Accessibility links

Астанада үлескерлер үйге салған ақшасын қайтаруды талап етті


Үлескерлер "Жағалау" тұрғын үй салу кооперативінің кеңсесіне барып, ақшаларын қайтаруды талап етіп тұр. Астана, 11 қазан 2018 жыл.
Үлескерлер "Жағалау" тұрғын үй салу кооперативінің кеңсесіне барып, ақшаларын қайтаруды талап етіп тұр. Астана, 11 қазан 2018 жыл.

Астанада "Жағалау" көпқабатты тұрғын үй кешеніне ақша салған жиырмаға жуық үлескер уәдесін уақытында орындамаған кооперативінен ақшаларын қайтаруды талап етті. Үлескерлер үй салуға миллиондаған теңге ақша құйғанын, бірақ үйлері бірнеше жылдан бері салынбай жатқанын айтады.

- Үй салынбаса енді ақшамды алуым керек қой. Басқа жерден үй алып жатырмын. Соған салып жатырмын, - деді Астана тұрғыны Гүлбаршын Бекбосынова.

Астаналық Жұмабек Тлябов те төрт жыл бұрын Астанадағы "Жағалау төрт" тұрғын үй кешенін салуға он бір миллионнан астам теңге қаражат құйғанын айтады. Бірақ құрылыс келісім-шартта көрсетілген уақыттан бірнеше жылға кешіккен. Былтыр Астана соты құрылыс кооперативіне үлескер ақшасын қайтаруды міндеттеген. Бірақ қазірге дейін он бір миллион теңгенің сегіз миллионы ғана қайтарылған.

Үлескерлермен сөйлесуге келген "Жағалау" тұрғын үй салу кооперативінің төрайымы Орынжан Мұқтаеваның дерегінше, "Жағалауға" ақша салған 800 үлескедің екі жүз елуі ақшаларын қайтаруды талап еткен. "Қазірге дейін жүз жиырмадан астамының ақшасын қайтардық. Қалған кісіліердің ақшасы жыл соңына дейін қайтарылады" дейді ол.

Кооператив жетекшісі "Жағалау" тұрғын үй кешенін Астана әкімдігіне қарасты "Елорда құрылыс" компаниясымен бірлесіп салып бітірмек екенін айтады. Көпқабатты үйді тапсыру мерзімі енді 2019 жылдың мамырына белгіленген.

Астанада осындай құрылысы уақытында аяқталмаған елуден астам тұрғын үй кешені, уәделі пәтерлерін күтіп жүрген он мыңға жуық үлескер бар. Бұдан бұрын ел президенті Назарбаев Астанадағы құрылысты аяқтау үшін бюджеттен қырық миллиард теңге бөлінетінін мәлімдеген. Қазірге дейін сол қаражаттың төрт миллиарды бөлінген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG