Accessibility links

Ердоғанның С-400-і мен басқа да "ойыншықтары"


Ресейдің Украинадан аннексиялаған Қырым түбегіне орнатқан С-400 зымырандары. 2017 жыл.
Ресейдің Украинадан аннексиялаған Қырым түбегіне орнатқан С-400 зымырандары. 2017 жыл.

Түркия қорғаныс қабілетін Ресей көмегімен нығайтпақ па?

"Ресей әуе қорғанысының С-400 зымыран жүйесін Түркияға сатуға дайындалып жатыр. Түркия бұл зымырандарды сатып алуға әзір". Ресей президенті Владимир Путин мен Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанның татуласқаны жайлы кейінгі айлардағы ақпараттардың мазмұны осы тақілеттес хабарларға толы. ​

Кремльді жақтайтын Ресей сарапшылары "Анкара осындай жолмен НАТО және АҚШ ықпалын азайтуды қалайды" деген пікір айтса, түрік мамандары "бұл - қатардағы қару сатып алу келісімі" дейді.

Түрік сарапшылары "С-400 зымырандарын Ресейден сатып алу Түркия үшін мәжбүрлі әрекет болып отыр, өйткені Анкара сыртқы қауіптерді ескеріп, елдің қорғаныс қабілетін нығайтқысы келеді" деген пікір айтады.

Қару-жарақ саласындағы түрік сарапшылары Түркияның Ресейден С-400 зымырандарын бір дивизион бағасы 500 миллион доллардан сатып алу туралы жоспарын аймақта аумалы-төкпелі тұрақсыз жағдай қалыптасқанымен түсіндіреді. Әскери сарапшы Хакан Кылыч Түркияның әуе қорғаныс жүйелері бар елдердің қоршауында қалғанын айтты.

– Әуе қорғанысы жүйесі Түркияның іргелес көршілері - Грекия, Ресей, Әзербайжан, Армения, Сирия және Иранда бар. Сондықтан, кейінгі 10 жылда Анкара зенит-зымыран қаруларын сатып алуды жоспарлады. Түркия зымырандар қаупімен алғаш рет Парсы шығанағындағы соғыс кезінде ұшырасты. Мұнан соң Түркия әуе қорғанысы қаруларын сатып алуға тендер жариялады, - дейді ол.

Инжирлик әскери әуе күштері базасында орналасқан Түркияның әуе қорғанысы күштері. 2017 жылдың көктемі.
Инжирлик әскери әуе күштері базасында орналасқан Түркияның әуе қорғанысы күштері. 2017 жылдың көктемі.

Тендерді Қытайдың CPMIEC компаниясы ұтып алған. Бұл компаниядан Анкара HQ-9 зенит-зымыран кешендерін 3 миллиард 400 миллион долларға сатып алуды жоспарлаған болатын. Бірақ Түркияға НАТО қысым жасап, бұл сауда тоқтап қалды. Хакан Кылычтың пікірінше, Қытаймен сауда келісімінің саяси астары да болған.

– Қытайдың ол зымырандары баллистикалық зымырандарды атып түсіре алмайтын және НАТО жүйесімен сәйкес келмейтін. Қытайдан HQ-9 зымырандарын сатып алу шешімі Стамбулдағы шерушілерді күшпен қуып таратқаны үшін Еуропа елдері Анкараны жаппай сынап жатқан шақта қабылданған. Тендер келісімі бұзылғаннан кейін Түркия зымырансыз қалды. Қазір Сириядағы соғыста сол елдің аумағында баллистикалық зымырандарды Ресей де, Сирия үкіметі де пайдаланып отыр. Дербес әуе қорғанысы жүйесін жасау мәселесі осы себептермен өзекті тақырыпқа айналды, - дейді Кылыч.

Кылыч Түркияның АҚШ-Германия бірігіп жасаған MEADS зенит-зымыран кешені мен Франция-Италия бірігіп жасаған Aster SAMP/T әуе қорғанысы жүйесіне де тапсырыс беріп отырғанын айтады. Сарапшының сөзіне қарағанда, бұл жерде бір проблема бар - еуропалықтар қаруларына тым қымбат құн сұрап отыр, ал MEADS кешені әлі іске толық қосылмаған.

Түркия НАТО мүшелерінен бағасы көңілге қонымды әуе қорғаныс жүйелерін көп көлемде сатып ала алмай отыр.

– Түркия НАТО мүшелерінен бағасы көңілге қонымды әуе қорғаныс жүйелерін көп көлемде сатып ала алмай отыр. Анкара Ресейге осы себепті назар аударды. Ресейдің бағалары ұнайды, бірақ Түркия С-400 кешенін өз территориясында пайдалана алмайтынын біледі. Өйткені бұл жүйе НАТО-ның ортақ қорғаныс жүйесімен сәйкеспейді. С-400 НАТО радарларынан сигнал қабылдамайды, ал өзінің радары байқағанша тым кеш болуы мүмкін. Меніңше, Анкара С-400 кешенінің біреуін немесе екеуін, ал MEADS жүйесінің екеуін алуы мүмкін. Түркияға НАТО жүйесіне сәйкесетін әуе қорғанысы керек, - дейді Кылыч.

"Анкара Ресейден дайын С-400 кешендерін сатып алуға аса қызықпайды, Түркияға әуе қорғанысы қаруларының технологиясы керек" деген де пікірлер бар. Қорғаныс және ұлттық қауіпсіздік саласындағы сарапшы Арда Мевлют-оглуның пікірінше, "Түркия қазір қорғаныс өнеркәсібін дамытып жатыр. Сондықтан Анкараның мақсаты - жаңа қару түрлерін өзі өндіретін жағдайға жету".

– Бір жағынан Түркия - НАТО мүшесі. Екінші жағынан - тәуелсіз ел, сыртқы саясатын дербес жүргізеді. Түркияға өз мүдделерін НАТО-дан тәуелсіз түрде қорғайтын жүйе керек. Түркияға сол мақсатты қамтамасыз ететін қару-жарақ керек, - дейді ол.

Режеп Тайып Ердоған парламентте сөйлеп тұр. Анкара, 7 маусым 2017 жыл.
Режеп Тайып Ердоған парламентте сөйлеп тұр. Анкара, 7 маусым 2017 жыл.

Сарапшы Хакан Кылыч Мәскеудің ешқашан әскери технологиялар құпиясын Анкараға ашпайтынына сенімді.

- Ресей стратегиялық қаруларды өндіру технологиясын басқа мемлекетке береді деп үміттену – ақымақтық. Ескірген кезде ғана беруі мүмкін. Әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйесі туралы түрік тендерін ұтып алған Пекин дәл солай істеді. Сол кезде қытай тарапы технология трансфері туралы әңгіме қозғаудың керек емес екенін ескерткен. Қазір екі түрік компаниясы әуе қорғанысы жүйесін әзірлеп жатыр, бірақ оларда өте маңызды компоненттердің біразы жоқ, әйтпесе ресейлік С-400 сатып алудың қажеті болмас еді, - дейді ол.

Ресей стратегиялық қаруларды өндіру технологиясын басқа мемлекетке береді деп үміттену – ақымақтық.

Арда Мевлют-оглу тарихты еске салады: Анкараның жеке қорғаныс кешенін дамытуға белсенді қаржы салуына АҚШ-тың Түркияға америкалық қару-жарақты сатпау туралы шешімі себеп болды, 1974 жылы түріктер Кипрге шабуыл жасаған соң АҚШ осындай шешім қабылдаған еді.

- Сол кезде Анкара жеке қорғаныс өнеркәсібі кешенін дамыту туралы ойлай бастады. Қазір Түркия қандай да бір шетелдік эмбаргоға ұшыраған жағдайда өз күшіне сенімді болғысы келеді. Мемлекетке қуаты шетелден келетін қарулар тапшылығын өтейтіндей өнеркәсіп керек. Осы күнге дейін Түркия технологияны дамытудың қажетті деңгейіне жете алмады – экономикалық дағдарыстар мен саяси факторлар кедергі жасап келді. Қазір үкімет қорғаныс өнеркәсібін дамытуды ең басты міндет санайды, сондықтан оған қатты күш салып жатыр. 2016 жылдың шілдесіндегі әскери бүліктен және оған билік пен арнайы қызметтің реакциясынан соң Еуропа Одағы мен АҚШ Анкараға салқын қарайды. Түркияға қару-жарақ пен оның бөлшектерін тасуға ресми эмбарго салынбады, бірақ әлгі оқиғаның әсері бар. Бірқатар елдер Түркиямен әскери ынтымақтас болуды доғарды, - дейді ол.

Сирия шекарасына таяу маңда өткен әскери жаттығуға қатысып жатқан түрік сарбазы. 2017 жылдың маусымы.
Сирия шекарасына таяу маңда өткен әскери жаттығуға қатысып жатқан түрік сарбазы. 2017 жылдың маусымы.

Сарапшы Арда Мевлют-оглу мынадай деректі мысалға келтірді: австриялық AVL List GmbH компаниясы қару-жарақ саласындағы ең заманауи түрік қаруы - қала ішіндегі соғысқа бейімделген Altay AHTтанкісіне қозғалтқыш жеткізуден бас тартты. Бұл танкті жасауға түрік инженерлеріне оңтүстіккореялық мамандар көмектесті. Аталған жағдайдың саясидан бөлек, нарықтық себептері де бар. Түркия қозғалтқыштарды жасау технологиясын беруді талап етті, австриялық мамандар оған келіспеді. Altay AHT танкісіне қажетті моторды жапон концерні Mitsubishi-ден алатын кезде де түріктер технологияны қоса тапсыру туралы талап қойып, жапондар келіспеген болатын.

Ал сарапшы Хакан Кылыч:

Қаруды өздігіміз жасау әзірге қолымыздан келмейді.

- Қаруды өздігіміз жасау әзірге қолымыздан келмейді. Сондықтан Түркия шетелдіктерге жүгінуге мәжбүр. Мысалы,Turkish Aerospace Industries британдық BAE Systems компаниясымен бірге TF-X түрік жойғыш ұшақтарының жаңа үлгілерін әзірлеп жатыр. Технология тапшылығы кесірінен Түркия шетелдік мамандарды шақыруға және шетелден түрлі әскери техника үшін жекелеген бөлшектер сатып алуға мәжбүр. Мысалы, FNSS компаниясының Kaplan MT танкісін түрік инженерлері индонезиялық мемлекеттік қорғаныс өнеркәсібі PT Pindad бірлестігімен бірге жасады. Hürkuş оқу-жаттығу турбиналы-винтті ұшағы да тағы бір сәтті дүние қатарына жатады. Түркияға енді жетпей тұрған бөлшек - мотор. Нәтижесінде ұшақтарға АҚШ-тың Pratt&Whitney компаниясының қозғалтқышы орнатылмақ - дейді.

Бірақ Хакан Кылыч Түркияның өз қару-жарақтарын жасауына "әлеуеті жеткілікті" екенін айтады.

- Kaan жедел-тактикалық зымыранын жасадық, Түркия үшін бұл - үлкен табыс. Kaan-ге әлемдік жетістік деңгейінде қарасақ, керемет деу қиын, тіпті Иранның ұзақ қашықтықты көздейтін зымыраны бар. Дегенмен Kaan-ның экспортқа шығу мүмкіндігі мол, ең алдымен Сауд Арабиясы мен басқа араб елдері алады. Anka ұшақсыз ғарыш кемесі де сондай үміт күттіреді. Cirit зымырандарын сату арқылы да Түркия қару-жарақ экспортері ретінде көрінді. Оны көптеген араб елдері сатып алады. Түрік беренді техникаларына да сұраныс бар, - дейді маман.

Түркия қазір YGLSS атты лазер қаруын жасап жатыр, онымен түріктің әскери кемелерін жарақтамақ. Сол үшін елдің қорғаныс өнеркәсібі министрлігі 35 миллион доллар шамасында қаржы бөлді.

XS
SM
MD
LG