз қылмысы үшін жауапқа тартылғанға дейін Түркия бұл қозғалысқа қарсы күресін тоқтатпайды. Бұл варварлардың емін-еркін әрекет етіп, бостандықта тайраңдауына жол бермейміз. Олардың мойнында 551 азаматымыздың қаны бар. Тағы 29 отандасымыз солардың қолынан мерт болды. Қай жаққа қашып, қай жерде тығылса да оларды құлағынан тартып шығарып, құқық қорғау органдарының қолына береміз. Бұл ұйымның басшыларын ұстау, оларды түп-тамырымен жою президент ретінде екеуміздің тікелей міндетіміз. Өйткені бұл қозғалыс Түркиямен қатар Қырғызстанның да қауіпсіздігіне қатер төндіріп тұр. Бұл ұйым Түркиядағы қазіргі әрекеттерін күні ертең Қырғызстанда да қайталауға тырысады. Екеуіміздің оңаша кездесуімізде, кеңейтілген жиында осы мәселелерді де қарадық, - деді Ердоған.

Сооронбай Жээнбеков пен Режеп Тайып Ердоған.
Сооронбай Жээнбеков пен Режеп Тайып Ердоған.

Ал Сооронбай Жээнбеков Ердоғанның бұл сөзіне жауап қайтарған жоқ әрі "Гүлен мектептеріне" шара қолдануға шақырған өтінішіне өз позициясын айтпады. Қырғызстан президенті Анкараға сапарының жемісті өтіп жатқанын мәлімдеп, Түркия басшысымен екі жақты және халықаралық маңызды мәселелер талқыланғанын ғана айтты.

Жээнбековтың айтуынша, алда Түркиямен ынтымақтастық күшейеді және екі жақты қатынастардың дамуына жаңа серпін берді.​ Сооронбай Жээнбеков қол қойылған құжаттардың ішінен екі ел үкіметтері арасында бекітілген әлеуметтік қамту туралы келісім-шартты ерекше атап, оны "тарихи құжат" деп атады.

- Бүгін біз екі жақты маңызды бірнеше құжатқа қол қойдық. Олардың ішінде Қырғызстан мен Түркия арасындағы әлеуметтік қамту туралы келісім-шарттың тарихи маңызы ерекше. Яғни, екі елде жұмыс істеп, әлеуметтік жарна аударып жатқан азаматтар енді Қырғызстанда да, Түркияда да зейнетақы ала алады, - деді Сооронбай Жээнбеков.

Қырғызстан мен Түркия қатынастарының нашарлауына Фетхулла Гүлен басқаратын "Хизмет" қозғалысына қатысты дау түрткі болған.

2016 жылы Түркия Қырғызстанда "гүленшілердің" ықпалы мықты деп мәлімдеп, ел билігін олардың қызметіне тыйым салуға шақырған. Қырғызстанның сол кездегі басшылығы Анкараның өтінішін орындаудан бас тартқан. Президент Алмазбек Атамбаев "Түркия Қырғызстанның ішкі ісіне араласып отыр" деп сынаған.

Қырғызстанда Гүленнің жақтастары ашқан деп есептелетін бірқатар білім беру, мәдени және қайырымдылық ұйымдары жұмыс істейді. Олардың ішіндегі ең ірісі "Себат" халықаралық білім мекемелері желісі 2017 жылы жергілікті ұйым ретінде қайта тіркеуден өтіп, "Сапат" деген жаңа атау алған.

Оқи отырыңыз: Қазақстан Түркиямен бірлескен оқу орнын "құтқаруға" кірісті

Бұдан кейін Қырғызстан мен Түркия арасы едәуір салқындап, ертеректе бір-бірімен жиі кездесіп жүрген екі мемлекет басшылары кейінгі екі жылда жоғары деңгейде кездесу өткізген жоқ. Сондықтан Қырғызстандағы "Гүлен жақтастарына" қатысты мәселе Жээнбековтің Анкараға сапары кезінде қозғалатын негізгі мәселелердің бірі болады деп болжанған.

Сарапшылардың пікірінше, Қырғызстанның жаңа билігінің бұл мәселеге қатысты позициясы қырғыз-түрік қатынасының болашағына әсер етеді.

Қоғам қайреткері Равшан Жээнбековтің пайымдауынша, Қырғызстан президенті бұл мәселеге қатысты шешім қабылдаған кезде қателікке ұрынбауы тиіс.

- "Себатқа" қатысты мәселені Түркия билігі әуелі өтініш ретінде, кейін талап ретінде қозғады. Екі жақты қатынастардың болашағы енді Бішкектің жауабына тәуелді болады. Егер Қырғызстан билігі Түркияның өтініш-талабын орындауға келіссе, президенттің ел ішіндегі беделіне соққы болып тиеді, - дейді ол.

Саясаткердің сөзінше, Қырғызстанда "Сапат" мекемелері шынымен сапалы білім беретін мектеп ретінде танылған. Бизнесте бұл мектептің түлектері көп.

Видео: Жээнбековтің Анкараға келген сәті

Жээнбековтің Түркияға алғашқы сапары
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:07 0:00

Ал саяси ғылымдар докторы Орозбек Молдалиев Қырғызстан билігі бұл мәселені қалай да шешуі тиіс деп санайды.

- Біз бұл мәселеде икемділік танытуға тиіспіз. Түркия бізді қолдап, жақсы көмек көрсетіп отыр. Олар біздің елдегі білім беру мекемелерінен бөлек, жұмыс істейтін сауда орталықтары мен үкіметтік емес ұйымдар туралы да айтып отыр ғой. Сондықтан олар "Хизмет" қозғалысын қолдай ма, жоқ па соны анықтау керек, Түркиядан бұл жайлы ақпарат сұрату да артықтық етпейді деп ойлаймын. Шынын айтқанда, бұл біздің мүддемізге де қатысты мәселе ғой, - дейді ол.

Оқи отырыңыз: "Ердоған діни риторикамен көп қолдау тапты"

Кейіні жылдары екі ел арасы салқындауының кесірінен Түркия Бішкектегі мемлекеттік тарихи мұражайды жаңарту жұмыстары мен қырғыз-түрік достығы ауруханасын салу жобаларын да тоқтатып қойған.

Бұған қоса, 2015 жылы Қырғызстанда өтеді деп жоспарланған түркі тілдес мемлекеттер кеңесі саммиті де бірнеше рет кейінге шегерілген. Ресми Бішкек себебін хабарлаған жоқ. Жээнбековтің сапары кезінде Түркия президенті Ердоған: "саммитті биыл қыркүйекте Қырғызстан астанасында өткізуді ұйғардық" деп мәлімдеді.

Сооронбай Жээнбековтің Түркияға сапары сәуірдің 10-ы күні аяқталады. Қырғызстан президенті Түркия премьер-министрі мен парламент спикерімен келіссөз жүргізіп, осы елде тұратын қырғыз диаспорасы өкілдерімен кездеседі.

Азаттықтың Қырғыз қызметінің мақаласы

XS
SM
MD
LG