Accessibility links

Назарбаевтың «Түркияға бермейтін» мұғалімдері кетуге мәжбүр


Қазақстанда тұрған түркиялық мұғалім Якуб Доғанай.

Қазақстанды ұзақ жыл мұғалім болып істеген Түркия азаматтары елдеріне қайтудан сескенеді. Президент Назарбаев «жазықсыз азаматтарды Түркияға бермейміз» десе де, жергілікті органдар визасын ұзартпаған соң олар Қазақстаннан кетіп жатыр.

Сарапшылар «Қазақстанда көп жыл тұрып, білім саласына еңбегі сіңген түрік мұғалімдерге саяси баспана немесе Қазақстан азаматтығын беру керек» деп санайды.

«18 ЖЫЛДАН КЕЙІНГІ КӨШ»

Қазақстанға Түркиядан көшіп келгеніне 18 жыл толғанда Якуб Доғанай өзге елге кетуге мәжбүр болды. 1999 жылы қазақ-түрік бірлескен оқу орнына мұғалімдікке келген ол жыл сайын ұзартқан визасын биыл ұзарта алмаған. Қазақстанның көші-қон полициясы оны виза мерзімі аяқталуына байланысты қыркүйектің 26-сында Қазақстан аумағынан шығып кетуді міндеттеген. Кетерінде Азаттық тілшісімен сөйлескен ол «тиісті орындар визасын неге ұзартпағанын түсіндірмегенін» айтады.

- Қазақстанға келгелі Сүлеймен Демирел университетінде жұмыс істедім. Соңғы екі ай Еуразия техноология университеті жұмысқа шақырды. Визамды ұзартуға олар да тырысып көрді, бірақ ештеңе шықпады. Мен сияқты виза ала алмай жүрген 30-40 мұғалім бар. Кейбірінің паспорт мерзімі де аяқталған. Түркия елшілігі жаңа паспорт бермейді, - дейді ол.

Якуб Доғанайдың айтуынша, виза алу қиындығы соңғы бір жылда пайда болған. Ол мұны Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанның Фетхулла Гүлен екеуінің тартысымен байланысты болуы мүмкін деп санайды.

Гүлен қайда, мен қайда? «Гүлен айтты» деп ере беретін жас емеспін, жеке азаматтық көзқарасы қалыптасқан профессормын.
Якуб Доғанай.

- Түркияда Фетхулла Гүленнің жақтастары деп көптеген жазықсыз адамдарды қуғындап жатыр. Бізді де солай сырттай айыптайтын көрінеді. Гүлен қайда, мен қайда? «Гүлен айтты» деп ере беретін жас емеспін, жеке азаматтық көзқарасы қалыптасқан профессормын, - дейді ол.

Якуб Доғанайдың сөзінше, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «қазақ-түрік бірлескен оқу орындарының мұғалімдерін Түркияға ұстап бермейміз» деген сөзіне түркиялық мұғалімдер көп үміт артқанымен іс жүзінде күткендегідей болмаған.

- Үлкені 19-дағы, кішісі 6-дағы төрт балам мен әйелімді алып белгісіз жаққа кету өте ауыр тиді. Қазақстанға бауыр басқан, осы елдің тілі мен мәдениетіне сіңісіп, білім саласында жұмыс істеген, саясатқа араласпаған адамдар едік, - дейді түркиялық ұстаз.

Қазақ-түрік бірлескен оқу орындарында сабақ беретін Якуб Доғанай секілді Түркия азаматтары кез болған мәселелер соңғы кездері ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде жиі талқыланған. Якуб Доғанайдың Facebook парақшасында оны қолдап, пікір қалдырушылардың жиі кездесетіні байқалады.

Қазанның 1-інде Facebook әлеуметттік желісінде Қазақстаннан кетуге мәжбүр болған түркиялық мұғалім Энес Куртайды әуежайдан шығарып салу сәті туралы бірнеше ақпарат жариялады. Онда 1990 жылдардың бас кезінде Қазақстанға мұғалімдік қызметке келген Энес Куртайдың шәкірттерімен қоштасқаны айтылады.

Түркиялық мұғалім Энес Куртай (сол жақтан - екінші) шәкірттерінің ортасында. Сурет жеке мұрағаттан алынды.
Түркиялық мұғалім Энес Куртай (сол жақтан - екінші) шәкірттерінің ортасында. Сурет жеке мұрағаттан алынды.

Таяуда қазақстандық белгілі ғалым Асқар Жұмаділдаевтің «Қазақ әдебиеті» газетіне берген сұ[батында өзі жұмыс істейтін Сүлеймен Демирел атындағы университеттің 20-дан астам мұғалімі саяси жағдайға байланысты жан-жаққа кетіп қалғанын айтқан. Ол Түркиядан келген мұғалімдердің еңбегі жоғары бағалап, олар қызмет ететін оқу орындарының бірі - қазақ-түрік лицейі Қазақстандағы үздік мектеп деп санайтынын білдірген.

Ал «Нұр-Орда» мектебінің қамқоршылар кеңесінің мүшесі, экономист Олжас Құдайбергенов «Қазақстанның Түркияға оралған оқытушылар тергеусіз, сотсыз түрмеде отыр» деп мәлімдеп, түрік мұғалімдерге Қазақстан азаматтығын беруге шақырған.

Павлодар облысында тұратын заңгер Әлібек Смайылов Facebook әлеуметтік желідегі парақшасында Павлодардағы қазақ-түрік лицейінде сабақ беретін екі түрік мұғаліміне ұлттық қауіпсіздік комитеті мен көші-қон қызметінің қызметкерлері «паспорт мерзімінің аяқталуына байланысты қысым жасай бастағанын» хабарлаған. Кейін осы іс бойынша ақпарат құралдарына жауап берген Павлодар облыстық ішкі істер басқармасы «Түркия азаматтарының босқын мәртебесін сұраған өтініші 90 күн ішінде қаралатынын ескерткен».

Азаттық тілшісі Түркияның Қазақстандағы елшілігіне хабарласып, мән-жайды сұрамақ болған еді. Әуелі жазбаша хат жолдауды сұраған елшілік, хатты алғаннан кейін елші Невзат Уяныктың жауап бергісі келмегенін хабарлады. Азаттық тілшісі көші-қон полициясы комитетіне де сұрау хат жолдағанымен, әзірге жауап берілмей отыр.

«ӨЗГЕРГЕН ТҮРКИЯ»

2016 жылы Түркияда болған «қарулы төңкеріс жасауға талпыну әрекетінен кейін» Түркия президенті өзінің бұрынғы серіктесі, кейінгі қарсыласы Фетхулла Гүленді айыптап, оның жақтастары деп саналған адамдарды жаппай қуғындай бастағаны жайлы ақпарат жиі тараған.

Таяуда Түркияда бір айға жуық болып келген блогер Айжан Хамит Азаттық тілшісіне қазіргі Түркияда байқаған жайттарымен бөлісті. Он жыл бұрын Түркияда оқу бітірген ол қазіргі Түркияның өзгергенін айтады.

Түркия ақпарат құралдарында екі мәселе көбірек жазылатын сияқты. Біріншісі - Фетхулла Гүленнің жақтастарын әшкерелеу, екіншісі - мұсылман елдеріне қолдау көрсету.
Айжан Хамит.

- Түркия ақпарат құралдарында екі мәселе көбірек жазылатын сияқты. Біріншісі, Фетхулла Гүлен жақтастарын әшкерелеу, екіншісі - мұсылман елдеріне қолдау көрсету, - дейді ол.

Айжан Хамиттің айтуынша, «Түркия ақпарат құралдарында «гүленшілерді жауапқа тартпайынша тынбаймыз» дейтін айыптау сарыны жиі аңғарылады. Ал тұрғындар әлеуметтік желіде саяси астарлы пікір жазуға тартынады».

Әлеуметтік жазбалары үшін 2016 жылдың жазынан бері 1656 адам ұсталғаны бұған дейін ақпарат құралдарында хабарланған.

Қазақстандағы қазақ-түрік лицейлерінде қызмет етіп, үш жыл бұрын Индонезияға кеткен, қазір Джакарта қаласында тұратын Түркия азаматы Мұстафа Демир Азаттық тілшісімен сөйлескенде Түркиядағы «гүленшілерді жазалау науқаны күшейді» деп сипаттайды.

Қазақстаннан кеткен түркиялық мұғалім Мұстафа Демир.
Қазақстаннан кеткен түркиялық мұғалім Мұстафа Демир.

- Түркиядағы ата-анама бармағаныма үш жыл болды. Онда заң жоқ. Барсақ, қамауға алады. Қазақстандағы қазақ-түрік оқу орындары ғана емес, Индонезияда жұмыс істейтін мұғалімдер де осы кепке түсті. Түркия елшілігі паспортымыздың мерзімін ұзартпай қойды. Қазір Түркия азаматтарының Индонезияда туған балаларының ешқандай азаматтығы жоқ. Индонезия заң бойынша азаматтық бермейді. Бірақ Индонезия үкіметі Түркияға ұстап бермейміз деді. Сонда де сескеніп Еуропаға кетіп жатқан мұғалімдер бар, - дейді Мұстафа Демир.

«Президент және халық» газетінің бас редакторы Марат Тоқашбаев та осыған ұқсас пікір айтады. Түркияға жиі барамын деген ол 2016 жылғы төңкеріс әрекетінен кейін «гүленшілдер» деген айыппен мыңдаған адам түрмеге қамалып, қызметінен қуылды деп санайды.

- Менің білуімше, Қазақстанда білім саласында үздік көрсеткіштерге жетіп, Нұрсұлтан Назарбаевтың қабылдауында болған екі мұғалім Түркияға барған соң қамалып, бірі 25 жылға сотталған, - дейді ол.

Марат Тоқашбаевтың сөзінше, "Президент Нұрсұлтан Назарбаев оларды Түркияға бермейміз десе де, бюрократия әлі кедергі жасап отыр.

- Олар әрі қарай жұмыс істеу үшін виза немесе ықтияр хат керек. Екеуін де ала алмағандар Германиядан, Швеция елшіліктеріне барып босқын статусын сұрауға мәжбүр, - дейді журналист.

Марат Тоқашбаев "Қазақстандағы қазақ-түрік лицейлері 1992 жылдары екі мемлекет басшысының келісімімен құрылғанын, ал Фетхулла Гүленнің аты 2000 жылдар кейін шыға бастағанын" айтады.

Түрік мұғалімдердің жағдайына қоғамда да, билікте де түсіністік бар. Бірақ саяси жауапкершілікті алып, осы мәселені шешетін адам жоқ.
Айдос Сарым.

Саясаттанушы Айдос Сарым «Қазақстанда кемі 14-15 жылдан бері тұрып келе жатқан Түркия азаматтарына саяси баспана беруге немесе «білім саласына сіңірген еңбегі үшін» деген формада 30-40 адамға Қазақстан азаматтығын беруге де болар еді» деп біледі. Оның сөзінше, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев «қазақ-түрік оқу орындарының мұғалімдерін Түркияға ұстап бермейміз» десе де жергілікті бюрократия бұрынғы инерциямен жұмыс істейтінге ұқсайды.

- Түрік мұғалімдердің жағдайына қоғамда да, билікте де түсіністік бар. Бірақ саяси жауапкершілікті алып, осы мәселені шешетін адам жоқ, - дейді ол.

«ЕРДОҒАННЫҢ ТАЛАБЫ»

Түркия билігі бірнеше мемлекетте түрік мұғалімдерінің қатысуымен жұмыс істеп тұрған лицейлерді АҚШ-та тұратын түркиялық теолог және оппозициялық қайраткер «Фетхулла Гүленге қарасты білім беру орындары» деп санайды. Түркия президенті Режеп Ердоған 2016 жылы шілденің 15-і күні бір топ әскеридің төңкеріс жасамақ болып, ондаған бейбіт тұрғынды өлтірген әрекетін де Гүленнен көреді. Ол шілде енгізілген төтенше жағдай аясында Фетхулла Гүленмен байланысы бар деп есептелген Түркиядағы мыңнан астам жеке меншік мектепті жабуды талап еткен.

Фетхуллах Гүлен жетекшілігіндегі «Хизмет» қозғалысының 140 елде оқу орындары бар деген деректер айтылады. Алайда Орталық Азиядағы республикаларда Түркия мұғалімдерінің қатысуымен жұмыс істейтін оқу орындары Фетхуллах Гүленге қатысы барын теріске шығаруға тырысады.

Былтыр шілденің 29-ында Түркияның Қазақстандағы елшісі Невзат Уянык «Гүлен қозғалысы мен оның бөлімшелеріне байланысты ұйымдар Қазақстанда да бар» екенін айтып, Астананы «Фетхулла Гүленмен байланысы бар оқу орындарының қызметін тоқтатуға» шақырған.

2016 жылы тамыздың 6-сы күні Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Анкарада Түркия басшысы Режеп Ердоғанмен кездесуде «Қазақстандағы қазақ-түрік лицейлерінің түрік діни жетекшісі Фетхулла Гүленмен байланысы бар-жоғын тексеру үшін Қазақстан мен Түркияның білім беру саласы мамандарынан арнайы топ құрылатынын» айтқан.

Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған (сол жақта) мен Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Анкара, 5 тамыз 2016 жыл.
Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған (сол жақта) мен Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Анкара, 5 тамыз 2016 жыл.

Ал 2016 жылы тамыздың 18-іне Қазақстан білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев «қазақ-түрік лицейлері - қазақстандық мектептер, олар Қазақстан стандарттары бойынша білім беріп келеді және оларды біз бірнеше рет тексергенбіз. Оларға тағатын кінәрат жоқ. Лицейлер бұрынғыдай жұмыс істей береді» деп мәлімдеген.

Былтыр күзде Қазақстандағы қазақ-түрік лицейлері атауы «Білім-инновация лицейі» болып өзгерген.

Биыл күзде баспасөз жиынын өткізген Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстандағы түрік мұғалімдерінің жайына тоқталған. Ол: «Түрік мұғалімдердің ішінде «төңкеріске қатысы бары дәлелденді» деген 11 мұғалімді қайтардық. Біраз мұғалім шетелге кетіп қалды. Қалғандарын соңғы келгенде Ердоған мырза тағы да сұрады. Дәлелдесеңдер құқық қорғау органдарын бірге қарастырсын. Қылмысы жоқ адамдарды бере алмаймыз дедім. Ердоған келісті» деген.

Қазақ-түрік лицейлері 1992 жылы Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев мен Түркияның сол кездегі президенті Тұрғыт Өзалдың келісімімен құрылған. Қазір Қазақстанда ондай 27 мектеп білім береді. Ол оқу орындарының кейбірінде қыздар мен ұл балалар бөлек, кейбірінде аралас оқиды.

  • 16x9 Image

    Асылхан МАМАШҰЛЫ

    1973 жылы 22 сәуірде дүниеге келген. 1994 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда пединститутын бітірген. 1997-2000 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аспирантурасында оқыған. "Қазақ энциклопедиясы" баспасында (2001-2007), республикалық "Ана тілі" газетінде (2007-2009) , "ABDI-press" орталығында (2009-2010) жұмыс істеген. 2011 жылдан Азаттық радиосының тілшісі.

    Тарихи, саяси мәселелер тақырыбында жазады, белгілі тұлғалардың саяси портреттерін жасайды. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG