Accessibility links

Румынияда "отбасы" туралы референдум өтпеді деп танылды


Румыниядағы конституцияға отбасы туралы өзгерістер енгізу жөніндегі референдумда дауыс беріп тұрған сайлаушы. Бухарест, 7 қазан 2018 жыл.
Румыниядағы конституцияға отбасы туралы өзгерістер енгізу жөніндегі референдумда дауыс беріп тұрған сайлаушы. Бухарест, 7 қазан 2018 жыл.

Румынияда ел конституциясына біржыныстылар некесін заңдастыруды қиындататын түзетулер енгізу жөніндегі екі күнге созылған референдум аяқталды. Референдум өтті деп танылу үшін оған дауыс беру құқығы бар азаматтардың кем дегенде 30 пайызы қатысуы тиіс болатын. Алайда, әрқилы есеп бойынша референдумға қатысқандар саны 20 пайыздан аспады.

Румынияның қазіргі конституциясында неке "ерлі-зайыптылар одағы" деп сипатталады. Референдумды ұйымдастырған консервативтік "Отбасы коалициясы" мен православие шіркеуіне жақын басқа да топтар некенің анықтамасын "ер мен әйел арасындағы одақ" деп атауды талап еткен. Олар референдум өткізуді қолдайтын үш миллион адамның қолын жинаған.

Құқық қорғаушылар мен Еуропа парламентінің бірқатар депутаты бұл бастаманы қатаң сынаған. Олар неке анықтамасын өзгерту Еуропа Одағында маңызды адам құқығы стандарттарын бұзатынын айтады. 2000 жылы Румынияда Еуропа кеңесі және Еуропа Одағының қысымымен гомосексуализм заңды деп танылған. Дегенмен, елде гомосексуалдар некесі тіркелмейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG