Accessibility links

Amnesty International: Азаптаумен күрес реформалары қағаз жүзінде қалған


Қазақстан түрмелерінің біріндегі азаптау оқиғасы жайлы видеодан көрініс.
Қазақстан түрмелерінің біріндегі азаптау оқиғасы жайлы видеодан көрініс.

Amnesty International ұйымы «Қазақстанда азаптау құрбандарына арналған әділ сот төрелігі жоқ» деп мәлімдейді. Мәлімдемені қазақстандық құқық қорғаушылар мен кей адвокаттар да құптайды. Биліктің пікірі өзгеше.

Бүгін Алматыда Amnesty International халықаралық құқық қорғау ұйымы «Тұйыққа тірелген сот төрелігі: Қазақстанда азаптағаны үшін жазаланбайды» деген баяндамасын таныстырды. Елдегі азаптау фактілерін тексеруге қатысты ахуалды талдаған баяндамада Қазақстан билігі күштік органдар мен түрме жүйесі қызметкерлерінің азаптау және қатігездік әрекеттері жайлы хабарламаларды дұрыстап тексеру міндетін атқара алмай отыр деп көрсетілген.

АЗАПТАУ ШАҒЫМЫН «ӨТІРІК» САНАЙДЫ

Amnesty International ұйымының Орталық Азия жөніндегі сарапшысы Джоанна Хоаре әділ сот төрелігіне жүгініп, бірақ сол күйі әділдікке жете алмаған азаптау құрбандарын мысалға келтірді. Олардың кейбірі әділдікке жете алмаған күйі көз жұмған.

Азаптауға қатысты шағымдарды қараудың мүлде жабық жүйесі азаптау құрбандары мен олардың адвокаттарын көбінесе бюрократтық сергелдеңге салып қояды. Оның айтуынша, Қазақстан билігі азаптауға қатысты шағым алса, оларды өтірік шағым деп қарайды.

Amnesty International ұйымының Орталық Азия жөніндегі сарапшысы Джоанна Хоаре. Алматы, 3 наурыз 2016 жыл.
Amnesty International ұйымының Орталық Азия жөніндегі сарапшысы Джоанна Хоаре. Алматы, 3 наурыз 2016 жыл.

– Олар азаптаған адамдарға көбірек сенеді, – дейді Джоанна Хоаре.

Джоанна Хоаре Шығыс Қазақстан облысы түрмелерінің бірінде отырған тұтқын Ескендір Түгелбаевтың басындағы жағдайды мысалға келтіреді. Азаттық оқырмандары оның жағдайынан хабардар: 2015 жылдың мамырында жүргізілген жоспарлы тінту шаралары кезінде оның бас сүйегі сынып, миына зақым келген. Түгелбаевқа дереу операция жасап, Шығыс Қазақстан облысы Семей қаласындағы түрме ауруханасына емделуге жіберген. Кейін оны зембілге салып облыстың Жалғызтөбе кенті түбіндегі түрмеге қайтарған. Оның адвокаты Гүлнәр Жуаспаева толық емделмеген деген талаппен оны түрме ауруханасына қайта жіберткен.

Жуырда Гүлнәр Жуаспаева Азаттыққа Ескендір Түгелбаев түрме ауруханасынан Жалғызтөбе түбіндегі түрмеге кері қайтарылғаны жайлы хабарлаған.

Түгелбаев пен оны адвокатының азаптауға қатысты шағымы бойынша былтыр қозғалған істі тексеру әлі аяқталмаған. Ал түрме басшылығы түрмеге жоспарлы тінту шараларын жүргізу мен сарбаздардың Түгелбаевтың «өмірлік маңызды емес дене органдарына» арнайы құралдарды қолдануы заңды деп мәлімдейді.

СЫРТ КӨЗ

Amnesty International ұйымының Еуропа және Орталық Азия аймағы жөніндегі директоры Джон Далхуисен кінәлі жандарды жазасыз қалдыру мен азаптаумен күрес үшін жауапкершілік жүктелетін белгілі бір мемлекеттік органның болмау факторына тоқталды. Ол елде мамандандырылған прокурорлар институты жұмыс істеуі тиіс деп санайды.

Amnesty International ұйымының Еуропа және Орталық Азия аймағы жөніндегі директоры Джон Далхуисен. Алматы, 3 наурыз 2016 жыл.
Amnesty International ұйымының Еуропа және Орталық Азия аймағы жөніндегі директоры Джон Далхуисен. Алматы, 3 наурыз 2016 жыл.

– Қазақстан билігі қазірдің өзінде арнайы прокурорларға азаптау фактілерін құқық қорғау органдарынан тәуелсіз тексеру міндетін жүктеуді қамтамасыз етіп, азаптау сияқты қатігездік әрекеттері туралы хабарламаларды тексеру барысын қадағалайтын қоғамдық консультативтік кеңесті құқық қорғаушылардың қатысуымен құра алады, – дейді Джон Далхуисен.

Оның мәлімдеуінше, Қазақстанда қылмыстық-процессуалдық кодекске енгізілген жаңа ережелер сияқты азаптаумен күрес реформалары дұрыстап іске аспай, қағаз жүзінде қалған,.

ІШКІ КӨЗҚАРАС

Қазақстанда азаптау фактілеріне қатысты ахуал алаңдатарлық екенін жергілікті құқық қорғаушылар да мәлімдейді. Құқық қорғаушы Татьяна Чернобильдің айтуынша, 2011 жылдан кейін уақытша қамау абақтысы, тергеу абақтылары мен түрмелер сияқты құрылымдық бөлімшелер бір ведомствоға – ішкі істер министрлігі құзырына берілген. Оның айтуынша, мұндай «реформалау» тұтқындардан шағым түскен жағдайда іске қосылатын корпоративтік ымыраластықты күшейтуге ұласқан.

Оның айтуынша, азаптау шағымдарын тексеру кезінде кездесетін кедергілердің бірі - азаптау құрбандары мен олардың адвокаттарын күштік органдар тарапынан қудалау мен қорқытып-үркітуге ұшырауы. Мықты әрі тәжірибелі адвокаттарды тұтқындармен жолықтырмайтын қағдайлар жиі кездеседі.

Қазақстан түрмелерінің біріндегі азаптау оқиғасы жайлы видеодан көрініс.
Қазақстан түрмелерінің біріндегі азаптау оқиғасы жайлы видеодан көрініс.

Бүгін адвокат Айман Омарова Азаттыққа 25 жастағы тұтқын Арсен Ақылбаевтың қазасына байланысты «Өз-өзіне қол салуға жеткізу» бабы бойынша қозғалған істі тексеру мүлде жылжымай жатқанын хабарлады. Ол қылмыстық істі «Азаптау» бабы бойынша қозғауды талап еткенімен, былтыр желтоқсанда бас прокуратурадан «іс осы бап бойынша қозғалды» деген жауап алған болатын.

– Әлі күнге дейін маған да ештеңе хабарлаған жоқ, оның анасынан да жауап алған жоқ, – дейді Айман Омарова.

Алматы облысы Заречный кентіндегі ЛА-155/14 жалпы режимдегі колонияда жеті жыл жаза мерзімін өтеген 25 жастағы Арсен Ақылбаевты соққыға жыққан деген болжам бар.Оны дүркін-дүркін Семей қаласындағы түрме ауруханасына жіберген әрі ол жақта да таяқтап, азаптаған. Ақыры ол жарымжан болып қалған. Былтыр қазанда Ақылбаевты Балқаш қаласындағы жалпы режимдегі колонияға ауыстырған. Бірақ апта өтпей осы түрмеден оның мәйіті табылған. Түрме басшылығы тұтқынның анасына «балаңыз асылып қалды» деп хабарлаған. Тұтқынның анасы мен адвокат Арсен Ақылбаевтың қазасына қатысты ресми уәжге күмәнданады.

Бүгін Amnesty International ұйымының «Тұйыққа тірелген сот төрелігі: Қазақстанда азаптағаны үшін жазаланбайды» деген баяндамасын таныстыру кезінде ұйым атына жыл сайын Қазақстандағы азаптау және өзге қатігездік фактілері жайлы жүздеген хабарлама түсетіні айтылды. Amnesty International ұйымының Еуропа және Орталық Азия елдері бағдарламалары директоры Джон Далхуисеннің айтуынша, мемлекеттің азаптау фактілерін тексеріп, кінәлі жандарды жазаға тартуға дәрменсіздігі азаптау құрбандарын үмітсіздік пен қорлану сезімінде қалдырады.

Қазақстанның түрме билігі «тұтқындардың азаптауға қатысты әр шағымы мұқият тексеріледі» деп мәлімдейді.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG