Accessibility links

Туыстары сотталушының азапталғанын айтты


Айжан Омар, жазасын өтеуші Қайрат Егімбаевтың әйелі. Алматы, 23 тамыз 2018 жыл
Айжан Омар, жазасын өтеуші Қайрат Егімбаевтың әйелі. Алматы, 23 тамыз 2018 жыл

Алматы облысында жазасын өтеуші Қайрат Егімбаевтың ауруханаға түскеніне бір айға жуықтады. Туыстары оның түрмеде «таяққа жығылғанын, төрт операция жасалғанын, жағдайы қиын» екенін айтады. Ал түрме басшылығы сотталушы «биіктен құлап жараланды» деген.

Тамыздың 23-інде Алматыдағы Адам құқықтары мен заңдылықты сақтау бюросында Заречный түрмесінде жазасын өтеуші Қайрат Егімбаевтың туыстары мен адвокаты баспасөз мәслихатын өткізді. Спикерлердің сөзінше, 44 жастағы Қайрат Егімбаев Алматы облысындағы ЛА-155/14 түзету мекемесінде соққыға жығылып, қазір ауруханада әл үстінде жатыр.

- Балам Қайрат, 2017 жылы ақпан айында (Қылмыстық кодекстің 192-бабы, «қарақшылық» бойынша – ред.) істі болып, Тараз қаласындағы түрмеге қамалды. Биыл шілденің 31-і күні Алматы облысына ауыстырылды. Сол күні баламды ұрып соққан. Түрме басшылығы бізге «құлап қалды» дейді. Құлап қалса, бір емес төрт операция жасалмайды ғой?! «Іш құрылысының барлығы езіліп кеткен» дейді дәрігерлер, - деді соттаушылының анасы Күләш Егімбаева.

Күләш Егімбаева, жазасын өтеуші Қайрат Егімбаевтың анасы. Алматы, 23 тамыз 2018 жыл
Күләш Егімбаева, жазасын өтеуші Қайрат Егімбаевтың анасы. Алматы, 23 тамыз 2018 жыл

ҮШ ОПЕРАЦИЯДАН СОҢ ХАБАРЛАУ

Анасының сөзінше, Қайраттың іш құрылысына тамыздың 3, 9 және 13-і күндері операция жасалған. Жағдайы оңалмаған соң тамыздың 15-і күні әйеліне түрменің санитарлық бөлімінен хабарласып, Егімбаевтың ауруханада екенін хабарлаған. Алайда туыстарына онымен кездесуге рұқсат бермеген. Тамыздың 19-ы күні төртінші операция да жағдайын әлі жақсартпаған. Сотталушы Қайрат Егімбаевтың адвокаты Айгүл Баймағамбетова, тамыздың 21-і күні Қапшағай қалалық клиникалық аурухананың жансақтау бөлімінде ауыр хәлде жатқан Егімбаевқа барғанын айтады.

- Егімбаев – қазір жансақтау бөлімінде. Оны қарулы жасақ күзетіп тұр. Олар Егімбаевқа тіпті жақын туыстарын да кіргізбейді. Оны қорқытып тастаған секілді. Егімбаевқа «ешкімге ешқандай шағымым жоқ» деген мазмұндағы арыз жаздыртып алған. Арызында, денесіндегі жарақаттар жуынатын бөлмеде құлағаннан кейін пайда болғаны жазылған. Сарапшының тұжырымдамасы бұны жоққа шығарады. Меніңше, оның сөздеріне сенудің және оны негізге алудың қажет жоқ. Өйткені ол режимді бөлімде, қолы кісенделген күйі жатыр, - деді адвокат.

Айгүл Баймағамбетова, жазасын өтеуші Қайрат Егімбаевтың адвокаты. Алматы, 23 тамыз 2018 жыл
Айгүл Баймағамбетова, жазасын өтеуші Қайрат Егімбаевтың адвокаты. Алматы, 23 тамыз 2018 жыл

Қайрат Егімбаевтың кәмелет жасқа толмаған екі баласы бар. Әйелі Айжан Омардың сөзінше, олар Жамбыл ауданында тұрады. 2017 жылы қылмыс жасаған аймақ Тараз қаласына қарасты болғандықтан ол Тараз қаласындағы түрмеде болған.

- 2017 жылы алты жылға сотталды, Таразда бір жарым жыл отырды, ол колонияда тәртібі де, жағдайы да жақсы болатын. Тамыздың 30-ы күні маған телефон шалып, «Заречныйға ауыстырып жатыр, 15 күн карантинде боламын, сосын хабарласамын» деді. Содан кейін тек 15 күннен кейін осындай хабар келді. Кешке келдік, кіргізді. Оны көру мүмкін емес, ит сияқты төсекке кісендеп қойыпты, көзі көгерген, басында ісік, ішінің бәрі жарылған. Олар (түрме басшылығы – ред.) 15 күн ішінде жазылып кетеді, тігіп-тігіп қайтадан түрмеге қамай саламыз деп ойлады, тек жағдайы нашарлап бара жатқан соң амал жоқ бізге хабарласты, - дейді жазасын өтеушінің әйелі.

«ҚЫЗМЕТТІК ТЕКСЕРУ ЖҮРІП ЖАТЫР»

Азаттық тілшісі Қайрат Егімбаевтың туыстарының шағымына қатысты Алматы облысындағы ЛА-155/14 түзету мекемесіне хабарласқанымен ешкім жауап бермеді. Мекеме басшылығы мен кезекші бөлімде телефон тұтқасын ешкім көтермеді.

Ал ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің (ҚАЖК) баспасөз қызметінің өкілі Ғалымжан Хасенов, бұл іс бойынша хабардар екен жеткізді.

Қайрат Егімбаев, жазасын өтеуші. Адвокаты Айгүл Баймағамбетова түсірген сурет. Қапшағай, 21 тамыз 2018 жыл
Қайрат Егімбаев, жазасын өтеуші. Адвокаты Айгүл Баймағамбетова түсірген сурет. Қапшағай, 21 тамыз 2018 жыл

- Егімбаевтың ауруханаға түскені туралы факт пен оның әйелінің арызы ІІМ-нің есеп кітабына тіркелді. Қазір тексеру жұмыстары басталды. Тексеруді Алматы облысының қылмыстық атқару жүйесі департаменті жүргізіп жатыр. Бұған қоса қызметтік тексеру де жүріп жатыр, - деді Ғалымжан Хасенов.

Хасеновтің сөзінше, сотталған азаматты ауруханаға жатқызу мәселесін мекеменің медициналық бөлімі мен қылмыстық атқару жүйесінің қауіпсіздік қызметкерлері тексереді.

- Бұл Егімбаевқа қатысты да [қарастырылатын шара], ол ауруханаға түскен күні-ақ біз тексеруді бастап кеттік, - деді Хасенов.

ҚАЖК өкілінің сөзінше, тексеру кем дегенде он күн болады. Әзірге нәтижесі қашан шығатыны белгісіз.

Заречный түрмесі. Көрнекі сурет
Заречный түрмесі. Көрнекі сурет

Алматыдағы баспасөз жиынына қатысқан тағы бір адвокат Ербол Әмірхановтың сөзінше, бұл – Заречныйдағы ЛА-155/14 түзету мекемесіндегі жыл басынан бергі төртінші ұрып-соғу оқиғасы. Әмірхановтың дерегіне қатысты ҚАЖК өкілі комментарий берген жоқ.

Азаптауға қарсы үкіметтік емес ұйымдар коалициясы Қазақстан халықаралық азаматтық және саяси құқық пактісі мүшесі ретінде өз азаматтарының, оның ішінде жабық мекемелердегі азаматтарының өмірін қорғау жөнінде міндеттеме алғанын ескертіп, тергеу органдарын бұл істі шұғыл, жан-жақты әрі әділ тексеруге шақырады. Қазақстан билігі аракідік түрме әкімшілігі қызметкерлерін «өкілетін асыра пайдаланғандары үшін» қылмыстық жауапқа тартады, бірақ көп жағдайда азаптау фактілерін теріске шығарады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG