Accessibility links

"Астана ЛРТ" жұмысшылары жалақысын тағы да талап етті


Астанадағы қала ішіндегі жеңіл теміржол құрылысы. 16 қазан 2018 жыл.
Астанадағы қала ішіндегі жеңіл теміржол құрылысы. 16 қазан 2018 жыл.

Астанада қала ішіндегі жеңіл теміржол (ЛРТ) құрылысын салып жатқан бірнеше жұмысшы мен фирма өкілдері қытайлық мердігер компанияның өздеріне жалақы төлеуін талап етті. Құрылыстағы бас мердігер қытайлық China Railway компаниясымен құрылыс жүргізуге келісімшарт жасастық деген фирмалар жұмысшыларына алды сегіз айдан, арты алты айға жуық уақыттан бері жалақы алмағанын айтады. Жұмысшылар құрылыстың Сығанақ көшесіндегі бөлігіне жиналды.

Жұмысшы Қанат Төлебаев өз экскаваторымен жұмыс істеп жатқанын, айлық алмағанына сегіз ай болғанын айтты.

- 10 миллион теңгедей алатын ақшам бар. Қыркүйектің ортасында жиналыс болды. Ол кезде ЛРТ-дан, Қытай компаниясынан, әкімдіктен өкілдер болды. Олар "Астана банкі" банкрот болды деп, мәселені банкке бұрып жатыр. "Қытай жағы ақша аударған, бірақ соны банктен шешкенше кешігеді, қыркүйектің соңына дейін төлейміз" деп қағаз жазып берген. Оған дейін шыдадық, сосын қазанның 15-іне дейін тағы ұзартты, - деді Қанат Төлебаев.

Өзін South Swing фирмасының өкілімін деп таныстырған Ескендір Жақсылықұлы Қытайдың China Railway компаниясымен келісімшарт жасасып, өз техникаларымен жұмыс істеп жатқанын айтады.

- 16 техникамызбен - кран, экскаватор, автобус, су таситын көліктерімізбен жұмыс істеп жатырмыз. Компания біздің өзімізге 130 миллион теңге қарыз. Жұмысшыларға уәде беріп біттік. Ақша бере алмай отырғанымызға алты ай болды. Жұмысшыларға аванс беру үшін мініп жүрген көлігімді саттым. техникаларға жанармай құюымыз керек. Енді оған шамамыз жоқ, - деді ол.

Жақсылықұлы бұған дейін прокуратура, еңбек инспекциясы әкімдік, ЛРТ өкілдері қатысқан екі-үш жиналыс болғанын, бірақ ақша әне-міне болады деп осы күнге дейін сөз беріп келгенін айтты.

Оқиға орнына барған Астана қалалық мемлекеттік еңбек инспекторы қызметкері Ерік Сабиев ЛРТ-дағы қаржылық жағдайды бірінші рет естіп отырғандарын, бұған дейін ЛРТ-да бұндай жағдай болмағанын айтты. Ол "Жұмысшылар инспекцияға жазбаша арызданса, біз мәселеге араласамыз. Егер мәселе осы жерден шешілсе, онда ешнәрсе істей алмаймыз" деді.

ЛРТ құрылысын салып жатқан жұмысшылар биыл маусымда да бірнеше ай жалақы алмағанын айтып, ақшаларын төлеуді талап еткен. Жұмысшылар ақшадан әбден тарыққанын айтып, жалақы берілмейінше жұмысқа шықпайтынын мәлімдеген.

Жоба бойынша, Астанадағы жеңіл теміржол құрылысы 2020 жылдың желтоқсанында аяқталмақ.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG