Accessibility links

Қазақстан Түркиямен бірлескен оқу орнын «құтқаруға» кірісті


Астанадағы қазақ-түрік лицейлерінің бірі (Сурет KATEV қоры сайтынан алынды).
Астанадағы қазақ-түрік лицейлерінің бірі (Сурет KATEV қоры сайтынан алынды).

Қазақстандағы қазақ-түрік лицейлері енді «Білім-инновация лицейі» деп аталады. Демеушілер атау өзгергенмен, оқу жүйесі бұрынғыша қалатынын мәлімдеді. Сарапшылар лицей идеологиясын сынап, атауын өзгертудің астары бар екенін айтады.

KATEV халықаралық қоғамдық қоры өзіне қарасты қазақ-түрік лицейлерінің (ҚТЛ) атауы өзгеретінін хабарлады.

АТЫ - БАСҚА, ЗАТЫ - БҰРЫНҒЫША

KATEV қоры таратқан мәліметке қарағанда, қор басшылығы, ҚТЛ оқушыларының ата-аналар қауымдастығы және лицей директорларының ұйғарымымен лицей атауына ребрендинг жасалады.

ҚТЛ енді "Білім-инновация лицейі" деп аталады
please wait

No media source currently available

0:00 0:04:45 0:00
Жүктеп алу

Қор енді қазақ-түрік лицейлері «Білім-инновациялық лицейі» деп аталатынын мәлімдеді. Қор ҚТЛ-дің атауын өзгерту «Қазақстан тәуелсіздігінің 25 жылдығымен орайластырылған» деп түсіндірген. KATEV бұл шешімді білім және ғылым министрлігімен бірлесіп қабылдаған.

Шымкенттегі қазақ-түрік лицейлерінің бірі (Сурет KATEV қоры сайтынан алынды).
Шымкенттегі қазақ-түрік лицейлерінің бірі (Сурет KATEV қоры сайтынан алынды).

Қордың баспасөз қызметкері Қанат Сапарғали Азаттыққа ҚТЛ-дің атауы өзгергенімен жұмысы және білім беру бағыты бұрынғыша қала беретінін айтты.

- Білім беру бағдарламасы бұрынғыша сақталады. Қыздар мен ұлдар бұрынғыдай бөлек оқи береді. Тек лицейдің атауы өзгеріп, қазір жаңа атауға алмастыру процесі басталды, - деді ол Азаттыққа.

САЯСАТ ПЕН ИДЕОЛОГИЯНЫҢ ЫҚПАЛЫ

ҚТЛ түлектерінің бірі Алмас Сапарбек бұл атауды өзгертуді Түркияның қазіргі билігінің қысымынан кейін жасалған амалсыз шара деп қабылдайды.

- Қазақ-түрік лицейі Қазақстанда ең беделді білім ордасы болды. Жеке бренд ретінде қалыптасты. Көптеген бала әлі де осы лицейге түсуді армандайды. Бұл - білім беру саласына саясаттың араласқанын көрсетеді, - дейді ол.

Ал саясаттанушы Гүлмира Сұлтанбаева лицейдің атауын өзгертуге алаңдаудың қажеті жоқ екенін, білім сапасы мен ішкі идеологиясына басты назар аудару керектігін айтады.

- Белгілі компаниялардың атауын өзгерту, ребрендинг жасау үрдісі бұрыннан бар. Басты мәселе атауында емес, білімнің сапасында болу керек. Бұл лицейлердің білім сапасының жоғары екені бұған дейін дәлелденген, - дейді саясаттанушы Азаттыққа.

Саясаттанушы Гүлмира Сұлтанбаева. Фотография Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасынан алынды.
Саясаттанушы Гүлмира Сұлтанбаева. Фотография Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасынан алынды.

Дегенмен Гүлмира Сұлтанбаева өзін алаңдататын бір мәселенің де бар екенін айтты.

- Қазақ-түрік лицейлерінің ұлттық идеологияға қаншалықты тәрбиелейтіні маңызды. Өз басым бірнеше лицейді аралап көрдім. Балаларды түріктікке баулу байқалады. Ғимаратта түрік роликтері көрсетіледі, түрік музыкалары ойнап тұрады. Бұл оқу орындарын министрлік жылына бір рет тексереді. Бірақ министрлік бұл лицейлердегі оқу процесін жиі тексеріп, балаларға тәрбие беру жолдарын да қадағалауы керек, - дейді саясаттанушы.

ТҮРКИЯНЫҢ МҮДДЕСІ ЖӘНЕ ҚАЗАҚСТАННЫҢ УӘЖІ

Анкара екі жылдан бері Астанадан «гүленшіл» оқу орындарды жабуды сұрап келеді. 2014 жылы сәуірде Қазақстанның білім және ғылым министрлігі «қазақ-түрік лицейлері жабылмайды» деп мәлімдеген. Соған қарамастан Түркия Қазақстанда осы оқу орнының жабылуына мүдделі.

Ресми Анкара қазақ-түрік, қырғыз-түрік лицейлерін АҚШ-та тұратын түркиялық теолог және оппозициялық қайраткер «Фетхулла Гүленге қарасты білім беру орындары» деп санайды. Түркия президенті Режеп Ердоған биыл шілденің 15-і күні бір топ әскеридің төңкеріс жасамақ болып, ондаған бейбіт тұрғынды өлтірген әрекетін де Гүленнен көреді.

Шілденің 29-ы Түркияның Қазақстандағы елшісі Невзат Уянык «Гүлен қозғалысы мен оның бөлімшелеріне байланысты ұйымдар Қазақстанда да бар» екенін айтып, Астананы «Фетхулла Гүленмен байланысы бар оқу орындарының қызметін тоқтатуға» шақырған еді.

2016 жылы тамыздың 6-сы күні Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Анкарада Түркия басшысы Режеп Ердоғанмен кездесуде «Қазақстандағы қазақ-түрік лицейлерінің түрік діни жетекшісі Фетхулла Гүленмен байланысы бар-жоғын тексеру үшін Қазақстан мен Түркияның білім беру саласы мамандарынан арнайы топ құрылатынын» айтқан.

Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған мен Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Анкара, 5 тамыз 2016 жыл.
Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған мен Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Анкара, 5 тамыз 2016 жыл.

Ал биыл тамыздың 18-і Қазақстан білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев «қазақ-түрік лицейлері - қазақстандық мектептер, олар Қазақстан стандарттары бойынша білім беріп келеді және оларды біз бірнеше рет тексергенбіз. Оларға тағатын кінәрат жоқ. Лицейлер бұрынғыдай жұмыс істей береді» деп мәлімдеді.

«ГҮЛЕНСІЗ» МЕМЛЕКЕТТІК МЕКЕМЕ

KATEV қоры Азаттыққа берген комментариінде қызметінің теолог Фетхулла Гүленге қатысы жоқ екенін мәлімдеді. KATEV-тің тәрбие ісі жөніндегі вице-президенті Нұрбол Төлебаев Азаттыққа ҚТЛ мемлекеттік мекеме екенін, білім және ғылым министрлігі мұғалімдердің ақысы мен коммуналдық қызмет төлемдеріне қаражат бөлетінін айтқан.

Нұрбол Төлебаев KATEV қоры сол ҚТЛ-да істейтін мұғалімдерді жетілдіру жұмысын жүргізетінін, мұғалімдер мен оқу орны басшыларын тауып, білім басқармаларына ұсынатынын жеткізген.

KATEV халықаралық қоғамдық қорының логотипі. (Көрнекі сурет)
KATEV халықаралық қоғамдық қорының логотипі. (Көрнекі сурет)

KATEV халықаралық қоғамдық қоры 1992 жылғы Қазақстан мен Түркия арасындағы келісім бойынша білім мекемелері жұмыстарын Түркиямен үйлестіру үшін 1997 жылы құрылған. Қордың құрылтайшылар құрамы үш адамнан тұрады, олардың барлығы да Қазақстан азаматтары екені хабарланған.

Қазақ-түрік лицейлері 1992 жылы Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев мен Түркияның сол кездегі президенті Тұрғыт Өзалдың келісімімен құрылған. Қазір Қазақстанда 27 қазақ-түрік лицейі білім береді. Лицейлердің кейбірінде қыздар мен ұл балалар бөлек, кейбірінде аралас оқиды.

XS
SM
MD
LG