Accessibility links

Халықаралық бақылаушылар Түркия референдумын сынады


Референдум кезінде көшеге шыққан президент Тайып Ердоғанның жақтастары. Стамбул, 16 сәуір 2017 жыл.

Халықаралық сайлау бақылаушылары Түркиядағы президент билігін күшейткен референдумдағы дауыс беру және санау процедурасы бұзылғанын айтты.

ЕҚЫҰ мен Еуропа кеңесінің парламент ассамблеясы (ЕКПА) сәуірдің 17-інде бірлескен мәлімдеме жасап, референдум өткізуге себеп болған заңдық негіздеме "шынайы демократиялық референдум өткізуге лайықты болмағанын" айтты. Түркияның Орталық сайлау комиссиясы сәуірдің 16-сы кешкісін "Иә" деп сайлауға қатысқандардың 51.3 пайызы дауыс бергенін жариялаған. "Иә" немесе Жоқ" деп жауап беретін дауыс беру науқаны кезінде конституцияға 18 өзгеріс енгізу мәселесі алға шықты. Ресми нәтижеге сәйкес жеңіске жеткен президент Тайып Ердоған президенттік республика құрып, елді 2029 жылға дейін басқара алады.

ЕҚЫҰ-ның Демократиялық институттар мен адам құқықтары кеңсесінің басшысы Тана де Зулуета сәуірдің 17-сінде Түркиядағы референдум халықаралық стандарттарға сай өтпегенін мәлімдеді. Ол ЕҚЫҰ стандарт деп таныған "сайлау науқаны кезіндегі еркіндік пен теңдік" принциптеріне қатысты міндеттемелеріне Түркия қарама-қайшы әрекет етті деп санайды. Зулуета елдің оңтүстік-шығыс аудандарындағы бірқатар күрд тұрғындар дәл референдум кезінде басталған қауіпсіздік операцияларының кесірінен үйлерін тастай қашуға мәжбүр болғандарын, дауыс бере алмағандарын айтты. ЕҚЫҰ өкілі сайлауалды науқанына президент пен жоғары лауазымды бірнеше тұлғаның ашық араласып кеткеніне назар аудартты. Зулуета кейбір Түркия басшыларының "Жоқ" деп дауыс бергісі келетіндерді терроризмді жақтаушыларға теңегенін атап өтті. ЕКПА-ның бақылаушылар делегациясын бастап барған Цезар Флорин Преда сәуірдің 17-сінде Анкарада сөйлеген сөзінде дауыс беруші екі тараптың мүмкіндігі тең болмағанын айтты.

"Сайлаушыларға реформаның негізгі аспектілері туралы бейтарап ақпарат жетпеді және азаматтық қоғам ұйымдары қатыса алмады" деді Преда. Ол Түркияда 2016 жылғы шілде айында болмай қалған әскери төңкерістен соң елде төтенше жағдай жарияланып, демократиялық процестің кідіріп қалғанын, мыңдаған адамның қамауға алынуы саяси ахуалды нашарлатқанын, хабар тарату кезінде бір-ақ тарап ақпарат кеңістігінде үстемдік орнатқанын айтты.

ЕҚЫҰ-ның Демократиялық институттар мен адам құқықтары кеңсесінің басшысы Тана де Зулуета
ЕҚЫҰ-ның Демократиялық институттар мен адам құқықтары кеңсесінің басшысы Тана де Зулуета



Преда Түркиядағы дауыс санау процедурасына енгізілген соңғы өзгерістер бақылаудың маңызды тетігін жойғанына, сайлау комиссиясының ресми мөр соғылмаған бюллетеньдерді есепке қосуға құзыретті болып шыққанына нұсқады.

Түркия оппозициясы сәуірдің 16-сында мәлімдеме жасап, мөрсіз бюллетеньдерді санау ісін сөккен. Оппозиция басындағы Республикашыл халық партиясының жетекшісі Кемаль Кылычдароглу бюллетеньдердің 60 пайызын қайта санауды талап еткен. Партия төрағасының орынбасары Бюлент Тезджан референдум нәтижесін заңды деп танымауға, Еуропадағы Адам құқықтары сотына арыздануға шақырған. Түркияның күрдшіл Халық демократиялық партиясы да "Жоқ" деп дауыс бергендердің 3-4 пайыз дауысы ұрланды деп мәлімдеген.

Бірақ елдің Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Сади Гювен оппозиция мен халықаралық бақылаушылардың сын-ескертпесін теріске шығарды. Оның сөзінше, есепке алынған мөрсіз бюллетеньдерді Жоғарғы сайлау кеңесі шығарған, сол себепті мұндай бланкілердің заңдық күші бар.

Сәуірдің 17-сінде Анкарадағы жақтастарының алдында сөйлеген Тайып Ердоған президент билігін күшейтуін қаламаған "әлемдегі қуатты елдерге" қарсы күресуге мәжбүр болғанын айтты.

Түркия президенті Тайып Ердоған референдумда дауыс беріп тұр. Стамбул, 16 сәуір 2017 жыл
Түркия президенті Тайып Ердоған референдумда дауыс беріп тұр. Стамбул, 16 сәуір 2017 жыл



Батыстағы сыншылар Түркия конституциясына енгізілетін жаңа өзгерістер адам құқықтарына қауіп төндіріп, президенттің билігін тым қатты күшейтіп жібереді деп қауіптенеді. Прагадағы Англо-Американ университетінің сарапшысы Пелин Аян Мусилдің пайымдауынша, Ердоғанның мына жеңісінен соң Анкара мен ЕО-ның арасы ашыла түседі. Сарапшы Түркия конституциясын өзгерту "бір адамның диктаторлығына" жол ашып, билік тармақтарының тепе-теңдігін бұзады деп ойлайды.

Сәуірдің 17-інде пікір білдірген Еуропа елдерінің басшылары Түркия референдумын әр қырынан бағалады. Франция президенті Франсуа Олланд түрік қоғамының екіге жарылғанына меңзеп, Анкараны оппозицияның пікірі мен еуропалық құндылықтарды сыйлай білуге шақырды. Германияның канцлері Ангела Меркель Түркия президентін еліндегі барлық әлеуметтік және саяси топтармен диалог орнатуға үндеді. Ал ЕО жетекшілігі Түркияның конституцияға енгізген өзгерістерінің "іс жүзінде қолданылу үрдісі" елдің ЕО-ға мүше болуға қатысты кандидат ретінде мойнына алған міндеттемелері тұрғысынан қадағаланатынын ескертті.

XS
SM
MD
LG