Accessibility links

Алматыда әйелдері түрмедегі күйеулерінің "соққыға жығылғанын" мәлімдеді


Алматы облысының Заречный кентіндегі ЛА колонияларда жазасын өтеп жатқан тұтқындардың туыстары мен "Сотталғандар құқығын қорғау коалициясының" өкілдері баспасөз мәслихатын өткізіп отыр. Алматы, 17 қазан 2018 жыл.
Алматы облысының Заречный кентіндегі ЛА колонияларда жазасын өтеп жатқан тұтқындардың туыстары мен "Сотталғандар құқығын қорғау коалициясының" өкілдері баспасөз мәслихатын өткізіп отыр. Алматы, 17 қазан 2018 жыл.

Қазанның 17-сі күні Алматыда бірнеше әйел түрмеде отырған күйеулерінің соққыға жығылғанын мәлімдеді. Алматы облысы Заречный кентіндегі ЛА155/12 түзету мекемесінде жазасын өтеп жатқан Аманжол Тұраровтың әйелі Аяжан Сүлекеева күйеуі колониядағы санитарлық бөлімде жатқанын айтады.

- Күйеуімді қазанның 3-і күні басқа колониядан ЛА155/12 мекемесіне әкелген күні қатты ұрып-соққан. Мен ол туралы ертесінде естіп, қазанның 5-інде адвокат онымен кездесуге барғанымен, колония басшылығы рұқсат бермеді. Үш күннен кейін оның Қапшағай қалалық ауыруханасына келе жатқанын естіп, сонда бардым. Бірақ мені онымен сөйлестіруге рұқсат бермей, конвоймен алып кетті. Күйеуім аяғында әрең тұрды, ол екі жағынан екі конвой демеп кетіп бара жатты, - деді Аяжан Сүлекеева.

Алматы облысының Заречный кентіндегі ЛА155/12 колониясында жазасын өьтеп жатқан Аманжол Тұраровтың әйелі Аяжан Сүлекеева. Алматы, 17 қазан 2018 жыл.
Алматы облысының Заречный кентіндегі ЛА155/12 колониясында жазасын өьтеп жатқан Аманжол Тұраровтың әйелі Аяжан Сүлекеева. Алматы, 17 қазан 2018 жыл.

Оның сөзінше, күйеуі екі күн сол ауруханада жатқан, қазір түзету мекемесінің санитарлық бөлімінде болғанымен, ешқандай ем қабылдап жатқан жоқ. Әйел күйеуінің соққыға жығылғаны жайлы прокуратура, Ішкі істер министрлігі мен Қылмыстық атқару жүейсі комитетіне арызданған, алайда әзірге ешқандай жауап келмеген.

Бұл жайтқа қатысты Азаттыққа жауап берген түзету мекемесінің жетекшісі Сырымбет Нұрмұхамбетов тұтқындардың туыстары айтқан айыптарды жоққа шығарды. Оның сөзінше, тұтқынның "жүрегі айнып, өзін жайсыз сезінгендіктен ауыруханаға апарған".

"Сотталғандар құқығын қорғау коалициясы" өткізген жиынға ЛА-155/14 түзету мекемесінде жазасын өтеп жатқанда ауыруханаға түсіп, кейін қайтыс болған Қайрат Егімбаевтың да туыстары қатысты. Олар Егімбаевтың қайтыс болғанына екі ай өткеніне қарамастан, бұл іске жауапты адамдар табылмағанын, жасалған сараптамалар күмән келтіретінін мәлімдеді. Колония басшылығы тұтқын Егімбаевтың "жуынатын бөлмеде құлап ауыруға түскенін" айтқанымен, туыстары "30 см биіктіктен құлаған адам іш-құрылысының барлығы зақымдануы мүмкін емес" дейді.

Оқи отырыңыз: Туыстары сотталушының азапталғанын айтты

Жиынға қатысқан Әзиза Азмаметова да күйеуі Камил Абдуллинмен кездесуге барған кезде түрме қызметкерлері тарапынан түрлі қысым мен шектеу жасалатынын айтты.

Баспасөз мәслихатының соңында жиналғандар Ішкі істер министрлігінен түрмедегі азаптауларды тоқтуды сұрады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG