Accessibility links

Сарапшы: "Ердоған Түркияның саяси жүйесін өзгертті"


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (оң жақта) пен Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған. Астана, 16 сәуір 2015 жыл.

Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған Қазақстанға үш күндік сапармен келді. Астанада ол Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесіп, екі жақты келіссөздер өткізеді.

Жексенбі күні Түркия басшысы Астанадағы Ислам ынтымақтастығы ұйымының ғылым және технологиялар жөніндегі бірінші саммитіне қатысады.

Қазақстанға аттанар алдында баспасөзге берген сұхбатында "Қазақстан басшылығымен кездесетінін және ислам ынтымақтастығы ұйымының ғылым және технология бойынша саммитіне қатысып, Мьянмадағы дағдарысты талқылауды көздейтінін" мәлімдеген.

Азаттық тілшісі Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанның Қазақстанға сапарына қарай саяси сарапшы Жұмабек Сарабековпен Түркиядағы қазіргі саяси жағдай туралы сөйлесті.

Азаттық: – 1990 жылдары Түркия Орталық Азиядағы постсоветтік республикаларға экономикалық даму және демократиялық процестер тұрғысынан үлгі секілді көрінетін еді. Қазір олай деуге бола ма?

Жұмабек Сарабеков: – Түркия – экономикасы диверсификацияланған ел. Машина жасау бойынша алдыңғы қатарлы мемлекеттердің бірі. Тұрмыстық техниканы, құрылыс техникаларын да жақсы шығарады. Экономикасын диверсификациялауды бірнеше жылдан бері жоспарлап келе жатқан постсоветтік елдерге бұл жағынан үлгі бола алады. Бірақ Түркия экономикасын кемелденген экономика деуге келмейді. Соңғы жылдары өсу қарқыны бәсеңдеді. Экономикалық үлгісінің тартымдылығы сақталғанымен, проблемалары да байқалып отыр. Соңғы кездері жастар арасында жұмыссыздық ұлғайып келеді. Қазір Түркияның экспортынан гөрі импорты көбірек.

Азаттық: – Түркияның саяси даму бағытын Ердоғанға дейінгі жəне оның кезіндегі деп бөлуге бола ма?

Жұмабек Сарабеков: – Түркия биыл конституциялық реформа нәтижесінде президенттік республикаға айналды. Сөйтіп ұзақ жылдар қалыптасқан парламенттік басқару нысанын өзгертті. Бұл Түркияның саяси жүйесіндегі ойын ережелерін сөзсіз өзгертеді. Бұл тұрғыдан расында да Түркияның саяси жүйесін Ердоғанға дейін және одан кейін деп бөле қарауға болады. Түркия билігінің идеологиялық платформасы өзгеріп, ислам діні оның негізгі бөліктерінің біріне айналды. Тағы бір маңызды мәселе – жаңа конституция бойынша Түркия саяси процесіндегі әскерилердің рөлі төмендетілді. Соңғы 50 жылда Түркия саяси тарихында әскерилер елеулі рөл атқарып келді. Бұдан былай әскерилер мүмкіндіктері күрт азаяды.

Азаттық: – Былтыр жүзеге аспай қалған төңкерісті "биліктің өзі ұйымдастырды, оны Ердоған өз мүддесіне пайдаланды, саяси қарсыластарын қуғын-сүргінге ұшыратты" дейтін пікірлер де бар.

Жұмабек Сарабеков: – Біріншіден, осыған ұқсас алуан түрлі деген конспирологиялық болжамдар тек бұл оқиғаға байланысты емес, басқа да тарихи оқиғаларға байланысты жиі айтылатыны белгілі. Әскерилердің сәтсіз төңкерісінің кесірінен Түркия экономикасы 17 миллиард доллар зардап шекті. Сондықтан билік мұндай қадамға барды деу қиын. Сәтсіз көтеріліс Түркия қоғамындағы қарама-қайшылықты күшейтіп жіберді. Ердоған мен оның командасы сәтсіз көтерілісті пайдаланды деуге болады. Осы оқиғадан кейін әскерилер мен мемлекеттік қызметкерлер саяси қуғынға ұшырағаны рас. Саяси элита мен оппозициялық күштерге біраз тазалау жүргізді. Бірақ оны "Ердоған диктаторлық режим орнатты" деп сипаттауға болмайды. Қалай болғанда да Түркияда тепе-теңдік пен тежемелік жүйесі әзірге жұмыс істеп тұр. Оның үстіне Түркияның Еуропаға жақын орналасқаны да міндетті түрде әсерін тигізеді. Түркияда еуропалық көзқарастағы тұрғындар өте көп. Соңғы референдумда Ердоғанның жақтастары 51 пайызбен ғана жеңгені – соның бір айғағы. Бұл – елдің тең жартысына жуығы еуропалық бағытты қалайды деген сөз. Осыдан бірер ай бұрын Түркияда өзге саяси күштер үлкен шеру өткізіп, Анкараға дейін жаяу келгені, Ердоған билігі оған тосқауыл қоймағаны да елдегі плюрализмнің сақталып келе жатқандығының белгісі болар.

Азаттық: – Түркияның Еуропа Одағына (ЕО) кіруге ұмтылып жүргеніне бірнеше жылдың жылдың жүзі болды. Ердоған бастаған түрік билігі шын мәнінде ЕО-ға қосылуға мүдделі ме?

Жұмабек Сарабеков: – Соңғы кезде ЕО пен Түркия арасындағы келіссөздер тұйыққа тірелді деуге болады. Еуропа тарапынан "Түркия авторитарлы мемлекетке айналып барады, демократиялық принциптерден алыстады" дейтін мәлімдемелер көбейді. Осыған орай Түркияның ЕО-ға кіруі жөніндегі келіссөздерді жалғастырудан Еуропа іс жүзінде бас тартып отыр. Соңғы кезде әсіресе Түркия мен Германия арасындағы қатынас қатты суыды. ЕО пен Түркияның саяси көзқарастарында да қарама-қайшылықтар көбейді. Мысалы, Таяу Шығыс, күрд мәселесі бойынша. Түркиядағы күрдтердің құқығы мәселесінде Еуропа Түркияға сын көзбен қарайды. Анкара Түркиядағы күрдтер тұрмақ Сирия аумағындағы күрдтердің тәуелсіздік алуына қарсы. Бірақ Түркия мен ЕО арасында өткен жылы мигранттарға байланысты маңызды келісім жасалды. Бұл келісім бойынша Түркия Таяу Шығыстағы жанжал аймақтарынан қашқан босқындарды Еуропаға жібермей ұстап қалуы, кейін қайтаруы тиіс. Ол үшін Түркия 3 миллиард доллар көлемінде ақша алады. Түркия сонымен қатар азаматтарына визалық режимді алып тастауды талап еткен болатын. ЕО ақшаны бергенімен, визалық режимді алмай отыр.

Азаттық: – Сұхбатыңызға рақмет.

  • 16x9 Image

    Асылхан МАМАШҰЛЫ

    1973 жылы 22 сәуірде дүниеге келген. 1994 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда пединститутын бітірген. 1997-2000 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аспирантурасында оқыған. "Қазақ энциклопедиясы" баспасында (2001-2007), республикалық "Ана тілі" газетінде (2007-2009) , "ABDI-press" орталығында (2009-2010) жұмыс істеген. 2011 жылдан Азаттық радиосының тілшісі.

    Тарихи, саяси мәселелер тақырыбында жазады, белгілі тұлғалардың саяси портреттерін жасайды. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG