Accessibility links

Берлин Ресейді кибершабуылға айыптауды қолдады


АҚШ Федералдық тергеу бюросы хакерлік шабуылдарға күдікті ретінде іздеу жариялаған ресейлік жеті азаматтың суреттері.
АҚШ Федералдық тергеу бюросы хакерлік шабуылдарға күдікті ретінде іздеу жариялаған ресейлік жеті азаматтың суреттері.

Германия үкіметінің ресми өкілі Штеффен Зайберт АҚШ, Ұлыбритания мен Нидерланд елдерінің Ресейді ГРУ қызметкерлері жасаған кибершабуыл үшін айыптауын қолдайтыны туралы мәлімдеді. Зайберт Кремльді мұндай іс-әрекеттерді доғарып, олар үшін жауапкершілігін мойындауға шақырды.

Бейсенбі күні Нидерланд билігі елден ресейлік әскери барлауының төрт қызметкерін шығарғаны туралы баяндама жариялаған. Голландия билігінің мәлімдеуінше, хакерлер Евгений Серебряков және Алексей Моренец, барлау қызметкерлері Олег Сотников пен Алексей Минин Сирияда химиялық қару қолдануды және Солсбериде бұрынғы ресейлік барлау офицері Сергей Скрипаль мен қызына қарсы қастандық оқиғасын тексеріп жатқан Гаагадағы Химиялық қаруға тыйым салу жөніндегі халықаралық ұйымның штаб-пәтеріне хакерлік шабуыл жасаған, сол тәрізді Донбасс жеріне құлаған малайзиялық Boeing жолаушылар ұшағы апаты бойынша істі тергеудің мәліметтер қорын бұзбақшы болған.

Оқи отырыңыз: Батыс елдері ГРУ-ды айыптады

АҚШ Әділет министрлігі жеті ресейлік ГРУ қызметкерін "кибершабуыл жасаған" деп айыптады. Олардың арасында Нидерланд билігі баяндамасында айтылған төрт кісіге қоса тағы үш адам аталған. АҚШ билігі ол үшеуін 2016 жылғы Америка президенті сайлауына киліккен деп айыптайды. Бұған дейін АҚШ Әділет министрлігі ресейлік №26165 және №74455 әскери бөлімдерде қызмет атқарған 12 ГРУ қызметкерін АҚШ Демократиялық партиясының серверлерін бұзып кірген деп айыптаған.


Нидерланд және Ұлыбритания премьер-министрлері Марк Рютте мен Тереза Мэй Ресейді "әлемдік құндылықтарды таптады" деп айыптады. Олардың бірлескен мәлімдемесінде ресейлік әскери барлаудың ғаламдық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін келісімдерді құрметтемейтіні айтылған. Ұлыбритания сыртқы істер министрі Джереми Хант Лондонның одақтастарымен Ресейге қарсы жаңа санкциялар енгізу мүмкіндігін талқылайтынын хабарлады.

Ресей президенті Владимир Путин әзірге өз елінің әскери барлауын айыптаған мәлімдемелерге жауап қатқан жоқ. Ресей Қорғаныс министрлігі де бұл мәселеге қатысты ешқандай түсініктеме бермей отыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG