Accessibility links

Бітімгердің премьерасы


Президент Нұрсұлтан Назарбаев (оң жақ шетте) Нобель сыйлығы лауреаттарымен және танымал экономистермен бірге. Астана, 16 маусым 2017 жыл.
Президент Нұрсұлтан Назарбаев (оң жақ шетте) Нобель сыйлығы лауреаттарымен және танымал экономистермен бірге. Астана, 16 маусым 2017 жыл.

Бүгін Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ресей мен Украина арасындағы шиеленісті реттеуге өз көмегін ұсынды. Бұған қоса бүгін «Бітімгер миссиясы» телефильмі көрсетіледі деп жоспарланған. Азаттыққа берген комментариінде кей сарапшылар Назарбаевтың бітімгер ретіндегі рөлін әр қилы бағалайды.

Бүгін кешке Қазақстан президенті мен «Хабар» мемлекеттік телеарнасының бірлескен жобасы – «Миссия миротворца» («Бітімгер миссиясы») телефильмінің премьерасы өтуі тиіс. Ақорданың баспасөз қызметі таратқан анонсқа қарағанда, фильмде президент Назарбаевтың 2015 жылғы қарашада Сирияда Түркияның жойғыш ұшағы Ресейдің Су-24 бомбалаушы ұшағын атып түсіргеннен кейін ушыққан Ресей-Түркия арасындағы дағдарысты реттеуге қосқан үлесі айтылады. Ол кезде Ресей президенті Владимир Путин мұны терроршылардың сыбайластарының «ту сырттан жасаған соққысы» деп атап, Түркияға бірқатар экономикалық шектеулер енгізген.

ТҮРКИЯ, СИРИЯ, УКРАИНА

Бүгін президент Нұрсұлтан Назарбаев дипломатиялық миссия басшыларымен кездесуінде Ресей мен Батыстың ара қатынасын қалпына келтіру Ресей-Украина дағдарысын реттеуден басталады деп мәлімдеген. Назарбаев туындаған мәселелерді шешу үшін екі жақты да байсалды диалог бастауға шақырып, Қазақстан келіссөз процестерінде араағайындық етуге әзір деп мәлімдеді.

Ертең, яғни шілденің 4-інде Астанада Сирия дағдарысы бойынша халықаралық кездесу басталады деп жоспарланған. Бұл кездесу шілденің 5-інде аяқталуы тиіс. Өткен аптада қазақстандық дипломат Нұрлан Оңжановтың «Миротворец: сирийский узел» («Бітімгер: Сирия түйіні») деген кітабының тұсаукесері өткен. Ол кезде Қазақстан сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов бұл кітап Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Сирия дағдарысын реттеу жолдарын іздеуге көмектесуге бағытталған қарымды қызметіне және Ресей-Түркия жанжалын реттеудегі мемлекет басшысының негізгі рөлін ашуға арналған деп мәлімдеген.


Бұл Нұрлан Оңжановтың мұндай сарында жазылған алғашқы кітабы емес. Екі жыл бұрын – Нұрсұлтан Назарбаевтың 75 жасқа толған мерейтойы қарсаңында Оңжановтың «Бітімгер» деген кітабы жарық көрген. Ол да президент Назарбаевтың бітімгершілік еңбектеріне арналған.

Ертеректе Нұрсұлтан Назарбаев бейбітшілік саласында берілетін Нобель сыйлығына талай мәрте ұсынылған, бірақ ол сол күйі лауреат бола алмады. Биыл бейбітшілік саласындағы Нобель сыйлығына Нұрсұлтан Назарбаевты «АТОМ» жобасының құрметті елшісі, суретші Кәріпбек Күйіковпен бірге ұсынған. Ұсынысты бейбітшілік кеңсесі ғылыми-зерттеу институты директоры Алин Варе жасаған. Швейцарияның Базель қаласында орналасқан институтқа қаржылай көмек көрсететін ұйымдар тізімінде Қазақстан сыртқы істер министрлігі мен «Назарбаев Орталық» мемлекеттік мекемесі де бар.

СЫЙЛЫҚ БЕРІЛСІН

Саясаттанушы Бөріхан Нұрмұхамедов ширек ғасыр бұрын елді ядролық қарусыздандырудан басталған Назарбаевтың бітімгершілік қызметінің көздегені бейбітшілік саласындағы Нобель сыйлығын алу емес деп санайды. Азаттыққа берген комментариінде ол президент Назарбаевтың да, Қазақстан мемлекетінің де бейбітшіл жаратылысы сондай екенін айтты. Бірақ Нұрмұхамедов президент Назарбаев пен Қазақстан мемлекетін бір-бірінен бөле жармай, ажырамас тұтастықта қарастыруға шақырады. Сондықтан Нұрмұхамедовтің пікірінше, Қазақстанның бейбітшіл сыртқы саясатын өзінің жеке имиджі үшін пайдаланғысы келеді деп Назарбаевтан күдіктену дұрыс емес болар еді.

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев, Ресей президенті Владимир Путин және Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Астана, 8 маусым 2017 жыл.
Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев, Ресей президенті Владимир Путин және Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Астана, 8 маусым 2017 жыл.


Айырмашылық пен тұтастық диалектикасын түсіну үшін философ Гегельдің еңбектерін ақтарудың мүлде қажеті жоқ. Тек 100 жылдай бұрын ақын Владимир Маяковский жазған «Ленин десек - партия, партия десек - Ленин тұрар жүректе» деген сөздерін еске алсақ та жеткілікті.

Нұрмұхамедовтің айтуынша, президент Назарбаев жүргізіп отырған бейбітшілікке үндейтін сыртқы саясаттың көп векторлығы оған немесе Путинге, яғни Ресейге не Қытайға ғана ұтымды болмайтынына кепілдік болып отыр. Бірақ оның сөзінше, мұндай саясат Қазақстанға тиімді екені даусыз.

Нұрмұхамедовтің айтуынша, президент Назарбаевтың жұрттың бәрі көріп отырған бейбітшілікке шақыратын халықаралық саясатын ғана емес, ол жүргізіп отырған әрі сыртқы саясат жалғасы болып келетін ішкі тыныштық саясатын да ескеру керек. Оның сөзінше, ел ішіндегі тұрақтылық пен тыныштықты сақтауға бағытталған саясат постсоветтік кей елдер ұрынған азаматтық соғыстан немесе көрші елдермен қарулы қақтығыстардан аман алып қалды. Саясаттанушы Нұрмұхамедов ішкі саясаттың маңызын түсіну үшін 2016 жылы бейбітшілік саласындағы Нобель сыйлығы елдегі көп жылға созылған азаматтық соғысты аяқтауға жұмсаған күш-жігері үшін Колумбия президенті Мануэль Сантосқа берілгенін айтсақ болады дейді.

- Мемлекет басшысы бейбітшілік саласындағы Нобель сыйлығына ұсынуға әбден лайықты деп санаймын, - деп түйіндеді саясаттанушы Бөріхан Нұрмұхамедов Азаттық тілшісімен әңгімесін.

СЫЙЛЫҚ БЕРІЛМЕСІН

Оппозициялық саясаткер Жасарал Қуанышәлиннің пікірі бұған қарама-қайшы. Ол президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бітімгерлік саласына жұмсаған күш-жігерін көбінесе имидж үшін деп бағалайды. Қуанышәлиннің сөзінше, Назарбаев қызметінің бітімгерлік қызметінің мәніне келсек, ол көбінесе президент Владимир Путиннің және Ресейдің мүддесіне қызмет етеді. Мұның себебін Қуанышәлин «Назарбаевтың саяси тіршілігі Путинге тәуелді» деген болжамымен түсіндіреді.

Бірақ Қуанышәлин 2015 жылы Сирияда түріктің жойғыш ұшағы ресейлік бомбалаушы ұшақты атып түсіргеннен кейін Түркия мен Ресей арасында пайда болған жанжалды 2016 жылы реттеуге президент Назарбаевтың қатысы болуы мүмкін екенін жоққа шығармайды. Ол кезде ресми баспасөз Ресей президентімен телефон арқылы сөйлескеннен кейін Түркия президенті Режеп Ердоған Анкара мен Мәскеудің ара қатынасын қалпына келтіруге қосқан «үлесі» үшін Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа алғыс айтты деп хабарлаған.

Бірақ президент Назарбаевтың кей сарапшылар «өте жемісті» деп бағалаған осы бітімгерлік бастамасын да оппозициялық саясаткер Қуанышәлин тағы Ресей мен президент Владимир Путиннің мүддесіне қызмет етті деп бағалайды. Сондықтан Қуанышәлиннің сөзінше, егер президент Назарбаев Ресей мен Украина арасындағы шиеленісті реттеуге үшінші тарап ретінде араласуға тырысса, бәрібір Путиннің мүддесі үшін әрекет ететін болады.

Президент Нұрсұлтан Назарбаев (оң жақтан екінші) ШЫҰ елдері басшыларымен бірге. Астана, 9 маусым 2017 жыл.
Президент Нұрсұлтан Назарбаев (оң жақтан екінші) ШЫҰ елдері басшыларымен бірге. Астана, 9 маусым 2017 жыл.


Қуанышәлин президент Назарбаевтың ішкі саясаттағы әрекеттерін де жоғары бағаламайды. Қуанышәлиннің сөзінше, диктаторлық билігі жылдарға созылған президент Назарбаев саяси және ақпараттық алаңды оппозициялық саясаткерлер мен партиялардан, оппозициялық және тәуелсіз БАҚ-тан түк қалдырмай тазартты.

- Ол саяси кеңістікті тып-типыл етіп тазартты... Ол Қазақстанды үлкен саяси молаға айналдырды. Бұл үшін Нобель сыйлығы емес, Шнобель немесе сол сияқты әлдебір сыйлық беруге болады, - деп түйіндейді Жасарал Қуанышәлин.

Шілденің 6-сынан бастап Қазақстанда Астана күні мен қатар Нұрсұлтан Назарбаевтың 77 жасын тойлауға арналған мерекелік күндер басталады. Жұрт төрт күн демалады.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG