Әдебиет саласындағы халықаралық Букер сыйлығына Солтүстік Ирландияның жазушысы Анна Бернс ие болды. Оған сыйлық "Milkman" ("Сүт сатушы") романы үшін берілді. Романда Солтүстік Ирландияда 1970 жылдары болған қақтығыс кезіндегі қыздың өмірі жазылған.
Сыйлыққа үміткерлер тізімі 20 қыркүйекте жарияланған. Сыйлыққа Бернстен өзге америкалық жазушылар Рейчел Кушнер мен Ричард Пауэрс, британдықтар Дэйзи Джонсон мен Робин Робертсон және канадалық жазушы Эси Эдугян үміткер болған. Үміткерлер тізіміне енген жазушылардың әрқайсысына екі жарым мың фунт-стерлинг пен өз кітаптарының сыйлық ретінде басылып шыққан нұсқасы беріледі. Анна Бернс 50 мың фунт стерлинг (шамамен 66 мың доллар) ақшалай жүлдеге ие болады.
Халықаралық Букер сыйлығы екі жылда бір беріледі. Сыйлық ағылшын тілді немесе шығармалары ағылшын тіліне аударылған жазушыға табысталады. 2004 жылы тағайындалған сыйлыққа бұған дейін ие болғандар арасында албаниялық Исмаил Кадаре, нигериялық Чинуа Ачебе және америкалықтар Филип Рот пен Лидия Дэвис бар.
Былтыр бұл сыйлықты АҚШ жазушысы Джордж Сондерс "Бардодағы Линкольн" романы үшін иеленген.
ПІКІРЛЕР